Қазақстанда әуе билеттері арзандауы мүмкін
Қазақстанда әуе билеттері арзандауы мүмкін
2019 жылы Қазақстанда әуе билеттерінің құны арзандауы мүмкін. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутаттар әуе билеттері бағасының жоғары болуы туризмді дамытуға кедергі болып отырғандығын атап өтті.
Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев бұл бағытта министрлік тиісті жұмыстарды атқарып жатқанын айтты.
«Бізде балаларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға арналған жеңілдіктер ескерілген жолаушыларды тасымалдау ережелері бекітілген. Дегенмен де, тасымалдау құнына қатысты мәселе әлі де бар. Қазіргі кезде Энергетика министрлігімен бірлесе біздің ұшақтар паркі үшін өзіміздің авиакеросинмен қамтамасыз ету бөлігінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдағы жылы толықтай отандық авиакеросинмен қамту жоспарланып отыр. Менің ойымша, келесі жылы оңтайлы нәтиже байқалады», - Т. Тоқтабаев.
Оның атап өтуінше, билет құны бірнеше индикаторлар есебінен қалыптасады. Соның ішінде авиаотын бағасы негізгі көрсеткіш болып отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінде туристік саланы дамытуға арналған Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы электрондық виза тетігі қашан енгізілетінін айтты.