Шағын кәсіпке қолдау көп
Шағын кәсіпке қолдау көп
Жамбыл облысында шағын несие беру мекемесі құрылады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында сөз болды. Нәтижесінде шағын кәсіп бастаймын деген азаматтарға мүмкіндік артады.
Мекеменің негізгі мақсаты мен жұмыс істеу жүйесі туралы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиев баяндады. Қазіргі таңда өңірде жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша кезекте 3700 адам тұр десек, олардың көбі өз ісің бастауға ынталы. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 100 мың жас арнайы курстарда оқуда. Олардың тең жартысы шағын несие алуға дайын. Аталған орталық осындай ынталы азаматтарды тиімді шарттарға негізделген шағын несиемен қамтитын болады.
Айта кету керек, бұл тікелей облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасынан туындап отырған жоба. Өңір басшысы бұл арқылы өз кәсібін ашуға ынталы талапты жандарды қолдай отырып, облыс экономикасын арттыруды мақсат етуде. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлерді игі жобаға атсалысуға тарту көзделуде. Олар барлығы 51 миллион теңге құйуы керек. Екінші кезекте акционер аталатын Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы 49 миллион теңге қаржы салады. Осылайша 100 миллион теңге жиналғанда, мекеме жалпы 1 миллиард теңге көлемінде шағын несиелер бере алады. Бұл көрсеткішті үш жылда 3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Қазір мекемені тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, мекеме тіркелгеннен кейін арнайы бір ғимаратқа ыңғайластырылып, оншақты штаттық деңгейде құрылып, мамандар өз жұмыстарымен жүйелі түрде айналыспақ. Құжаттық жұмыстар толығымен аяқталғаннан соң, ұсыныс бойынша несиелендіру жұмыстары келер жылдан бастау алады. Шағын несиені әр адам 19 миллион 240 мың теңгеге дейін ала алады. Талаптар мен шарттар ұлттық банктің бекіткен ережесіне сай іске асырылады. Несие шарттары тек қаржылай ғана емес, лизингке техника алуға да мүмкіндік береді.
Жиынға қатысқан кәсіпкерлер өз еріктерімен бастамаға қолдау танытып, қаржы аударуға дайын екендіктерін жеткізді.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бұл саланы дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, былтыр 817 млн 500 мың теңге бөлінсе, биылғы жылы бұл сомма 1 млрд. 232 млн 800 мың теңгеге өскен. Шағын және орта бизнесті қолдауға және дамытуға бағытталған басқа да жобалардағы көрсеткіш осындай. Сонымен қатар, баспасөз отырысында өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Береке» бағдарламасы арқылы төмен пайызбен несие алу мүмкіндіктері де айтылды. Бағдарлама бойынша салалық шектеусіз шағын және орта бизнес өкілдеріне арзан несие берілуде. Бұл бағдарламаға биылғы жылы жергілікті әкімдік тарапынан 500 млн теңге және Даму қоры тарапынан 1 млрд.теңге бөлініп, жалпы несиелендіруге жұмсалатын сома 1,5 млрд теңгені құрап отыр.
Бүгінгі күні облыстағы шағын бизнес өндірушілерін қолдау үшін өңірде — Шағын индустриялық аймақтар құру жоспарланып отыр. Онда, жеңіл өнеркәсіп азық-түлік немесе фурнитураны дамытуға жол ашылады. Бизнестің көлемі 15 пен 30 миллион теңге аралығында болмақ. Бұл бизнестің жұмысын жеңілдетеді. Мәселен, кәсіпкер несие алып, өндіріспен айналасуды ниет етті, алайда өз өндірісін қайда орналастыруды білмейді немесе жұмыс істейтін кәсіпкер қымбат ғимаратты немесе орынды жалға алуға мәжбүр, ал ол ғимараттың инфрақұрылымы жоқ, құрылыс нормалары мен ережелесіне сәйкес емес болуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпкер қайдан қолдау іздеуі керек? Әрине, бизнесті дамытудың оңтайлы мүмкіндігі – ол бизнестің өндірістік қуатын бос тұрған немесе тоқтап тұрған ғимараттарда орналастырып, жеңілдетілген шартпен, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамту. Тараз қаласы әкімдігімен бос орындарды іздеу және Тізілімін құру жұмыстары басталды. Онда жалға беруде жеңілдетілген тарифтер, икемді баға саясаты, дамыған инфрақұрылым және де бизнестің дамуына ықпал ететін жеңілдіктер қарастырылған.