Жаңалықтар

Қазақстанда тәулігіне 70 адам темекіден уланып көз жұмады

ашық дереккөзі

Қазақстанда тәулігіне 70 адам темекіден уланып көз жұмады

Тәулігіне 70 адам темекіден уланғанымен Қазақстанда оған ешкім мән бермейді

Дүниежүзін шарпыған қаржы дағдарысы нарыққа жаңа талаптар жүктеп отыр. Сондықтан қоғам белсенділері темекі акцизін 49 пайызға қымбаттатуды ұсынуда. Үкімет бұл ұсынысты мақұлдаса, 2018 жылы  бір қорап темекінің бағасы 330 теңгеге жетпек. Бастамашыл топтың айтуынша, бұл қадам экономиканы ынталандырып қана қоймай, шылымға әуес адамдардың санын азайтуға да септігін тигізбек.

Қазақстанда тәулігіне 70 адам темекіден уланып көз жұмады екен. Олардың басым көпшілігі –  30 бен 55 жас аралығындағы азаматтар. Шылымға тәуелділер санын кеміту мақсатында қоғам белсенділері үнемі тың бастамалар көтеріп келеді. Ендігі кезекте әлем елдерінен енген тәжірибені қайта жаңғыртпақ ниетте. Яғни, темекі акцизін көтеру арқылы бюджет кірістерін көбейтіп, темекі шегетіндердің санын азайтпақ.

Белсенділердің сөзіне сүйенсек, Президенттің 19 тамызда Ақордада айтқан ішкі резервтер есебінен 1% тапшылықты толтыру тапсырмасын орындау үшін бұл ауадай қажет. «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының басшысы Жәмила Садықованың ойынша, бюджет тапшылығын қазақстандықтардың «сорына» айналған темекі мен алкоголь өнімінің акциздерін арттыру есебінен ғана тез әрі тиімді толтыруға болады.

– Елбасының «мұнай бағалары жақын бес жыл ішінде қазіргідей төмен деңгейде қалады» деген болжамын ескеріп, темекі мен алкоголь акциздерін 49%-ға дейін арттырсақ, бюджет тапшылығын бірден толтырар еді және бұл еліміздің мемлекеттік бюджетіне келетін кірістердің тұрақты көзі бола алады. Мәскеу қаласының Экономикалық және қаржылық зерттеулер мен әзірлемелер орталығының есебі бойынша егер қазақстандық темекілердің бір қорабының акциздер үлесін 49%-ға дейін арттырсақ, онда бюджет кірістері 184 млрд. теңгеге дейін (2,5 есеге дерлік) артады, ал ересек адамдар арасындағы шылым шеккіштер саны 17,9%-ға дейін төмендейді. Ал бұл 54 мыңға жуық қазақстандықтың өмірін құтқарып қалмақ, – дейді Жәмила Садықова. Оның айтуынша, 2014 жылдың қаңтарында темекі акциздерін бір сәт көтергеннің өзінде темекі өнеркәсібінен бюджетке түсетін кіріс 2 есеге (94%-ға) дейін артқан. Темекі акциздерінен түсетін кірістер 2013 жылғы 46 млрд. теңгеден 2014 жылы 79 млрд. теңгеге дейін өсіп, шылым саудасының жылдық көрсеткіші 3 млрд. данаға төмендепті.

Алкогольдік ішімдіктер акциздерінің мөлшерлемелерін арттыру да дәл осындай оң өзгерістер әкелген. Мысалы, 2014 жылы арақ акцизі 2 есеге артқанда, бюджеттік түсімдер 13 млрд.-тан 22 млрд. теңгеге дейін өскен. 2011 жылы сыраның акциз мөлшерлемесі 70%-ға артқанда, мемлекеттік қазынаға түсетін кіріс 2010 жылғы 7 млрд. теңгеден 2011 жылы 12 млрд. теңгеге дейін көбейгенін де мамандар тілге тиек етті.

«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясы көтерген бастаманы ақ халаттылар да қолдап отыр. Алматы қаласының бас онкологы Диляра Қайдарова онкологиялық аурулардың ішінде өкпе рагынан көз жұматындардың саны бірінші орынға шығып отырғанына алаңдаулы. Жыл сайын 3800 қазақстандық өкпе рагына шалдығады екен. Күн сайын бұл дерттен шамамен 6 адам көз жұмады. Бұл дерт Солтүстік және Батыс Қазақстан өңірлерінде жиі қылаң бере бастаған. Сондықтан өкпе  рагының пайда болуына алып келетін бірден-бір фактор – темекінің жолына тосқауыл болатын кез келген шараны дәрігерлер қолдауға дайын.

«Бүгінде Алматыда қатерлі өкпе ісігіне 400 адам шалдыққан. Солардың 70 пайызы дәрігерлерге 3-4 кезеңде ғана жүгінеді. Әлем бойынша өкпеге скрингтік зерттеулер жүргізілмейді», – дейді Алматы қаласы онкология орталығының бас дәрігері Диляра Қайдарова.

Осы орайда, Қазақстанда кеңінен қолданылатын темекі сыртындағы суреттер 2017 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде жаппай пайдаланыла бастайтынын айта кеткен жөн. Белоруссия, Армения және Қырғызстанның шылым өндірушілері 2 жылдан соң еліміздің тәжірибесін басшылыққа алып, қораптардың сыртына темекі қатері жайлы ескертетін бейнелерді енгізуі тиіс.   Одаққа мүше 5 ел арасындағы келісім бойынша, темекі сыртындағы суреттер 3 жыл сайын өзгеріп тұрмақ.