Кәсіпкерлік бастамаларға көрсетілер қолдау көп

Кәсіпкерлік бастамаларға көрсетілер қолдау көп

Кәсіпкерлік бастамаларға көрсетілер қолдау көп
ашық дереккөзі
Жыл басында Жамбыл облысының әкімі өңірлерде жұмыс істеп жатқан ірі кәсіпорындардың жүктемелерін көбейту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, Меркі ауданындағы Меркі ірімшік зауыты қазір ауылшаруашылығы кооперативтермен жұмыс істеуді арттырып отыр. 1954 жылдан бастап жұмыс істейтін Меркі ірімшік зауыты бүгінде сүт өнімдерінің 10-нан астам түрін шығарады. Оның ішінде атақты Меркі майы, айраны және сыры еліміздің өзге де облыстарына тасмалданады. Қазір күніне 15-тоннаға дейін сүт қабылдайтын мекемеде 140-адам тұрақты жұмыс істейді. Меркі ірімшік зауыты былтырғы жылы үкіметтен 6,5 млн. теңге субсидия алып, сүт өнімдерінің сыртқы қорабы мен қаптауыш қағаздарын жасайтын құрылғы алды. Бұл шығарылатын өнімге шикізатты 100-пайызға дейін зауыттан істеуге мүмкіндік туғызды. Кәсіпорын жұмысшылары екі ауысымда еңбек етеді. Айлық-жалақылары да тұрақты. Меркі ірімшік зауытының басшылығы Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көрсетілгендей несиені жеке үй жанынан құрылған зәкірлі кооперациялар жобаларына бағыттау керектігін айтып отыр. Себебі, осы арқылы сүт зауыттарындағы шикізат тапшылығын жоюға болады. Әйтпесе, бұл кәсіпорынның күніне 50 мың сүт қабылдауға дейін мүмкіндігі бар. Облыс орталығында  неміс наубайханасы ашылды. Нанның түр-түрін шығаратын кәсіпорын «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп іске қосылып отыр. «Brot» неміс наубайханасындағы нан пісіретін пештер мен илеу мен ашытуға дейінгі жұмыстарды атқаратын құрылғылардың  барлығы Германия мен Австралияныкі. Кәсіпорынның тәуліктік қуаттылығы 2000 бөлке. Бұдан бөлек, мұнда тәтті бәліштер, сан алуан нан пісіріледі. Бас-аяғы 15 түрлі өнім шығаруға мүмкіндік бар.  «Біз шығаратын өнімнің барлығы 100 пайыз табиғи таза, ешқандай химиялық қоспасыз. Қазірдің өзінде нандарымыз жоғары сұранысқа ие болып жатыр. Нарыққа шығып үлгердік. Ірі сауда нүктелеріне өткізудеміз. Сапа сертификаты талапқа сай, мемлекеттік стандарттаудан өттік. Қазір жұмысшыларымыз жаңа өнімдердің құрамын жасауға дайындалуда. Келешекте мұздатылған, дайын өнімдер шығармақшымыз яғни, бұларды небәрі 15-20 минутта пеште пісіріп аласыз. Балғын, дәмді бәлішіңіз дайын», деді наубайхана басшысы Лола Полуэктова. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бұл жобаның жүзеге асуына атсалысқан. Нақтырақ айтқанда, жеке меншік сектордағы бұл бизнес құрылымының  үлесі 48 пайызды құрап отыр. Осылайша, ұлттық компания өңірдегі шағын кәсіпкерліктің дамуына күш салып қана қоймай, бизнестегі бәсекелестікті арттыруға да өз үлесін қосуда. Кәсіпорында 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмысшыларын  жылына бір рет біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберіп тұрамыз, дейді басшылар. Ал наубайхана ашылмас бұрын тыңғылықты дайындық жұмыстары жүргізіліп, немістер осында екі күн бойы тәжірибелерімен бөлісіпті.  «Жұмысым өзіме ұнайды. Нанды да пісіреміз, ораймыз. Бұл істе тәжірибем жеткілікті. Бұған дейін де басқа наубайханада жұмыс істегем. Айлығымыз уақытылы беріледі. 60 мың жалақы алам»,деді наубайшы Евгений Сетченко. Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмақ емес, болашақта ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сәйкесінше, шығарылатын өнімнің алуандылығын да арттырмақ. Қазақтың шелпегі мен бауырсағы, қаттамасы мен қатырмасы дүкен сөрелерінен орын алады. Ал Меркі ауылында орналасқан кірпіш зауыты жылына 1 млн. дана күйдірілген кіріп шығаруға арналған. Мұнда қазір жұмыс қызып тұр. Өндіріс орынының ашылуымен 30 ауылдың тұрғыны тұрақты жұмыс тапты. Дайын өнімді Жамбыл облысының барлық аудандарына өткізеді. Бүгінде Меркі кірпіш зауытының өнімі мектептер, балабақшалар салуда, жеке тұрғын үйлердің құрылысына пайдаланылады. Кәсіпорын басшысы мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігі мол екендігін айтып отыр.