Жаңалықтар

Қарттар үйі қара шаңырақ па?

ашық дереккөзі

Қарттар үйі қара шаңырақ па?

Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Біріккен Ұлттар Ұйымының 1990 жылғы 15 желтоқсандағы №45/106-қарарына сәйкес бекітілген осы атаулы күннің қарсаңында журналист атаулы қарттар үйінің есігін қаққыштайтыны әмбеге аян. Бір күн барып, сырнайлатып-кернейлетіп кеткенде қапасқа қамалғандай күй кешкен қариялардың жүрегіндегі жараны жаза аламыз ба? Басқа кезде көзге ілінбейтін тіленші шал-кемпірді, аялдамада ұсақ-түйегін сатып отыратын әжей мен ауламызды сыпыратын ақсақалды да осы кезде ғана шарқ ұрып іздейтініміз қалай? Біз осы қазына қарттарымыздың қадіріне жете алдық па? Ата-әжелеріміздің бәрі бейнетінің зейнетін көріп жүр ме? Өз қолымен мәпелеп өсірген ұл-қызының ыстық ықыласынан, немеренің сүйіспеншілігінен қағылып, қарттар үйін қара шаңырағына айналдырған кімдер? Бауыр еті – баласының үйіне сыймаған қарттар өзі берген тәрбиенің «жемісін» жеушілер ме әлде кері кеткен заманның зардабын тартушылар ма?

Қарт десе, әркімнің өз шаңырағына береке кіргізіп, құт дарытып отырған ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты әжесі елестері қақ. Тілеуімізді тілеп, балаларына ақылын, немерелеріне ертегісін айтып, ортамызда аман-есен отыра берсе екен дейміз. Өкінішке қарай, перзент атаулының бәрі ата-анасын алақанына салып аялап отырған жоқ. Өзін мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт беріп өсірген, түн ұйқысын төрт бөлген анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының бақыты, игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін қартайған шағында өзектен тепкен қатыгез балалар да арамызда жетерлік. Әйтпесе, қарттар үйіндегі қариялардың саны жылдан-жылға артар ма еді? Әу баста үй-күйі жоқ қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау мақсатында өткен ғасырдың 50-60 жылдары құрылған мекемелер қуатты ұлы бар ақсақалдың, дәулетті қызы бар кейуананың құтты мекеніне айналар ма еді?

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөй­леген сөзі жүректерді шымырлатқан еді: «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, ата салтымызда болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс», – деген болатын. Міне, Президент осылайша кейбір көрмәдіктердің қатыгездікке бой алдырып, қарт ата-аналарына қасірет шектіруге дейін төмен құлдырағанын қатаң ескертті.

Расында да, мұсылман елдерінде, әсіресе, қазақ қоғамында жалғызбасты қа­рия, қараусыз қалған қарт деген ұғым мүлдем болмаған. Филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының айтуынша, қазақтың ұл-қызы әке-шешесін ешуақытта қамқорлықсыз, назарсыз қалдырмаған. «Алаш баласы үлкендердің «тәрбиесіз, жетесіз» деген сөзінен қорыққан. Өйткені бұл сөздерді ата-анасының да ар-абыройына жағылған күйе деп қабылдаған. Ойда жоқта қателік істелсе, тәрбиелеудің аса қатаң жолын ұстанған. Мұны «тентекті тезге салу» дейді. Дала демократиясы мұны қолдаған. Халқымызда «үлкенді сыйлау» деген дәстүр, қағидат мықтап орныққан. Қазақ қоғамында аға буынның сөзін бөлу, алдын кесу, жолын бөгеу, жаға жыртысу жоққа тән болған», – дейді ол. Содан да болар, кешегі тоқсаныншы жылдарға дейін қазақтың қариялары Қарттар күні деген атаулы күнді қажет етпейтін. Ал бүгін Батыстан келген мерекені асыға күтетін қарт көп. Ет пен жүректен жаралған соң қоғамға керек екендерін жылына бір күн болса да сезінгілері келеді өйткені.

Статистиканы сөйлеткенде...

Аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызілікті зейнеткерлер мен егде тартқан мүгедектерге қол ұшын созып, көмек көрсетуді осы кезеңде ғана ойға алатынымызды мойындауға тиспіз. Бір-бірімізден асып түсіп, қарттар үйіне баруды науқанға айналдырып жіберетініміз де шындық. Қазір Алматыдағы қарттар үйі (ресми атауы – Алматы қалалық Ардагерлер үйі ) келем дегеннің бәрін кіргізе бермейтіні сондықтан. Қалалық әкімдіктің арнайы рұқсатынсыз ешкімді табалдырықтан аттатпайтын болған. Мұнысы құптарлық. Айдан түскендей тілші атаулы қарттар үйіндегі қарияларға жан-жақтан тарпа бас сала алмайды енді. «Мұнда қалай тап болдыңыз?», «Бала-шағаңыз қайда?» деген жаттанды сұрақтарымен жүректері онсыз да жаралы жандардың көңіліне қаяу түсірмейді.

Ардагерлер үйінің директорының орынбасары Нұрзия Ағабекқызының айтуынша, мұндағы қарттар киіммен, күніне төрт уақыт тамақпен қамтамасыз етілген. Зейнетақыларына ешкім қол сұқпайды. Сондай-ақ, медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмектер қарастырылған. 2001 жылы құрылған, қалалық бюджеттен қаржыландырылатын үш қабатты Ардагерлер үйінде жақын туысы болмағандықтан қараусыз қалған немесе кембағал күйге ұшыраған, арнайы күтімге зәру жалғызбасты зейнеткерлер қабылданады. Өздерін бағуға тиісті кәмелетке толған және еңбеккке қабілетті балалары бар зейнеткерлер Ардагерлер үйінде ақысын төлеп тұрады екен. Бұл мекемеде әр тұрғынға тұрмыс жағдайы жасалған бір бөлме, ерлі-зайыптыларға екі бөлме беріледі. Қазір Ардагерлер үйі көмекке мұқтаж 350 қартты қанатының астына алған.

Республиканың түкпір-түкпіріндегі қарт­тар үйлерінде қанша қария бар еке­нін нақты білмейміз. Өйткені әр түрлі дерек көздерінен алынған статистикалық мәлі­меттер қырық құбылған. Қарияларды паналатып отырған әр мекемеге қоңырау шалып, жеке-жеке түгендей алмасымыз анық. Олардың саны біз ойлағаннан тым көп. Сондықтан ақиқат екеніне көзіміз жетпесе де, ресми органдар жариялаған деректерге сүйенбеске лаж жоқ. Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің мәліметі бойынша еліміздегі қарттар үйі 67-ге жетіп, онда 12 мың адам тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында (11 қарттар үйі, 2380 орын) орналасқан. Одан кейінгі орында 1103 орындық 10 қарттар үйі бар Ақмола облысы тұрса, 9 қарттар үйіндегі 1129 егде адамға қамқорлық көрсетіп отырған Қостанай облысы үшінші орында екен. Бірақ өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл цифрларды жоққа шығарған болатын. Ведомство жүргізген зерттеу бойынша қарттар үйінің саны 87-ге, ондағы қариялардың саны 35 мыңға жеткен. Олардың 45,5 пайызын әйелдер қауымы құрайтыны белгілі бол­ды. Бірақ министрлік қамқорлықсыз қал­ған қариялардың қанша пайызы қай ұлттың өкілі екенін жариялаған жоқ.

«Әркімнің ата-анасы – әулиесі»

«Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы» деп Төле би бабамыз бүгінгі тірлігіміздің тұрпатын өз заманында-ақ болжап қойғандай. Ата-анасын шімірікпестен қарттар үйіне апарып тапсыратын ұл-қыздың көбеюінің басты себебі ұлттық тәрбиенің ақсауында болса керек. Қазақ қазақ болғалы ата-анасын сыйлау, қарияларды құрметтеуге ерекше мән берген. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген аталы сөзді ұл-қыздарының құлақтарына жастайынан құйып отырған. Мұндай тәлім-тәрбиемен өскен ұл-қыз өсе келе саналы ұрпақ болып қалыптасары сөзсіз. Ал бүгін «Әркімнің ата-анасы – әулиесі» деген халық нақылының мағынасын жете түсінбейтін буын өсіп келеді.

