Алаш жұрты әу бастан әуе құмар...
Алаш жұрты әу бастан әуе құмар...
ХХІ ғасыр – халықаралық қатынастар мен туризм ғасыры. Әлбетте, Қазақ елі өркениеттің бұл көшінен қалмақ емес. Оның үстіне, Қазақстан – Шығыс пен Батысты жалғаған транзиттік мемлекет, тарихы мен табиғаты жағынан туризмнің төресі болуға лайықты ел. Міне, осы жағдайда әлеуеті жоғары, халықаралық деңгейдегі әуе тасымалдаушы компанияларының атқарар міндеті зор. Бүгінгі таңда Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту іс жүзінде аяқталды.
Тәуелсіздік алған сәттен бері 15 ұшу-қону жолақтары мен 11 әуежай терминалы жөндеуден өтті. Шағын авиацияны дамыту үшін қатты жабынды 5 аэродром және топырақты жабыны бар 11 аэродромды салу және жөндеу қарастырылған.
Сонымен қатар, биыл елімізде әуе көлігімен тасымалдау көлемі 15 пайызға өскен. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында отандық әуе компаниялары 4,6 млн жолаушы тасымалдады. Ал 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстандағы әуе компаниялардың жолаушыларды тасымалдаудан түскен табысы 14,7 пайызға көбейіп, 110,4 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 8 айында еліміздің әуе кеңістігі арқылы ұшқан әрі қызмет көрсетілген ұшақтардың саны 171 845-ке жетті. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 522-ге артық, яғни әуе сапарларының көлемі 5,87 пайызға артты. Қазақстандық әуе компаниялары 66 489 рет, ал шетелдік әуе компаниялары 105 356 рет ұшқан. Белгілі болғандай, еліміздің әуе кеңістігі арқылы 2018 жылдың қаңтар-тамыз айларында тұрақты транзиттік сапарлар саны 76 431-ге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 328-ге артық.
Жалпы, Қазақстан ТМД елдері бойынша әуе тасымалы көрсеткішінен екінші орында тұр. Бүгінгі таңда ұшу қауіпсіздігіне қатысты қазақстандық әуе компанияларынан Еуропалық одақ елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеулер алынып тасталды. Енді 5 отандық әуе компаниясы (Эйр Астана, СКАТ, Комлюкс, КазЭйрДжет және Прайм Авиэйшн) Еуропаға ұшуға толық құқылы. Қазақстанда 53 әуе компаниясы жұмыс істейді. Оның ішіндегі 20 әуе компаниясы коммерциялық әуе тасымалын жүзеге асырады. 32 пайдаланушы авиациялық жұмыстарды атқарады. Мемлекеттік тізілімде 913 әуе кемесі тіркелген. Елімізде әуе кемелерінің саны жыл сайын артып келеді.
Қазақ халқы ғасырлар бойы әуеде құсша қалықтауды арман тұтқан. Осы ретте ұшатын кілем туралы аңыздар туғызды. Қазақстан қалықтаған күміс қанат әуе лайнерлері Алаш жұртының сол арманы орындалғанының шынайы белгісі десек жарасымды.