Жаңалықтар

АСТАНАДАН ПАРИЖГЕ ДЕЙІН

ашық дереккөзі

АСТАНАДАН ПАРИЖГЕ ДЕЙІН

«Қазақ елі» ескерткішінен бастау алған халықаралық «Шектеусіз спорт» веломарафоны өз мәресіне жетті. Францияның Салтанат қақпасының жанындағы Қазақстан елшілігінің алдында зағип және көзі нашар көретін отандастарымыз «Астана – Париж» бағытымен 1 айдан астам уақыт жүріп өткен сайысты тәмамдады.  Зағип азаматтармен бірге дені сау жалпы саны 17 адам осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Астанадан Парижге аттанған еді. Рухы мықты азаматтар тобы 6 мемлекет аумағындағы 30 қаланы, жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды велосипедпен жүріп өтті. «Шектеусіз мүмкіндіктер әлемі» ұранымен өткен веломарафон бастамашыларының айтуынша, оның негізгі мақсаты – мүмкіндіктері шектеулі отандастарымыздың биік мұраттарға жете алатындарын көрсету және көпшілікті спортпен ұдайы шұғылдануға әрі салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Шараға қатысушылар жол бойында қиындықтармен қатар, абзал жандардың мейірімін де сезінді. Тіпті, Германияда кезіккен үш велосипедші оларға мәреге дейін қосыла келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның соңғы бөлігі Ножан-сюр-Марн қаласында орналасқан қазақтың біртуар қайраткері Мұстафа Шоқайдың мүсінінен басталып, әйгілі «Тур де Франс» веложарысының қорытынды кезеңі өтетін Елисей алқаптары арқылы өткен. Батыл спортшыларды қолдау үшін Франциядағы Қазақстан елшісі Жан Ғалиев велосипедке мінген. Осыған дейін «Шектеусіз спорт» жобасы «Алматы – Астана» және «Алматы – Ыстықкөл» бағыттары бойынша өткізілген еді.