Ұрпақтар арасындағы сабақтастық мәсе­лесін Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында былай түсіндіреді: «Үш буын өкілдері арасында сабақтастық болса, елдің бірлігі болады. Ата ұрпақ, әке ұрпақ, немере ұрпақ бірге, түсінікте өмір сүрсе, елдік парасат шығады. Яғни, ата білетін құндылықтар әкеге өтсе, әке қабылдаған құндылықтар балаға өтсе, осылай құндылықтар трансформациясы бір отбасында үйлесім тапса, елдік парасат болады», – деген болатын. Демек, біз ата мен немеренің арасындағы 40-50 жылдық кеңістікті бір-біріне жақындатуымыз керек. Құндылықтардың кеңістігі кемімесе, ақсақалды ата мен ақ жаулықты әжені қарттар үйіне апарып тастау дейтін кері кеткен құбылысқа тоқтау болмайтын сияқты.

Хақ дініміз де әке-шешені қадірлеуді мұсылман атаулыға парыз санаған. Алла Тағала қасиетті Құран-Кәрімде: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Тұһ» деме (Кейіс білдірме). Сондай-ақ, оларға зекіме, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле», – деп ашық аяттар түсірген.

«Қарттар үйі емес, курортта жүргендеймін»

Қарттар үйін паналап отырған қария­лар­дың бәрі бірдей қайырымсыз перзенттен теперіш көрген дей алмаймыз. Олардың арасында қартайса да жастық желіктен арыла алмаған, немере бағып отырудың орнына шөлмек соңына түскендер де жетерлік. Мәселен, Қызылжар өңіріндегі қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов атындағы интернат-үйіндегі қариялардың саны ішімдікке салынғандар есебінен соңғы жылдары бірнеше есе ұлғайған. Қариялардың бар­лық шығыны мемлекет есебінен төлене­тіндіктен, зейнетақылары мен­ жәр­де­мақыларын өздері алып, қалау­ла­рынша жұмсайды. Сондықтан мекеме қызметкерлерінің қамқорлығына алын­ғанына біраз уақыт болса да, әлі күнге дейін жаман әдеттен арыла алмай жүргендер баршылық. Аталмыш қарттар үйінде тұратын ақсақал Көшербай Төрежановтың айтуынша, қазақтың басына түскен көп түйткілдің басында ішімдік тұрады. «Барлық бәленің басында осы арақ тұрады. Күнде мас болып жүрген жанды қай келін сыйдырсын? Қарттар үйіне келіп жатқандардың көбі сол ішіп кеткендер. Екіншіден, әкем марқұм «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп отырушы еді. Баланы дұрыс тәрбиелемеудің кесірі осындай болады. Менің жағдайым мұндағылардан сәл өзгеше. Жалғыз ұлдан айырылған соң, туыстарға масыл болмайын деп бұл жерге өзім келдім. Бір байқағаным, бауырлардың ішінде қарындастың жанашырлығы ерек болады екен. Алып кеткісі келеді, бірақ қолы қысқа», – дейді ол.

Өз отбасынан жырақта жүрген қарттар­дың арасында әлеуметтік жағдайдың қиын­дығынан қашып, қарттар үйіне жайлы өмір іздеп келетіндер де бар. Мәселен, 123 адамды бағып-қағып отыр­ған Өскемен қалалық қарттар мен мүгедек­терге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемесін 4 жылдан бері паналап келе жатқан Жәукен Мұхамеджанова апамыз өзінің бүгінгі тұрмысына дән риза.

– Шынымды айтайын, мұнда курорт­та­ғыдай тұрып жатырмын. Балаларым жоқ емес, бар. Қарттар үйіне ешкімге айтпай өзім келіп, өтініш жаздым да, қоныстандым. Маған қатты ренжіген ұлым үш айдай сөйлеспей жүрді. Қазақ емеспіз бе, «анасы қарттар үйінде жатыр» деген сөзге кім намыстанбайды дейсің? Ауылдан қалаға көшіп келген соң бізді баспана мәселесі қатты қинады. Қартайғанда пәтерден пәтерге көшіп жүру оңай емес екен. Келінім: «Кемпір немерелерінен қа­шып кетті», – дейтін көрінеді. Олай емес, кәрі кісіге үйсіз-күйсіз сенделудің қиындығын ол қайдан білсін? Қазір қалада болатын жиын-тойлар мен астың ешқайсысынан қалмаймыз. Рұқсат аламыз да, қалаған жеріміздің бәріне барып келеміз, – дейді 82 жастағы Жәукен апа.

Астанадағы қарттар мен мүгедектерге арнал­ған медициналық-әлеуметтік мекемесінің басшысы Кенжеболат Бәпішев те қарттар үйіндегі қариялардың бәріне тағдырдың қатал сынына ұшыраған деп аяушылықпен қарау негізсіз екенін айтады. Қамқорлықсыз қалған қарттарға күтім жасайтын мекемелер оларға өз отбасы жасай алмаған жағдайды жасап отыр дегенді алға тартты.

