__МаңыздыРуханият

Түрікше сөйлеген «Құс қанаты»

Ұлттық кітапханада халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар түрік тіліндегі «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағының таныстырылымы өтті. Анкарада жарық көрген жинақты оқырманға ұсынған жазушы Якуп Омероғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Bengü» (Бенгү) баспасы.

Салтанатты шараға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев арнайы қатысып, Қазақстанның

Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлының құттықтау хатын оқыды. Онда:

«Сізді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында өтіп жатқан орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар Түркияда түрік тілінде жарық көрген «Құс қанаты» атты кітаптарыңыздың тұсаукесер рәсімімен шын жүректен құттықтаймын.

«Құс қанаты» әңгімелер жинағыңыз түрік оқырмандары тарапынан жылы қабылданып, үлкен қызығушылыққа ие болды. Сонымен қатар, бауырлас ел Сізді Анкарада ашылған «Сүйінбай Аронұлы» атындағы саябақ пен ескерткіш және «Жамбыл» атындағы көшенің ашылуына орай ұйымдастырылған халықаралық конференциялар арқылы да жақсы таниды. Сіздің байсалды баяндамаларыңыз бен тұшымды ойларыңыз екі ел арасындағы мәдени байланысты арттырып, рухани достығымызды нығайта түсті.

Осы орайда Сізге өзімнің ыстық ықыласым мен зор құрметімді жеткізе отырып, шығармашылық табыс және отбасыңызға амандық тілеймін» делінген.

Бұдан кейін Мәлік Отарбаев Нағашыбек Қапалбекұлына түркі мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін Анкарадағы Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының арнайы сыйлығын табыстады. Қордың төрағасы  жазушы Яxия Акенгин. Сонымен қатар, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Актың, Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдастығының төрағасы Осман Баштың және Әлем сөз академиясының төрағасы Хайреттин Ивгиннің құттықтауларын жеткізді.

Тұсаукесер қарсаңында Ыстамбұлдан шығатын «Önce Vatan» (Әуелі Отан) газетінің колумнисі М.Кемал Саллының «Құс қанатындағы әңгімелер», сондай-ақ Анкарадан шығатын «Anayurt» (Анажұрт) газетінің колумнисі Орхан Селеннің «Қазақ жазушысы Нағашыбек Қапалбекұлы» атты сараптамалық мақалалары жарық көрген болатын.

Онда авторлар қаламгердің «Құс қанаты» атты кітабы мен шығармашылық қолтаңбасы туралы, жалпы қазақ әдебиетінің түркі әлеміне тигізер ықпалы жайлы өз ойларын ортаға салады.
–  Жазушы-дипломат Мәлік Отарбаев 25 қазақ жазушысының әңгімелерін аударып, құрастырған «Hüzün Kuşağı – Atayurt’tan Öyküler» (Сырлас буын – Атажұрттан әңгімелер) антологиясынан алғаш рет Нағашыбек Қапалбекұлының «Бір уыс бидай» әңгімесін оқып, үлкен әсер алған едім. Кейін «Құс қанаты» әңгімелер жинағымен танысып шықтым. Біз әдетте түркітілдес халықтардың бірлігі мен ынтымағы туралы жиі айтамыз. Бірақ көп жағдайда барлығы сөз жүзінде қалып қояды. Менің ойымша, түркі ынтымақтастығы саяси-экономикалық келісімдермен шектелмеуі тиіс, мәдени-гуманитарлық салада да қоян-қолтық араласуымыз керек. Халықтарымыз бір-бірімен жақындасуы қажет. Ол үшін ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып, көп оқуға міндеттіміз. Мысалы, бүгінгі таңдағы Түркияның мәдениеті мен дінінің, өркениеті мен ғылымының қалыптасуы жолында Қожа Ахмет Ясауидің алар орны ерекше. Сол сияқты түркі әлемін біріктіретін үлкен идея біздің әдебиет саласындағы ынтымақтастығымызға байланысты өрбігені орынды болмақ. Ол үшін Түркиядағы кітап дүкендерінде түркітілдес халықтардың әдеби кітаптары сатылмайынша, оларға арналған насихат жүйелі жолға қойылмайынша, түркі бірлігі тек қиял болып қала береді. Егер біз өз мақсатымызға жете алсақ, Нағашыбек Қапалбекұлының «Құс қанаты» сияқты әңгімелері түркі әлемі әдебиетіне қосылған үлкен үлес болар еді, –   дейді Орхан Селен.
М.Кемал Саллы өз мақаласында жазушының өмір сүрген ортасы, балалық шағы туралы әңгімелей келе, Нағашыбек Қапалбекұлы өз еңбектерінде ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән беретінін атап өтіпті. «Автордың туындылары көп жағдайда қазақтың шежіресіне, әдет-ғұрпы мен таным-түсінігіне негізделеді. Сондай-ақ Сүйінбай, Абай, Жамбыл сияқты тарихи тұлғаларды танытуды өмірлік ұстаным етіп алған. Әсіресе, туған жері «Қызыл әскер» ауылында өмір сүрген адамдар шығарма кейіпкерлеріне айналған» дейді колумнист. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Гази университетінің оқытушы­сы, ғылым докторы Ж.Кынажы да Құс қанатын» түркі әдебиетімен салыстырып, «Түркі жұрты» журналына мақала жазған еді. Онда қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым жинақтың түркі әлемі әдебиетінің қоржынына түскен құнды дүние екендігі туралы айтқан болатын.

Back to top button