Скрипаль ісінің соны тарауы
Скрипаль ісінің соны тарауы
2018 жылдың наурыз айында Ұлыбританияның Солсбери қаласында уланған Сергей Скрипальдің ісіне әлі де нүкте қойылған жоқ. Қыркүйек айының басында ресейлік екі азамат Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улады деген күдікке ілікті. Сөйтіп, Англия билігі Александр Петров және Руслан Боширов есімді азаматтарға қатысты іс қозғауға дәлелдерінің жеткілікті екендігін мәлімдеді.
Британдықтар бұл жағдайға Ресей билігінің айыпты екеніне әлі де сенімді. Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Скрипальдердің улануына Ресейді айыптаса, ал Қауіпсіздік министрі Бен Уоллес бұл іске Ресей президенті Владимир Путинді тікелей кінәлап отыр. Сергей және Юлия Скрипальдер Ресейде әзірленген «Новичок» әскери уытты затының әсерінен уланғаны белгілі болған. Соңғы деректер бойынша, қылмыскерлер иіссудың сынамалы құтысы арқылы Скрипальдің үйінің есігіне «Новичок» өнімін жаққан. Аса уытты заттан уланған Скрипальдердің қазіргі жағдайы жақсы. Бірақ Британия билігі олардың орналасқан жерін әлі де жасырып келеді.
2018 жылдың шілде айында Ұлы-британия «Новичоктан» тағы бір адамның уланғанын мәлімдеді. Оқиға Солсбериден 11 шақырым қашықтықта орналасқан Эймсбери қаласында тіркеліпті. Уытты заттың құрбаны – 44 жастағы Дон Стерджесс. Әйелге бірге тұратын адам үйіндіден тауып алған әтірдің сынамалы құтысын сыйлайды. Сол құты 44 жастағы Стерджесс ханымның өліміне себепкер болды.
Петров пен Боширов дегендер кім?
Ұлыбританияның корольдік прокурорлық қызметі 2018 жылдың 5 қыркүйегі күні ресейлік Александр Петров пен Руслан Бошировты Скрипаль ісі бойынша күдікті деп таныды. Екі ер азаматқа сыртынан «Сергей Скрипальді өлтіру мақсатында астыртын сөз байласты», «Сергей және Юлия Скрипаль, полиция қызметкері Ник Бэйлиді өлтіруге әрекет жасады», «Юлия Скрипаль мен Ник Бэйлиге ауыр жарақат салды», «Химиялық қару туралы заңға» қарсы «Новичок» препаратын қолданды» деген айыптар тағылды. Ұлыбританияның прокурорлық қызметі Ресейден аты аталған азаматтарды экстрадациялауды сұрамайтынын, оларды тұтқындауға еуропалық ордер берілгенін дереу мәлімдеді. Яғни, күдіктілер Еуроодақтың бір елінде қолға түссе, сол ел Петров пен Бошировты Англияға тапсыруы тиіс. Кейінірек Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй Петров пен Бошировтың Ресей ГРУ-інің офицерлері екенін сенімді түрде хабарлаған. Алайда Ресей Сыртқы істер министрлігі жарияланған күдіктілердің есімдері мен суреттері ешнәрсені де білдірмейтінін мәлімдеп үлгерді. Күдіктілердің жеке бастарына қатысты ақпарат берген санкт-петербургтік «Фонтанка» интернет газеті Шереметьев әуежайынан Лондонға ұшқан (2018 жылдың 2 наурызы) Петров пен Бошировқа тиесілі төлқұжаттардың нөмірін анықтапты. Газетте жарияланған деректерге сүйенсек, бір төлқұжаттың соңғы саны – 1297, ал екіншісінікі – 1294. Бұл цифрлардың бір-біріне тым жақын болуы күдік тудыратыны жасырын емес. Газеттің жазуынша, бұл төлқұжаттар Боширов пен Петровқа 2 жыл бұрын берілген. Сол құжатпен олар Еуропаға жиі сапарлап отырған көрінеді. 2016 жылдың қыркүйек айынан 2018 жылдың наурыз айына дейін Амстердам, Женева, Миланға және бірнеше рет Парижге барыпты. Сондай-ақ, Солсберидегі оқиғаға дейін Петров 2017 жылдың 28 ақпаны мен 5 наурызы аралығында Лондонда болған екен. Скотленд-Ярдтың мәлімдемесіне сүйенсек, Петров пен Боширов Сергей және Юлия Скрипальдер уланған уақытта (2018 жылдың 2-4 наурызы аралығында) Ұлыбритания аумағында болған. Полиция қызметкерлерінің зерттеуі бойынша, Гэтвик әуежайына жұма күні күндізгі уақытта ұшып келген ресейліктер Ист-Лондон қонақүйіне барған. Мұнда олар сенбіге дейін болған. Сөйтіп, сенбі күні пойызбен Солсбериге келеді. Полицияның болжамынша, бұл Солсбериге алдын ала жасалған барлау. Жексенбі күні әлгі азаматтар дәл алдыңғы жолмен Солсбериге тағы да барады. Полицияның мәлімдемесіне сүйенсек, Петров пен Боширов Скрипальдің үйіне жақын жерде бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Солсбериден кетісімен Петров пен Боширов Лондонға келіп, жексенбі күні кешкі уақытта Мәскеуге ұшып кеткен. Кейін осы іске қатысты тергеу жүргізген полиция қызметкерлері Петров пен Боширов аялдаған қонақүй бөлмесін тінту барысында ол жерден жүйке-сал ауруына шалдықтыратын «Новичок» препаратының ізін тапқан.Виктория Скрипаль не дейді?
