Жаңалықтар

«Асық-пати» – әуесқойлардың жарысы

ашық дереккөзі

«Асық-пати» – әуесқойлардың жарысы

«Ұлы дала рухы» фестивалі аясында өткізілген қызықты шаралардың бірі – «Асық – пати» жарысы.Елордадағы «Ханшатыр» сауда ойын-сауық орталығының бірінші қабатындағы алаңқайға жиылған жұртшылықтың қарасы мол болды. Жолы болған жігітті қазақ «асығы алшысынан түсті» дейді. Көшпенділер өміріндегі асықтың маңызы осыдан да көрінеді. Бұл тіркес сөздік қорымызда қазақпен бірге жасасып келеді. Ептілік пен дәлдікке тәрбиелейтін асықты ауыл балалары әлі де ойнап жүр. Бірақ шынын айту керек, сирек ойнайды. Есесіне, ұлттық спорт түрі – асықтан өткізілетін республикалық, халықаралық жарыстар аз емес. Соның бірі – «Ұлы дала рухы» фестивалі. Фестивальде өзге ұлттық спорт түрлерімен қатар асық атудан да жарыс өткізіліп, төрт аймақтың ішінде Жамбыл облысының командасы жеңімпаз атанды. Ал «Ханшатырдағы» «Асық-пати» жарысы әуесқойлар арасында ұйымдастырылды. Яғни, асық атуға қатысушылар көрермен арасынан жұп-жұбымен шығып, жеңімпаз екеудің ішінен анықталды. Шарада он шақты жұп өнер көрсетті. Ойынның ережесімен таныстырған Асық федерациясының өкілі Исламбек Марат ортаға жеті асықты тігіп болған соң қатысушыларды шақырды. Ол алғашқы ойыншыларды жеңіске ынталандырып, беске дейін мүмкіндік берді. Асық атуға негізінен ұлдар қатысты. Ал қыздар арасында ойналатын «бес тас» бойынша бір жұп қана өнер көрсетті. Жүлдегерлердің барлығы да сыйлықтармен марапатталды. «Асық-патиге» қатысушылар «Ұлы дала рухы» баннерінің жанында суретке түсіп, оны инстаграм парақшасына жүктеп жатты. Жалпы, «Ханшатырдағы» асық ату көкпар мен бәйгеден өткен финалдық ойындарға қолдау ретінде көрермен жинау мақсатында ұйымдастырылды. Біз осы шара барысында асық атудан чемпион атағын алған қыздардан асық ату туралы аз-кем сұрастырған едік. Ұлжалғас Құдайбердиева, асық атудан қыздар арасында Қазақстан чемпионы:

Асық атуды ақымақтық санау жөн емес

– Астанадағы медициналық колледжде оқимын. Асық ату ерекше қызық ойын. Қыр-сыры да мол. Жұрт оны оңай ойын деп есептейді. Бірақ ептілік пен мергендік екінің бірінде жоқ қой. Өзім бір жылдан бері ғана жарыстарға қатысып жүрмін. Көп нәрсе үйрендім. Жеңіске тәжірибе арқылы ғана жетуге болатынын ұқтым. Айжан Серікова, асық атудан қыздар арасында Қазақстан чемпионы:

«Бес тас» қызға қол екен

– Менің де асық атуға келгеніме екі жыл ғана болды. Ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрмін. Әрбір спорттың қыздарға арналған да түрлері болу керек деп, мамандар «бес тасты» енгізді. Қыздар асықта «бес тас» ойнайды. Оның өзінің он екі кезеңі бар. Жалпы, асықты қойдың және сиырдың асықтарымен ойнайды. Ал бес тас тек қойдың асығымен ойналады. «Ұлы дала рухы» фестиваліне келер болсақ, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өткен бұл шара жастар мен жас­өспірімдерді ерекше жігерлендірді. Фестивальде асық ату жарысы аса тартысты өтті. Төрт аймақ бойынша батыс аймақтан Ақтөбе, шығыс аймақтан Өскемен, оңтүстіктен Тараз, солтүстіктен Астана командалары финалға шыққан еді. Финалда бірінші, екінші орындарды Тараз бен Астана бөлісті.

Ж.Таласхан