АҚШ "Вагнер" жеке әскери компаниясын "қара тізімге" енгізді
АҚШ "Вагнер" жеке әскери компаниясын "қара тізімге" енгізді
Құрама Штаттар арнайы қызметпен байланысы бар 33 ресейлік жеке және заңдық тұлғаны "қара тізімге" енгізді. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаменті хабарлады, деп жазды centralasian.org.
Аталған тізімге сарбаздары Украина шығысында және Сирияда соғысты делінген "Вагнер" жеке әскери компаниясы енген. Ресей мұндай құрылымның бар екенін теріске шығарып келеді. Сонымен бірге бұл құрылымның басты демеушісі, бизнесмен Евгений Пригожин де санкцияға ілінген (Пригожин осының алдында АҚШ қаржы министрлігінің санкциясына ілінген). Тізімде Пригожин бақылауындағы "Конкорд" және "Интернет-зерттеу агенттігі" де бар. АҚШ бұл компанияларды президент сайлауына араласты деп айыптайды.
Тізімде сонымен бірге ресейлік арнайы қызметпен байланысы бар деген азаматтар және "Оборонлогистика" мен Комсомольск-на-Амурдағы ұшақ шығаратын зауыт та бар.
Құрама Штаттар енгізген санкцияға қару-жарақ шығаратын қытай мемлекеттік компаниясы мен оның директоры да енген. Олар Ресейден Су-35 ұшағын және С-400 зымыран кешенін сатып алды деп айыпталады.