Мемлекеттік тілді меңгергендердің мерейі үстем
Мемлекеттік тілді меңгергендердің мерейі үстем
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деген болатын.
Осы ретте Жамбыл облысында мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, қоғамдық өмір мен шығармашылықта белсенді өзге ұлт өкілдері марапатталды. Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиынға әртүрлі салада қызмет ететін мемлекеттік тілді жетік меңгерген жандар қатысты.
Кездесуде басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекова мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіретін әрбір жанға барлық жағдай қарастырылғанын жеткізіп, осы бағытта атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Сонымен қатар басқосуда сан саланың тізгінін ұстап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, оның қолданыс аясын кеңейтуге барынша үлес қосып жүрген өзге этнос өкілдеріне құрмет ретінде алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Жиында сөз алған әрбір қонақ мемлекеттік тілді оқып-үйрену, білу әр қазақстандықтың азаматтық парызы және қазақ халқына деген құрмет екендігін атап өтті.
Айта кетейік, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі – 97,43 пайыз. Бұл өткен жылдың соңында облыс тұрғындарының тілдік ахуалына жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі. Ал, 2018 жылғы көрсеткіш жыл соңында анықталады. Аталған ақпаратпен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы журналистермен өткізген баспасөз конференциясында айтты. Сондай-ақ брифинг барысында қазақ тілінің бүгінгі ахуалы мен оны дамытуға бағытталған іс-шаралар жоспары баяндалды.
ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – мемлекеттік тілді меңгеру. Қазір қазақ тілін білетіндер қатары артып келеді. Бүгінде бұл көрсеткіш облыс жұртщылығының 97 пайыздан астамын құрайды. Ал, қазақ тілін меңгергісі келетіндер үшін облыста тегін оқыту орталығы жұмыс жасайды. Мәселен үстіміздегі жылдың 8 айында орталық 1121 тыңдаушыны оқыту курсынан өткізген. Оның 47 пайызы өзге ұлт өкілдері. Бұдан бөлек тілді меңгеру деңгейін бағалайтын «Қазтест» жүйесі де өз жемісін беруде.
Сонымен қатар, «Қазақстан халқы тілдерінің күні» мерекесіне орай Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты байқау өтті. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттап, мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайыс тартысқа толы болды. Толығырақ тілші тарқатады.
Байқауға ішкі істер департаменті мен қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінен құралған барлығы 5 команда қатысты. Олардың әрқайсысы 5 түрлі ұлттың озық дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, 3 айналым бойынша сынға түсті.
Бірінші кезеңде қатысушылар өз топтарын таныстырса, екінші кезеңде әр команда татулық пен бірлікке шақыратын шағын қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Ал, қорытынды сайыста түрлі тақырыпта шешендік қабілеттерін сынады. Сегіз қырлы, бір сырлы тәртіп сақшыларының өнеріне әділ қазы алқасы да жоғары баға берді.
Тұғыры берік, рухы азат тілі ғажап қазақ елінің көк байрағы астында 130-дан астам ұлт пен ұлыс ұйысып, бірлік пен ымырада күн кешуде. Бұл біздің тәуелсіз мемлекетіміз үшін үлкен жетістік. Қазақстанда әрбір ұлт өз тілін, мәдениетін дамытып қана қоймай, мемлекеттік тіл - қазақ тілінің айналасында топтасуға, бірігуге қадам жасап отыр. Бүгінгі ұйымдастырылған байқау соның бір айғағы іспеттес.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өткен байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.