– Бізден журналистер «Қанша адам ата-анасын тапсырды?» деп сұрап жата­ды. Олардың ойынша, осында жатқан адам­дардың барлығының жағдайы аяныш­ты, барлығы бақытсыз. Жалпы, журналис­тердің кінәсі емес, қоғамдық түсініктің өзі солай ғой. Қарттар үйінде тұра ма – бітті, одан аянышты кісі жоқ. Көпшіліктің көзіне жұпыны киінген, кір-қожалақ төсекте бүрісіп жатқан қарттар елестейді. Бір мезгіл ботқа жеп, басқа уақытта уайым-қайғының құшағына көмілген бейнелердің жұртшылыққа аяныш тудыратынын несіне жасырайық? Бірақ жағдайдың дәл солай еместігін қалай айтып жеткізерсің? Мысалы, бізде жаңа стандартқа сәй­кес, қарияларға сегіз түрлі қызмет көрсе­тіледі. Әрбір бөлмеде кереуеттер, оған жа­былатын жапқыштар, төсеніштер, теледидар, үстел, орындықтар, мұздатқыш, басқа да тұрмыстық ұсақ-түйек заттар болады. Оларды күн сайын тазартып, жаңалап отыру мекеме қызметкерлерінің мойнында. Мұны тұрмыстық қызмет дейміз. Екінші – күнделікті таңертеңгі астан соң, әрбір тұрғынға медициналық қызмет көрсетіледі. Бізде психологиялық қызметтің де маңызы жоғары. Мекеме болған соң, оның қалыптасқан тәртібі, ережесі, өзінің бағдарламалары болады. Барлық тұрғындар таңертеңгі сағат жетіде тұру керек, сегізде тамақ ішу керек деген сияқты. Мұндайды бұрын көрмеген жандар біраз уақытқа дейін бейімделе алмай, қиналыңқырап жүреді. Сондай кезде оларға психологиялық қызмет көрсетіледі. Төртінші – құқықтық қызмет. Мекеме тұрғындарының көпшілігінде жекеменшік мүлік бар. Бірақ соны заңды жолмен иелене алмай жүрген жандар болса, заң арқылы олардың мәселесі шешіледі. Бесінші – экономикалық қызмет. Бұл таза зейнетақыға қатысты. Зейнетақыларының дәл уақытында, нақты берілуі қадағаланады. Еңбек терапиясы қызметі бар. Бұрын белгілі бір кәсіппен айналысқан жандардың сол кәсіптерін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік береді. Мәдени қызметтің де біздің мекемемізде алатын орны зор. Түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастырып отырамыз. Сондай-ақ, қарттардың Астанадағы мәдени ошақтарда болуы да қамтамасыз етіледі. Міне, айналып келгенде олардың кешке дейін төсекте бүрісіп жатулары ешқандай да қисынсыз, – дейді К.Бәпішев.

Онысы рас, қарттар үйінің қызметкер­лері қарттарға өз балалары көрсете алма­ған қамқорлықты көрсете алуы мүмкін. Бірақ өзгенің назары мен ықыласы ата-ананың өз перзентінен іздейтін мейірі мен жылуын алмастыра алады дегенге сенесіз бе? Сырт көзге көңілі тоқ боп көрінгенімен, қариялар немеренің сүйіспеншілігін аңсамай тұра алсын ба? Қазыналы қарттардың бесік тербетіп, ертегі оқып отыратын уақытында өз отбасынан аулақта жүруі – бір шаңырақтың ғана емес, түптеп келгенде тұтас ұлттың қасіреті. Өйткені атаның ұлағатын, әженің өнегесін көрмеген ұрпақ ұлттық тәрбиенің тереңіне сүңги алмайды.

Ата-әже инситутының бала тәрбиесін­дегі орнын алмастыратын қайнар әлі ойлап табылған жоқ. Қарт бар жерде береке бар. Қарт бар жерде тоқтау бар. Олар айтатын ақылдың құны ерек, олар көрсететін жолдың жөні басқа. Сондықтан қарияларды қадірлеп, ардагерлерді ардақтау үшін жылына бір келетін атаулы күнді күтпей-ақ қояйықшы!..