Ет сатуға да ептілік керек

Ет сатуға да ептілік керек

Ет сатуға да ептілік керек
ашық дереккөзі
Қазақстан – аграрлық мемлекет. Сондықтан елімізде ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету – басты назарда. Әсіресе, мал шаруашылығына, ет экспортына айрықша көңіл бөлінуде. Өйткені қазіргі уақытта қазақстандық ет өнімдеріне Сауд Арабиясы, Вьетнам сынды елдер қызығушылық танытып отыр. Бірақ еліміздегі фермерлер еттің көп бөлігін көршілес Ресейге экспорттайды. Ал өткен аптада Россельхознадзор 1 қарашадан бастап Қазақстаннан келетін ет өнімдеріне тыйым салды. Бұл еліміздің ет экспорты әлеуетіне кері әсер етпей ме?

Ресей: тойынғандық па, тұқырту ма?

Үстіміздегі жылдың мамыр айында Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев еліміздің 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы мемлекеттік бағдарламасы өзгертілетінін мәлімдеген болатын. Ондағы мақсат – ет экспортына кедергіні азайту. Сол кезде министр тек ет экспортын 2 млрд 600 млн долларға дейін жеткізуге барлық мүмкіндік барын айтқан. Бұл болжам жыл соңына дейін орындала ма? Бұған қазір сенімнен гөрі күмән басымдау. Өйткені Ресей қазақстандық ет өнімдерінен бас тартуда. Ал елімізде жыл басынан бері экспортталған 7 мың тонна еттің басым бөлігі Ресейге жөнелтілген. Қазақ елі өкпе артып отырған Ресейдің федералдық қызметінің мәліметінше, қазақстандық өнімнің шыққан жері анық көрсетілмейді. Олар өз әрекеттерін осымен түсіндіруде. 2018 жылғы 6 айдың көрсеткішіне сәйкес, Қазақстан барлық ет түрі бойынша сыртқа 9,1 мың тонна, оның ішінде сиыр еті – 3,4 мың тонна, қой еті – 1,4 мың тонна, шошқа еті – 0,5 мың тонна және құс еті 3,8 мың тонна саудалаған. Еліміздегі ет экспортының 80 пайызынан астамы Ресей Федерациясының территориясына жеткізіледі. Өткен жылдан бастап Батыс Қазақстан және Жамбыл облысынан Иран Ислам Республикасына үлкен көлемде қой етін жеткізу басталды. Аталған елдерден басқа қазақ еті Армения, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, сонымен қатар Бахрейн, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты Қиыр Шығыс елдеріне экспортталады. Десек те, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев Россельхознадзор жаңылысып кетуі мүмкін екендігін алға тартып отыр. Министрлік мәселенің мәнісін білу үшін Мәскеуге мамандар жіберуге ниетті. Вице-министр Арман Евниев бұл жағдайға қарамай, басқа да нарықтарды үнемі іздеп жүретіндеріне тоқталып, жаңа нарықтар керектігін айтқан. Ал Қостанай облыстық аумақтық ветеринарлық инспекция басшысының орынбасары Елубай Рахатовтың мәліметі бойынша, жыл басынан бері 275 тонна етке 147 ветеринарлық сертификат берілген. Құжатта шикізаттың, яғни, малдың қай жерден әкелінгені нақты көрсетілген. Сондықтан Россельхознадзордың шектеу енгізу туралы мәлімдемесі негізсіз деп отыр ол. Жалпы, елдің солтүстігіндегі ет өндірушілер өнімді негізінен Ресейге экспорттайды. Қостанай облысы 300 тоннаға жуық етті сыртқа шығарған. Соның 200 тоннасы «Терра» ЖШС-не тиесілі. Олар қазір 8 мың ірі қараны бордақылауда. Күзге дейін түліктің санын 20 мыңға жеткізбекші. Бұған дейін кәсіпорын Орынбор ет комбинатына 300 бас ірі қараны тірі салмақпен тапсырған еді. Бордақылау алаңындағы малдың басым бөлігі шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардан сатып алынған.Түліктің түгелінде ветеринарлық анықтама бар. Бордақыға қойылған күннен бастап құлағына электронды чип тағылып, сойылғанға дейінгі ақпарат сонда сақталады. Яғни, малдың қайдан әкелінгені, қандай вакцина егілгені, барлық ветеринарлық әрекеттер жөнінде мәлімет көрсетіледі. Екі жылдың ішінде Ресейдің федералдық қызметі еттің сапасы мен құжаттың тізіміне ешқандай шағым айтпаған. Дегенмен «Терра» ЖШС басшылығы Россельхознадзордың мәліметінен соң, тығырықтан шығар жол іздеуде. Енді кәсіпорын ет сататын жаңа елдер іздестірмек. Тізімдегі алғашқы елдер – Қытай мен Өзбекстан. Бірақ бұл елдерге Қостанайдан ет тасымалдау қиынға соғады. Себебі аталған мемлекеттер бұл өңірден алыс қашықтықта орналасқан. Ал алысқа малды апару көлік жағынан қымбатқа түссе, малдың күйі де төмендеп кетеді. Ресейде қазақстандық етке тыйым салынатын болса, Қостанайдағы «BEESTREAM» кәсіпорны да көрші елдің нарығынан қол үзбек. Аталған ет комбинаты көрші елге айына 100 тоннаға жуық жартылай фабрикаттар мен консервіленген ет жеткізуге алдын ала келісім жасап қойған. Бірақ Ресейдің қазақстандық еттен бас тартуы жағдайды қиындататын түрі бар. Ресейдің қазақстандық ет өнімдерінен бас тартуына не себеп болды? «Қазақстандық өнімнің шыққан жері анық көрсетілмейді» деген жай ғана сылтау емес пе? Естеріңізде болса, бұған дейін Қазақстан көрші мемлекеттегі 36 құс фабрикасының өнімін импорттауға тыйым салған. Өйткені бүгінде талапқа сай келмейтін тауарлардың басым бөлігін елімізге ағылып жатқан импорттық тауарлар құрап отыр. Ал ресейлік құс еттерінің шектелуіне құс тұмауы себеп. Халықаралық эпизоотикалық бюро Ресей Федерациясының Курск, Пенза, Самара облыстарында жоғары потагенді құс тұмауын анықтаған болатын. Шектеу уақыты жыл аяғына дейін сақталмақ. Сондай-ақ, тамыз айында Қазақстан Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ресейден бензин әкелуге тыйым салу туралы бұйрыққа қол қойды. Тыйым үш ай мерзімге енгізілді.

