Мұнай өнімдері биржасы құрыла ма?
Мұнай өнімдері биржасы құрыла ма?
25 қыркүйек күні Данияр Абылғазиннің төрағалығымен «Атамекен» ҚР ҰКП Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің 26-отырысы өтті.
Кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасарлары Елдос Рамазанов пен Рустам Жүрсінов, «KAZENERGY» қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов, «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Рүстем Қабжанов, сонымен қатар салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері қатысты.
Бірінші сөз бастаған Әсет Мағауов хаттамалық тапсырмалардың орындалуы мен «KAZENERGY» қауымдастығының ағымдағы қызметі бойынша есеп берді. Ары қарай «KAZENERGY» кеңесшісі, «Avantgarde Group» ЖШС серіктесі Жанат Мұсабаев «Жанар-жағармай нарығын жетілдіру. Биржалық сауда» тақырыбында баяндама жасады.
«Есептеудің басы жоқ, яғни Қазақстанда жанар-жағармайдың «әділ» құнын анықтаудың тәжірибесі жоқ, сондай-ақ, «ойын ережесі» де қалыптаспаған. Мәселен, бағаға әсер ететін қандай факторларды дәйекті дей аламыз? Және жанар-жағармай нарығының барлық субъектілерінде ресурстарға тең қолжетімділік те жоқ», – деді Жанат Мұсабаев.
Баяндамашының айтуынша, жанар-жағармайды биржалық саудалау механизмін енгізу бүкіл нарыққа бағалық бенчмаркті қалыптастыруға мүмкіндік беріп, биржалық мәмілелер бағасын биржалық емес мәмілелер ретінде нарықтық деп тануға және жанар-жағармай ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде «ЕТС» АҚ Басқарма Төрағасы Құрмет Оразаев Ресей мен Өзбекстанның биржалық нарықты ұйымдастыру бойынша тәжірибесін мысалға келтіріп, биржалық нарықты іске қосудың талаптарына тоқталып кетті.
Жиынға қатысушылар мұнай өнімдерінің ұйымдастырылған тауарлық нарығында әлеуетті қатысушыларды аккредиттеуге қатысты жайтқа назар аударды. Өйткені қатысушылар саны 80-нен астам компания.
«Мұны егжей-тегжейлі талқылау керек деп ойлаймын. Нарықтың барлық өкілдерін, жанар-жағармай, мазут бойынша мүдделі тараптарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілерді басын қосып, осы мәселені шешу керек», – деп ұсынды Данияр Абылғазин.
Күн тәртібіндегі келесі сұрақ – Рүстем Қабжанов экологиялық заңнамадағы өзгерістер мәселесі бойынша ағымдағы жағдай туралы хабарлады. Бүгінде ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық кодекс жобасы мен ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының Тұжырымдамаларын әзірлеуде. Жобаның әзірлемесі жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Скпикер салалық қауымдастықтардың барлық ескертпелері мен ұсыныстары есепке алынды деп атап өтті. Сонымен қатар «KAZENERGY» қауымдастығы «Эрнст энд Янг – консультациялық қызметтер» ЖШС-мен бірлесіп, ЭЫДҰ мемлекеттері тәжірибесін назарға ала отырып экологиялық заңнамадағы өзгерістерге талдау жүргізіп жатыр.
Данияр Абылғазин заңнамаға енгізілген өзгерістерді есепке алып, салалық кәсіпорындар тексерілетін болады, демек, үлкен инвестицияларды талап ететін жаңғырту қажет болатынын айтты.
«Осы спектрде егжей-тегжейлі түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынамын, жан Экологиялық кодекстің салдары қандай болатынын түсіндіру керек. Бизнес өзгерстерге дайын болып, құжатты әзірлеу кезеңіне белсенді қатысқаны жөн», – деп санайды Данияр Абылғазин.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілі жеңіл мұнай өнімдерінің пайдасы туралы баяндама жасады.
Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын, Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары сынақ-өнеркәсіптік пайдалану кезеңінде тұр. Жылдың соңына қарай 300 мың тоннаға жуық жеңіл мұнай өнімдерінің артықшылығы күтіледі.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстанға мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес ҚР-дан жеңіл мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынған болатын. Сондықтан экспортты жаңарту мақсатында осы Келісімге өзгертулер әзірленді. Қазіргі таңда ҚР-да барлық ішкі мемлекеттік процедуралар аяқталған болса, Ресейдегі жағдай Хаттаманы мақұлдау деңгейінде тұр. Ары қарай бұл өзгертілулер ратификациялануы керек. Бұған қоса ҚР Энергетика министрлігі жеңіл мұнай өнімдерінің артылғанын Қырғызстанға тасымалдау бойынша мәселені қарастыруда.
Алайда, экспортқа шығу мәселесі бойынша жеңіл мұнай өнімдері үшін әэкспорттық кедендік баж ставкаларына қатысты түйткіл туындап отыр. Ставка мөлшерін есептеуді қайта қарау керек. Қазіргі таңда экспорттық кедендік баж ставкасының мөлшері 1 тоннаға – 168,88 АҚШ долларын құрап отыр.
«Бензинге және дизель отынына Экспорттық кедендік баж ставкасын мұнайға арналған Экспорттық кедендік баж ставкасына Ресей Федерациясының әдістемесімен ұқсастығымен тікелей байланыстыру қажет. Өйткені кейін орын алған диспропорция салдарынан қазақстандық өнім сыртқы нарықта ресейлік өніммен бәсекеге түсе алмайды», – деп қорытындылады баяндамашы.
Қорытындылай келе Данияр Абылғазин бұл мәселе өзекті екенін, және бағалардың күрт өсуін болдыртпау мақсатында нарықтың өзіне талдау жасау қажеттілігін айтты.