Жаңалықтар

"Денсаулық" бағдарламасының берері мол

ашық дереккөзі

"Денсаулық" бағдарламасының берері мол

Денсаулық – басты байлық. Сондықтан, кез келген мемлекет ұлт саулығын бірінші орынға қояды. Бұл ретте елімізде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Аталмыш бағдарлама бойынша жоспарлы шаралар еліміздің барлық өңірдерінде жүргізіліп келеді. Жамбыл облысы да «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттерді орындауда. Соның бір дәлелі – «Денсаулық-2018» фестивалі. Салауатты өмір салтын ұстану – денсаулық кепілі. Осыны негізге алған Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департементі, өрт сөндіру  бөлімінің мамандары ен салауатты өмір салты қызметкерлері  «Денсаулық-2018» фестивалін атап өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде күздің алғашқы айында өткізілетін бұл іс-шараның мамандар үшін берері көп. Күн сайынғы қым-қуыт тірлікті қойып бір мезгіл спортқа ден қойса, аранайы диетологтардың кеңесін тыңдап, ағзаға пайдалы кеңестер ала-алады.  Фестивалдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтарды спортпен шұғылдануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақыру. Қатысушылар спорттың асық ату, арқан  тарту, армрестлинг, жерден кері итерілу, гір көтеру түрлерінен сайысқа түсті.  Спорттық шара барысында төтенше жағдайлар департаменті мамандары  тапсырманы жылдам орындау сяқты түрлі жаттығулар жасады. Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және арнайы  сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, №2 орта мектепте «Zhanuya» емдеу орталығы қолға алған акция аясында «Денсаулық – зор байлық» атты спорт мерекесі өтті. Іс-шараға мектеп оқушылары қатысып, салауатты өмір салты қағидалары жайында жан-жақты ақпарат алды. «Денсаулық» бағдарламасы аясындағы акцияның басты мақсаты – балақайлардың дене шынықтыру белсенділігін арттыру, дұрыс тамақтануын қадағалау, зиянды әдеттерден аулақ жүріп көркем мінез-құлық қалыптастыру. «Әрқайсымыз дене шынықтырумен айналыссақ, ағзамыз жасарып,көтеріңкі көңіл-күймен жүретін едік.Денсаулықты жақсарту үшін осындай шаралар жүргізілуде», – дейді «Zhanuya» емдеу орталығының бөлім меңгерушісі Гүлжан Иманбекова. Шара  барысында жетістіктерге жетіп, әр түрлі жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері атанған мектептің кішкентай бүлдіршіндері өнер көрсетті. Сонымен қатар, тақырыпқа орай флэш-моб өткізіліп, дене шынықтыру мен салауатты өмір салтының артықшылықтары туралы әңгімеленді. Соңында бастауыш сынып оқушылары үшін эстафеталық жарыстар ұйымдастырылып, балалалардың көңіл-күйін көтерді. Жеткіншектер сайыстарға қатысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Осылайша, ұйымдастырушылар ерте жастан бастап спортпен шұғылдануға болатынын көрсетті. Сондай-ақ, өңірде «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облыстық қан орталығында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрінің төрағалығымен  Республикалық штабтың көшпелі отырысы өткен болатын. Алқалы жиында ана мен бала өлімін азайту бойынша шұғыл шараларды қабылдау жайы сөз болған еді. Басқосуға  облыстың бірқатар медициналық ұйымдарының басшылары қатысты. Жиында  жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету мен саласындағы бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Сондай-ақ, ана өлімін азайту, медициналық туризмді дамыту турасында ой қозғалды. Негізінде белгілі болғандай, жыл басынан бері аймақта ана өлімінің 2 фактісі тіркелген. Сондай-ақ, аймақта 13 акушер-гинеколог маманы жетіспейді. Кездесу барысында отырысқа келген қатысушылар аталған мәселелер бойынша  нақты ұсыныстарын  білдірді. Айта кетейік, мұндай іс-шара елімізде  «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр.