Жаңалықтар

Жамбылда құрылыс жұмыстары жүйелене түсті

ашық дереккөзі

Жамбылда құрылыс жұмыстары жүйелене түсті

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасы Жолдауында: «Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек», делінген болатын. Осыған сәйкес, елімізде сапалы құрылыс жұмыстарын жүргізуге баса мән берілуде. Жамбыл облысында 2018 жылы 107 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланса, қазынадан 27 млрд 259 млн теңге қарастырылған. Оның 39-ы толықтай салынып бітіп пайдалануға берілсе, 51 нысан жыл соңына дейін игілікке беріледі деп күтілуде. Ал қалған 17-і 2019 жылға өтпелі. Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев мәлімдесе, 8 айда атқарылған тірліктер мен алдағы жұмыс жоспарымен журналистерді таныстырды. Биыл 15 білім ошағының құрылысы жүргізілсе, оның бүгінде 9-ы пайдалануға беріліп те қойды. Республика және облыс бюджетінен 4 млрд 169 млн теңге жұмсалған. Қазіргі таңда 1 нысанға байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Ал қалған соғылып жатқан ғимараттар келер жылы ел игілігіне берілмек. Өңірде ірі онкологиялық орталық бой көтеруде, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, 2019 жылы аяқталады деп көзделген. Сонымен қатар, есептік кезеңде 3 нысан пайдалануға берілсе, тағы 6 медициналық мекеме салынуда. Елді мекендерді ауыз сумен қамтуға биыл 8 млрд 295 мың теңге қарастырылып, оған 19 ауыл ауызсуға қол жеткізбек. Байзақ ауданында 3 ауыл таза су ішіп отырса, жыл соңына дейін 8 елді мекенге орталықтандырылған жүйеге қосылмақ. 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, 10-ы пайдалануға берілді. Ал қалған 10-ы жыл соңына дейін салынып бітпек. Бүгінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 78,5 пайызды құраса, жаңа жылға дейін көрсеткішті 80,1 пайызға жеткізу көзделуде. Жеке меншік 29 тасымалдаушы мекеме тіркелсе, 202 бағыт бойынша 1324 дана автобус қызмет көрсетуде. Өткен жылмен салыстырғанда қоғамдық көлік жолаушылары 2 пайызға көбейген. Жүк айналымы да артып отыр. Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы журналистермен кездесіп, брифинг  өткізді. Жиында Әділет Ахатаев жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуге байланысты  мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тартудың тиімділігі түсіндіріліп, Таразда қайта жаңғыртудан өтетін құрылыс нысандарын таныстырды. Бүгінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында 27 нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Оның ішінде облыс орталығындағы бірқатар саябақтар мен аллеялар, Зербұлақ демалыс аймағын абаттандыру, 1000 келушіге арналған салтанат сарайы сынды ірі  жобалардың құрылысы бар. Қазір облыстағы  құрылыс саласында   282  жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Бұл құжаттардың ішінде 135-сі алдынғы жылда  әзірленіп бастаса, 147сі  биылғы жылға тиесілі. Осы құжаттардың ішінде  теріс қорытынды алған  19 жоба бар. Сондықтан жауапты мамандар кеткен олқылықтар бойынша жүйелі жұмыстар атқарып жатқандығын жеткізді. Байзақ ауданына қарасты Мырзатай, Ботамойнақ ауылдық округінің бірқатар оқушылары жаңа оқу жылында су жаңа білім ошағының табалдырығын аттайтын болады. Өйткені, 2 мектеп толықтай күрделі жөндеуден өтсе, Байзақ ауылындағы 300 орындық жаңа мектеп құрылысы тамыз айының аяғында бітпек. Осы және өзге де күрделі құрылыс жұмыстарының қарқыны қалай жүріп жатыр? Мердігер компаниялар жұмысы сапалы әрі уақтылы өткізуге дайын ба? Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңірде іс сапармен болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, бағамдап қайтты. Бекболат Орынбеков бастаған  бірқатар атқамінер лауазымды азаматтар алдымен Мырзатай ауылдық округінде болды. Мұнда жобалық құны 248 млн 807 мың теңгеге Мырзатай орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысы жүруде. . Жоспарға сәйкес 3 ай ішінде аяқталуы тиіс. Бекболат Орынбеков тек қана жұмыстың жылдамдығына емес, сапасына да баса назар аудару керектігін жауапты мамандарға шегелеп тапсырды. Сондай- ақ, тамыз айының аяғына дейін ауыз су халық игілігіне берілмекші. Мердігер компания  құрылыс аяқталып, сыртқы келбетін әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқандықтарын жеткізді.  Әрі қарай топ мүшелері Еңселі Елорданың 20 жылдық мерей тойына орай «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясы аясында ашылған №2 дене шынықтыру сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Жазғы демалыста жасөспірімдер мен балалар  бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында спорт мектебінің күнделікті жұмыс істеп, барлық жағдай жасалуын тапсырды.  Ал Байзақ ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынып, оқу жылының басына дейін кілті табысталады деп күтілуде. Мердігер компанияның сөзіне сенсек, 95 пайыз жұмысы аяқталған.