Қытай – басты импорттаушы бола ма?

Елімізде мал шаруашылығы экспортын дамыту мақсатында «2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы» қабылданғаны белгілі. Бұдан өзге, Қазақстан елге асыл тұқымды малдарды әкелу бойынша өз қажеттілігін толық қамтамасыз еткен. Нақты айтқанда, 2011-2016 жылдары елімізде іске асырылған «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында Қазақстанға етті бағыттағы 55 мың бас асыл тұқымды мал жеткізілген. Бүгінде сол малдың өсімі 135 мыңнан асты. Жыл сайын осы шаруашылықтар шағын шаруа қожалықтарына 65 мың бас асыл тұқымды мал сатады. Алға қойылған ендігі міндет – тауарлық мал басын көбейту. Ол үшін біріншіден, тауарлық малды ел ішіндегі шаруа қожалықтарының өзінде өсіру қолға алынуда. Екіншіден, жаңа құрылатын фермерлік шаруашылықтар жылдам өсім алуы үшін шетелден мал әкелу, оның ішінде таза тұқымды малды әкелу бойынша шаралар көзделген. Және оған тікелей несие беру арқылы қаржыландыру механизмі қарастырылып отыр. Аты аталған бағдарламаға сай Қазақстанның ет экспорттайтын басты нарықтарының бірі Қытай деп белгіленді. Қазіргі уақытта Қытай еліне ет экспорттау көлемі жыл сайын 10 есеге өсіп отыр. Сондай-ақ, Қытай елімен мұздатылған қой етін жеткізу бойынша келісімге қол қойылған. Яғни, Қытай нарығы қой еті мен жылқы етін өткізу үшін ашық, ал сиыр етін экспорттау бойынша келісім жасалу үстінде. Атап өтерлігі, бүгінгі таңда қой еті бойынша қазақстандық бес шаруашылық Қытайға өнім экспорттауға құқылы кәсіпорындардың тізіміне енгізілді. Алты кәсіпорынды бал бойынша және он кәсіпорынды балық бойынша тізімге енгізу жоспарланып отыр. Қытаймен сиыр еті, қой, түйеге арналған ветеринарлық, фитосанитариялық талаптар бойынша хаттамаларды мақұлдау көзделген. Шығыстағы алып елдің нарығында күн санап етке сұраныс артуда. Елдің мал шаруашылығымен айналысатын аймақтарындағы мал бағасы да соңғы жылдары төмендеп кетті. Бұл елдегі өндірілетін еттің сапасы тұтынушылар талабымен сәйкеспейтіндігінен болса керек. Себебі Қытайда мал аурулары жиі тіркеледі. Сондықтан, шетелдерден әкелінетін арзан да сапалы ет сұранысты қанағаттандырады. Деректерге қарағанда, 2003 жылға дейін Қытай үшін шетелден келетін сиыр етінің ішінде АҚШ басты ойыншы саналып келген екен. Алайда Қытай тарапынан бір рет жүргізілген тексеру барысында АҚШ-тан енгізіліп жатқан еттің құрамынан құтырма вирусы анықталады. Осыдан соң елге мұхит асып келіп жатқан еттің жолы кесілді. Кейін оның орнын Австралия мен Шри-Ланка басты. Бұлардың қатарына соңғы бірнеше жылда Бразилия мен Уругвай қосылды. Ал енді қытайлықтар қазақстандық ет және ет өнімдеріне деген сұранысты арттырып отыр. Халықаралық MIG корпорациясының жүргізген сараптамасы бойынша, 2014 жылы Қытай нарығына шетелден заңды жолмен 300 мың тонна ет кірсе, контрабандалық жолмен 970 мың тона ет әкелінген екен. Бұл жалпы есеппен салыстырғанда импорттың 76 пайызын құрайды. Соңғы бірнеше жылда Қытай нарығын қазақтың өнімдері де аралай бастады. Әзірге ешкімнен нан сұрап көрмеген Қытай Қазақстанның астығы мен өсімдік майына «құда түскеніне» де біраз жылдың жүзі. Сондай-ақ, екі ел арасында ет саудасы жайлы келісім жасалды. Осы ретте биылдан бастап Алматы облысының шаруалары көршілес Қытай Халық Республикасы мен Иранға ет экспорттай бастайды. Алакөл ауданындағы мал шаруашылықтарының бірі етті бағыттағы Абердин-Ангус пен Герефорд тұқымды сиырларды өсірумен айналысады. Ондағы ірі қара саны 15 мың басқа жетті. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңы мен ет комбинаты салынады. Мұндай өндірістік цикл өз кезегінде шетелдерге тұрақты түрде ет экспорттауға мүмкіндік береді. Жоңғар Алатауының баурайында орналасқан бұл шаруашылыққа бес жыл бұрын Австралиядан 5 мың бас зеңгі баба төлі әкелінген еді. Абердин-Ангус пен Герефорд тұқымды сиырлардың саны бүгінде 15 мыңға жеткен. Бұзаулары ыстық пен суыққа шыдамды келеді.

