Есеп комитеті 21 млрд. теңгенің ізін таба алмай дал
Есеп комитеті 21 млрд. теңгенің ізін таба алмай дал
Таяуда еліміздің ғылыми жобалары бюджеттен бөлінетін қаржыдан мүлдем қағылуы бек мүмкін. Өйткені Есеп комитеті зерттеу орталықтарын тексеру барысында 51 миллиард теңгенің ізін таба алмай қалды. Бұл қаражат ғылыми-техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген екен.
Жүзеге асырылмаған қаражатқа Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Инвестиция және даму министрлігі жауапты. Үш министрлік ғылымды дамытуға бөлінген 51 миллиард теңгені жоқ қылғандықтан, жоспарланған жобалар аяқсыз қалды. Осыны ескерген комиссия мүшелері алдағы уақытта ғылым саласына қаржы бөлуді тоқтату туралы ұсыныс жасаған еді.
Есеп комитеті анықтаған жағдай қазақстандықтардың жағасын ұстатқан. Өйткені ұшты-күйлі жоғалған қаржы көлемі 51 мың немесе 51 миллион теңге емес. 51 миллиард теңгені министрліктегілер қайда жіберуі мүмкін? Отандық ғылымды дамыту мақсатында жоспарланған жобалар жүзеге аспады. Онсыз да даму қадамы өте баяу ғылым саласын мұндай әрекеттер одан әрі тұралатып тастайтыны бесенеден белгілі.
Есеп комитеті тексерген ғылыми орталықтардың 90 пайызынан заң бұзушылықтар анықталған. Тіпті, мұндай нәтиже Есеп комитетінің жұмысы барысында рекордтық көрсеткіш болған көрінеді. Ең бастысы, Есеп комитеті бұған дейін мұндай көлемдегі заң бұзушылықтарды анықтамапты. Тексеру қорытындысы бойынша негізгі түйткіл Білім және ғылым министрлігіне келіп тірелді. Негізінен еліміздегі ғылыми зерттеулерге жауапты аталмыш ведомство. Сондықтан, қазына қаражатынан Білім және ғылым министрлігіне 37 миллиард теңгедей қаржы бөлінген екен. Бүгінде министрлікке қарасты ғылыми орталықта осы қаражатқа 86 жоба өндіріске өткізілуі қажет еді. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің басшылығындағы орталықтар жүзеге асыруы тиіс жобаның барлығы тоқтап тұр. Бұл – бекітілген жобаның барлығы тек қағаз жүзінде қалды деген сөз. Бір таңданарлығы, мұны шенеуніктер де жоққа шығармайды. Шенділер мұнымен тоқтасын ба? Тіпті, Білім және ғылым министрлігіндегілер мемлекеттен грант бөлінген 41 ғылыми жобаны да өзара бөлісіп алыпты. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаржы бар, бекітілген қағаз да қолда, бірақ жүзеге асырылған жоба жоқ. Сонда министрлікке бөлінген 37 миллиард теңге қайда кеткен? Оның есебін министрлік неге бермейді? Қазынаның қаржысы осылай тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете бермек пе?
Мұндай берекесіздік Ауыл шаруашылығы, Инвестиция және даму министрліктерінде де тіркеліп отыр. Екі бірдей министрліктің 10-ға жуық ғылыми жобасы аяқсыз қалды. Егер отандық ғылым саласын дамытуға септігі тимейтін болса, мұндай жобаларды бекіткен кімдер? Ал бекітілген жобаның аяқсыз қалуына кім жауапты болмақ? Бұлай жалғаса беретін болса, министрліктердің бөлінген қаржыны ғылымның игілігіне жұмсай алмайтыны әдетке айналып кететін түрі бар.
Үстіміздегі жылдың басында еліміздегі 232 ғалымның шетелдерде тұрып жатқандығы туралы ақпарат тараған. Тіпті, Қазақстанның ғылыми жобаларының жүзеге аспай қалуының сыры да осында болуы мүмкін деген болжам жасалды. Жасыратыны жоқ, қазір білікті мамандар мен білімді ғалымдар сыртта жүр. 2010 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов шетелдегі ғалымдарды елге қайтару туралы бастама көтерген еді. Бірақ ғылымға бөлінген қаражат министрлікте жұтылып кетіп жатқанда, ғалымдарды шақырғаннан кімге қандай пайда болмақ?
Осыдан 2 жыл бұрын, яғни 2013 жылы ғылым саласындағы бармақ басты, көз қысты әрекет Ресейде де орын алғаны белгілі. Белгілі дейтініміз, дәл осы ақша жымқыру әрекеті ақпарат құралдарында үлкен дау болған. Сол кезде атышулы «Сколково» инновациялық орталығына бөлінген қаражаттың тиімсіз пайдаланғаны әшкереленіп, бұл Ресей қоғамында біраз дүрбелең туғызған еді. Дмитрий Медведевтің төл туындысы саналатын «Сколково» инновациялық орталығы әлем елдеріне Ресейдің ғылымы мен инновациясының дамуын көрсетуі тиіс еді. Алайда Дмитрий Медведев президент тағын босатқаннан кейін жоба сәтсіздікке ұрынды. Аудиторлар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тексерулері, рубльдің құнсыздануы, инфляция, елге салынған санкциялар – бәрі-бәрі бір мезгілде орын алғандай болды. Әуелде аудиторлар нақты дәйектерді тапқаннан кейін тексеру нәтижесін жасыруды көздеген. Бірақ «Сколково» жобасына қатысты жайттар тез тарап кетті.
