Елордалықтар көршінің рұқсатынсыз ит-мысық асырай алмайды
Елордалықтар көршінің рұқсатынсыз ит-мысық асырай алмайды
Үйде ит немесе мысық асырау үшін елорда тұрғындары әуелі көршіден рұқсат алулары керек. Үй жануарларын ұстаудың жаңа ережесіне осындай талап енгізілуі мүмкін. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады. Астаналық ветеринарлар үйде жануар асыраудың жаға ережелерін бекітуді ұсынды. Егер құжат күшіне енсе, көршілердің рұқсатымен әр отбасы бір ит пен екі мысық асырай алады. Жер үйде тұратындар гигиеналық талапқа сай үш ит бағуына болады. Ал, көпқабатты баспанадан ит-мысық асырайтын орталық ашуға мүлдем тыйым салынады. Мұнымен қоса, мал дәрігерлері елорда маңындағы ықшамаудандар үшін мал ұстаудың да талабын өзгертпек. Өйткені қорадағы қой-ешкі мен сиырдың иесіне шағымданып арыз жазатын көршілер көбейіп барады екен. Сондықтан енді әр үйге үш ірі қара мен 20 ұсақ мал ұстауға рұқсат етілмек. Әрі төрт түлік тегіс тіркеуден өтуі тиіс. Мамандар талапты бұзғандарды жалау шараларын да қарастыруда. “Бұл ереженің басты талабы – тұрғындар үй жануарларын бізге келіп немесе ветеринарлық клиникаларға тіркеу керек. Сонда ит-мысықтың иесі жауапкершілікті сезінеді. Егер тұрғындар талаптарды бұзса, әкімшілік жаза қолданады және 20 мың теңгеден астам айыппұл салынады”, – дейді «Астана ветеринарлық қызмет» МКҚ жетекшісі Серік Жақсыбаев.