З.Ахметова: Менің айтып-жазып жүргендерім - бабалардан қалған ұлттық құндылықтар

З.Ахметова: Менің айтып-жазып жүргендерім - бабалардан қалған ұлттық құндылықтар

З.Ахметова: Менің айтып-жазып жүргендерім - бабалардан қалған ұлттық құндылықтар
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық кодты сақтауға, ата-бабадан мұра боп қалар дүниелерді әрқашан естен шығармауға үндейді. Бабалардан мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңіру мақсатында қолға алынған шаралардың бірі Зейнеп Ахметовамен болған кездесу. Әулиеата  жеріне даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова арнайы атбасын бұрды.  Ең әуелі ерлік мемориалды кешенінде болып, батыр ескерткішінің жаңа орнына барып,тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Жаңғырту жұмыстарынан соң Зейнеп апайдың мұнда екінші келуі. Күн сайын түрлене түскен демалыс орнын тамашалап шығып, таңданысын жасырмады. Айтуынша, қолбасшы ескерткіші лайықты орнын енді ғана тапқандай. Кешеннің дәл ортасындағы тас тұғыр алыстан мен мұндалап тұрса, жанындағы құнды дүниелер көркін аша түскен. Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан майдангерлер есімі тасқа қашалып, ұрпақ жадында мәңгі жаңғырып тұрмақ. Құрылыс жұмыстары қарқын алған. Оң қапталда Чернобыль, ауған соғысы ардагерлеріне арналып ескерткіштер бой көтеруде. Жан-жағы абаттандырылып, гүлмен көмкерілуде. Жаяу жүргіншілер мен спортпен айналысатын тұрғындар үшін де арнайы жолдар төселді. Оған дейінгі жолда ерлік, отансүйгіштікке тәрбиелейтін халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының қанатты сөздері жазылған тақтайшалар орналастырылған. Мұны да көзбен көрген ұлы тұлғаның артынан ерген ұрпағы әр тұста қайынатасына қатысты естелік әңгімелерімен бөлісті. Мұнымен жолсапар аяқталмақ емес. Қазақ дәстүрін насихаттаушы  қайраткер ана туған өлке төрінде бірер күн болып, өңір тұрғындарымен келелі кездесу  өрбімек. Зейнеп Ахметованың Әулиеаталықтармен кездесуі жалғасуда.   Бұл жолы шаһардағы  Жамбыл атындағы  «Руханият» орталығында мәдениет қызметкерлерімен кездесті. Ел анасымен жүздесуге келгендердің басым көпшілігі зиялы қауымдар мен қаламгерлер болды. Жиында 50 жыл иіліп сәлем салып қазақылық қаймақты қалқытпай келген асыл жар аяулы келін Зейнеп Ахметованы мәдениет қызметкерлері қошеметке бөлеп қарсы алды.  «Өзіңіз сияқты келелі әңгіме қозғап жүрген біздің ұлтымыздың мәселесін қозғап жүрген, сол үлкен атамыздың қолына су құйып, ауызы дуалы  атамыздың қолынан бата алып тәрбие көрген өзіңізді тыңдау мына жас ұрпаққа, келешек ұрпаққа үлкен мағына ой береді деп ойлаймын.Сондықтан тағы да айтамын Қош келдіңіз,аман болыңыз!», деді кездесу барысында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев. Көпшілікке берері көп, тағылымы мол  басқосуда батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні ел анасы ұлт пен ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғады. Қазақ келінің бойындағы ұлы қасиеттің сақталуы жайында тағылымды тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, келелі кездесуде бала тәрбиесі, қазақы салт-дәстүрлерімізді тарқата әңгімеледі. Тіпті қазіргі  қазақ қоғамын батыстық үлгіден арылтып, қазақи құндылықтарды дәріптеуге шақырды.  «Атадан қалған аманатты кейінгі ұрпаққа жеткізсем.Бекер айтпаймын мен, жүрген жерімде айтамын мен аманат арқалап жүрген адаммын.Өйткені ата-бабалардың аманатын айтты маған.Мынау менің айтып жүргендерім, жазып жүргендерім барлығы сол сан ғасыр сарабынан өтіп келген,іріктелген ұлттық құндылықтар, ұлттық халқымыздың, бабаларымыздың бізге қалдырған асыл қазынасы, дүниесі», деді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова. Мұнан өзге Батыр Баукең туралы көкейіне түйген өнегелі сөздерін жеткізіп, естеліктерімен бөлісіп, ата-ананы ардақтау жайын сөз етті. Қазақ дәстүрлерін насихаттаушы Зейнеп Ахметовмен жүздесу батыр Бауыржанның туған жері Жуалы ауданыда жалғасатын болады.