Түркістан қаласындағы жаңа көшелер
Түркістан қаласындағы жаңа көшелер
Елбасы Жарлығымен Түркістан облыс орталығы мәртебесін алып, Түркістанға қарай көш басын түзеген облыс әкімшілігінің аппараты мен өзге де облыс деңгейіндегі мекемелердің көне шаһарға ат басын тірегендеріне де бір айдың жүзі болып қалыпты.
«Көш көлікті» болсынға бір ай толған күні облыс оталығы Түркістан қаласында Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде 7 мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, Түркістан қаласының дамуы туралы сөз қозғады.
– «Мінеки, Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келгенімізге тура бір ай болды. Облыс орталығында қарқынды жұмыс жүріп жатыр», деген облыс әкімі Түркістанның дамуына Елбасымыздың тікелей назар аударып, көңіл бөліп отырғанын, Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары екеніне тоқталды. «Өткен жылы 1 млн 190 мыңнан астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Алайда ол үшін қалаға жаңа әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал, сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу қажет. Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында қатынайтын жүрдек пойыз, Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында автобус маршрутын ашу бойынша алдын ала Өзбек-стан тарапымен келісіліп, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне жолданды. Қажетті жобалардың барлығы Кешенді жоспар жобасына енгізіліп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылды», – деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс әкімі бұдан әрі Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық пен 3 под-станция құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын, су, газ мәселелері жедел қолға алынатынын, тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1956 пәтерлі жалпы 33 тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткенін алға тартты. Сонымен қатар, облыс әкімі облыс кәсіпкерлерін Түркістан қаласына инвестиция салып, өз жұмыстарын жүргізуге тағы да шақыратынын, әкімдік тарапынан қолдау болатынын, Бас жоспар қабылданғаннан кейін Түркістанда құрылыс қарқын алатынын жеткізді.
Күн тәртібінде қаралған 7 мәселенің барлығы да маңызды. Бір айта кетерлігі, «Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы бірауыздан қолдау тапты. Осы шешімге сәйкес, Түркістан қаласындағы «32-разъезд» елді мекені Қарсақты елді мекені болып өзгертілсе, «30-разъезд» елді мекені Ескі Сауран деп аталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге атау берілді. Осыған сәйкес, облыс орталығында Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Күлтөбе және өзге де көшелер пайда болады.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» халықтың өмір сүру сапасын арттыруға (тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды – энергия және жылу көздерін, газбен, жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға), өңірлердің экономикалық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ өңірлерді функционалдық типологиясына және экономикалық әлеуетіне сәйкес дамытуға бағытталған, олардың нарықтық бастамада ішкі шоғырлануына, өзін-өзі ұйымдастыруға және өзін-өзі дамытуға көшуіне ықпал ететін әкімшілік-құқықтық және экономикалық сипаттағы шараларды айқындайды.
Сейітхан Зеберханұлы
Түркістан облысы