«Сколково» жобасын толықтай жүзеге асыру үшін 31,6 миллиард рубль қаражат бөлінді. Оның бір бөлігі жемқорлардың құлқынына кетсе, тағы бір бөлігі қолды болды. «Сколково» инновациялық орталығына шетелден жүк жеткізуге міндетті кедендік-қаржылық компанияның өзіне 24 миллион рубль бөлініпті. Аталмыш жобаға қажетті жүктер жеткізілмесе де, осы уақыт аралығында компания қаржыдан қағылмаған. Инвестицияға арналған 3,5 миллиард рубль мүлдем жаратылмады. Есесіне бұл қаржы «Сколково қорының» президенті Виктор Вексельбергтің атынан банкте ашылған депозитке салынып отырған. Ал жобаға бөлінуі тиіс қаражаттың 1,6 миллиард рублі АҚШ-тағы Массачусет технологиялық институтының қорына аударылған. 2007-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстан тұралаған институт жұмысына ресейліктер тарапынан бөлінген қаржы үлкен демеу болды. Бірақ институттың қызметін жандандыруға неге Ресейдің ғылымына бөлінген қаражат жұмсалуы тиіс? Дәл осы сауал сол уақытта ресейліктердің барлығына маза таптырмады. Ал ресми органдар мұны өздерінше түсіндіруге тырысты. Ресми деректерге сүйенсек, америкалықтар бұл қаражат арқылы «Сколовский ғылым және технология институтының» («Сколтех») дамуына көмектеспек болған екен. Алайда мұнда бір қисынсыздық бар. Аталмыш институт мемлекеттің меншігі емес, әрі «Сколково» мемлекеттік жобасының құрамына кірмейді. Тек қана инновациялық орталықпен бір географиялық аумақта орналасқандықтан, атаулары ұқсас. Институт пен ғылыми жобаны басқа ешнәрсе байланыстырмайды. Егер «Сколтех» шетелдік әріптестерінің көмегіне мұқтаж болса, мұны өздерінің жеке қорларынан төлеуі қажет емес пе? Екі институт арасындағы әріптестіктің төлемін «Сколково» қоры арқылы өтеудің нақты себебі белгісіз. Тіпті, қордан АҚШ университетіне қаржы аудару заңсыз әрекеттер арқылы жүзеге асқан көрінеді. Массачусет технологиялық институтымен жасалған келісім бойынша, америкалық институт бөлінген қаржының тең жартысын өз жұмыстарын жандандыруға, ал қалғаны «Сколтехпен» ынтымақтастық орнатуға жұмсалуы тиіс болатын. Америкалықтармен жасалған заңға қайшы келетін келісімді сол кездегі Ресей президенті Дмитрий Медведев мақұлдады.
«Сколково» қоры Дмитрий Медведевтің бастамасымен құрылды. 2009 жылдың соңында ол «Зерттеу жұмыстарын жетілдіру кешені» жобасы бойынша жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобын Владислав Сурков басқарды. Сол кезде Сурков бұл кешеннің америкалық Кремний алқабының аналогы болатынын жеткізген еді.
Ресейдің тергеу комитеті 2013 жылы «Сколково» жобасына қатысты 23,8 миллион рубльдің ұрлану фактісі бойынша іс қозғады. Қаржыны жымқырып қалу ісіне қатысты күдіктілердің қатарында «Жаңа технологияны өңдеу және коммерциялау қорының» департамент директоры Кирилл Луговцев, «Сколково» кедендік-қаржылық компаниясының бас директоры Владимир Хохлов бар. «Сколково» қоры төрағасының айтуынша, заң бұзушылық әрекеттер 2012 жылдың қыркүйегінде белгілі болыпты. Ал Луговцевтің заң бұзушылық әрекеттері сол жылдың ақпанында кезекті тексеріс барысында анықталған. Содан кейін Луговцев те, Хохлов та қызметінен босатылды.
«Сколково» жобасына құйылған қаражаттың өз игілігіне жұмсай алмаған топтың әрекетін араға бірнеше жыл салып Қазақстан да қайталады. Өзге елдің тәжірибесіне жүгінуді құп көретін біздің министрліктер көрші елдің қадамын да байқап көруге тырысқан секілді ме? Ғылым саласын дамытуды көздейтін жобалар жемқорлардың құрбанына айнала беретін болса, қазақ ғылымының келешегі қандай болмақ? Қазына қаржысын белгісіз мақсатта пайдаланған құзыретті тұлғалардың әрекеті қаншама жоспарланған жобаның жүзеге асуына кедергі келтірді. Алдын ала бекітілген жобалар осылайша аяқсыз қалатын болса, оларды бекітудің қаншалықты қажеті бар? Үш бірдей министрліктің жауапсыздығынан жоққа айналған 51 миллиард теңгенің сырын ашуға тырысқан комиссия мүшелері қыруар қаражатты игере алмайтын болса, ғылым саласына қаржы бөлудің мүлдем қажеті жоқтығын айтқан болатын. «Отандық ғылым саласын дамыту қолдан келмесе, қаржыны босқа шашудың қажеттілігі жоқ» деп кесіп айтты комиссия мүшелері. Әрине, комиссия мүшелерінің ұсынысы да орынды. Олар ғылым саласына қаржы бөлуді тоқтатып, есесіне сол қаражатты балабақша, жатақхана салуға жұмсау туралы ұсыныс білдірді. Бүгінгі таңда еліміздегі балабақшаның да, жатақхананың да қажеттілігі артып отыр. Ендеше, бұл ұсынысқа да ойлану қажет тәрізді.
Әсел ӘНУАРБЕК