Экспортты еселеуге не кедергі?

Қытай нарығын жаулап алуға ниет білдіріп, еліміздегі мал шаруашылығына айрықша назар салғанымызбен, ет экспортын еселеуде кездесетін кедергі көп. Мәселен, шаруашылықтар үшін өнімді тасымалдап, шекараға жеткізудің өзі қып-қызыл шығын. Оның үстіне, отандық өнімге сұраныс танытып отырған көрші елдердің санитарлық нормалары әрқилы, ортақ талап жоқ. Осының салдарынан көбіне фермерлер ет тиелген көліктерін кері қайтаруға мәжбүр болады. Бүгінде ішкі нарыққа 450 мың тонна ірі қара мал еті қажет. Мұны жергілікті шаруашылықтар толық қамтамасыз ете алады. Дегенмен ет экспорттау қарқыны төмен. Экспортты еселеуге тосқауыл болар тағы бір жайт – мемлекет беретін субсидия. Айталық, асыл тұқымды малдың төлін және етін сатқан шаруаға мемлекет субсидия төлейді. Бірақ оның талаптары жыл сайын өзгере береді. Шаруалардың айтуынша, бұл құжат 3 немесе 5 жыл мерзімге жасалса, уақыт жағынан үнемді болар еді. Мал шаруашылығындағы маңызды мәселе – ветеринарлық қызмет. Қазақстанда еттi мал шаруашылығын дамыту үшiн бiрiншi кезекте ветеринария саласын дамыту керек. Ветеринарлық қызметті дұрыс жолға қоя алмасақ, ет экспорты туралы айту да әбестік. Қазіргі таңда ет өнімдерінің, оның ішінде сиыр еті мен қой етінің сыртқы саудадағы потенциалы өте жоғары. Қазақстанда ет саласын дамыту үшін не қажеттің бәрі бар. Десек те, жауаптылар кездескен кедергілерді жоюға келгенде салғырттық танытып отырған сыңайлы. Әйтпесе, ет экспортының әлеуетін арттырудың қолға алынғанына талай жылдар өтті. Сол уақыт аралығында аталған олқылықтардың орнын толтыруға болар еді.