ҚазҰАУ студенттерінің мерекесі Көктөбеде өтті

ҚазҰАУ студенттерінің мерекесі Көктөбеде өтті

ҚазҰАУ студенттерінің мерекесі Көктөбеде өтті
ашық дереккөзі
 2018 жылдың 26 қыркүйек күні Алматы қаласындағы  «Көктөбе» демалыс кешенінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті «Рухани жаңғыру – нұрлы болашақ бастауы» атты Студенттер қатарына қабылдау салтанатын өткізді. Мұндай шараны университет өткен жылы да Көктөбе кешенінде өткізген болатын. Биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, Студенттер қатарына қабылдау рәсімі тамаша табиғат аясында ұйымдастырылды. Мерекелік шара барысында ҚазҰАУ ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов құттықтау сөз сөйлеп, бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде студенттік билет пен сынақ кітапшасының символикалық нышанын тапсырды. Тілектес ЕСПОЛОВ, ҚазҰАУ ректоры: – 90 жылдық тағылымды тарихы бар отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университеті бүгінгі күні Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануды іске асырып, заман талабына сай жаңа бағытта дамуда. Бүгінгі күні университетіміз еліміздегі аграрлық-индустриалды білім мен  ғылыми-инновациялық серпілістің ошағына айналды. Биылғы оқу жылына университетіміз бойынша 3000 адам оқуға қабылданды. Олардың ішінде 600-ден астам магистрант, 126 докторант, 50 «Алтын белгі» иелері бар. Бұл  – бұрынғы жылдармен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Осының өзі  біздің университетке деген зор сенімнің уақыт өткен сайын артып келе жатқандығын көрсетеді. Алматы – білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің, білім қуған арманшыл жастардың қаласы. Сондықтан Көктөбе демалыс кешеніндегі бүгінгі салтанатты шарамыз жастардың есінде мәңгі қалады деп есептеймін. Біздің мақсатымыз – стуенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, оларға рухани тәрбие беріп, Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын азамат етіп тәрбиелеу. Үлкен өмірге жолдама алып отырған бүгінгі студенттеріміз ел болашағына қызмет ететін білікті маман болып шығатынына кәміл сенемін». Салтанаты шарада университет телестудиясында дайындалған егемен еліміздің кешегісі мен бүгінін баяндайтын, ҚазҰАУ тарихынан сыр шертетін көркемсуретті және  шағын деректі фильм көрсетіліп, патриоттық әндер шырқалып, рухты серпілтетін жырлар оқылды. Мазмұнды концерттік бағдарламамен көмкерілетін мерекелік шарада университет жанынан құрылған «Гүлбану» би ансамблінің,  Ұлт аспаптар оркестрі, «Эстрада», «Дәстүрлі ән» үйірмелерінің, әскери кафедраның талантты студенттері мен ұстаздар  қауымы ұлттық нақыштағы әсем ән-күй мен әсерлі билерді орындап, арнай театрландырылған көрініс ұсынды. Студенттерді қабылдау рәсіміне арналған шараға қадірлі қонақ ретінде еліміздің зиялы қауым өкілдері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының басшылары, білім, ғылым, мәдениет саласының үздік қызметкерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, шетелдік қонақтар мен университеттің оқытушылары, студенттері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.