Скрипаль ісіндегі маңызды кейіпкерлердің бірі – Виктория Скрипаль. Өзін Сергей Скрипальдің жиенімін деп таныстырған ол біраздан бері бұл оқиғаға қатысты баспасөз беттерінде жиі пікір білдіріп жүргені мәлім. Ұлыбританияның соңғы мәлімдемесіне қатысты да Виктория Скрипальдің айтары бар көрінеді. Ол ресейлік ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында ағасының улануына қатысты істе күдікті деп танылған Александр Петров пен Руслан Бошировты танитынын айтқан. Викторияның сөзінен Петров пен Бошировтың бұл іске қатысы жоқтығын ұғынуға болады. Оның айтуынша, Петров пен Боширов – қарапайым азаматтар. Олардың мемлекеттік қызметке еш қатысы жоқ. Бірақ Виктория Скрипальдің қандай дереккөздеріне жүгініп жүргені ешкімге мәлім емес. «Александрмен де, Русланмен де жеке таныс емеспін. Таныстарым арқылы олардың қандай адам екендіктерін анықтадым. Бірақ оларды іздеп немесе байланыс орнатуға тырыспаймын. Олар да біз секілді қарапайым адамдар. Олар түзу жолдағы жандар. Әзірге неге дәл олардың нысанаға түсіп қалғанын түсіне алмай отырмын», – деп мәлімдеді Виктория Скрипаль.Турист пе, тыңшы ма?
2018 жылдың 12 қыркүйегі. Владивостокта өткен Шығыс экономикалық форумында Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеме жасап, Кремльдің Скрипаль ісіне қатысты Ұлыбритания күдікті деп таныған азаматтарды тапқанын айтты. Ол өз сөзінде Александр Петров пен Руслан Бошировтың қарапайым азаматтар екенін және олардың бұған дейін ешбір қылмыстық іске қатысы болмағандығын атап өтті. Айта кетейік, ағылшын билігі Петров пен Бошировты ГРУ офицерлері деп атаған болатын. Ал Владимир Путин аты аталған азаматтардың билікке еш қатысы жоқтығын айтып, сыпайы түрде олардың өздері туралы мәлімет беретініне үміттенетіндігін жеткізді. Бірақ Путиннің «күдіктілерді өзіміз тауып бердік» деген сыңай танытқанына күдікпен қарағандар көп болды. Дегенмен, Ресей басшысының үміті көп ұзамай-ақ ақталды. Президент мәлімдемесінен кейін араға 2 күн салып RT телекомпаниясы YouTube желісінде Петров пен Бошировтың сұхбатын жариялады. Сұхбаттарында ресейлік екі азамат Ұлыбританияға турист ретінде барғанын айтқан. Алайда Петров пен Бошировтың сөзіне сенгендер мүлдем болған жоқ. Ресейде де, Англияда да екеуінің өздерін сенімсіз ұстағанына шүйліккендердің қарасы қалың. Сондай-ақ, олардың оқиғаны сенімсіз баяндағаны да жұрттың күмәнін арттырды. Әлбетте, Путиннің өзі тауып берген ресейлік Петров пен Бошировқа қатысты Кремль де тергеу жүргізді. Нәтижесінде олар Петров пен Бошировтың Солсбериге қыдырып барғандығын қуаттады. Тіпті, бұл екі азаматтың арнайы барлау қызметінің агенттері екеніне ағылшындық ақпарат құралдары да бір сәтке күмәнданып қалғандай болды. The Daily Mail ресейлік «Московский комсомолец»басылымындағы бір материалды жариялады. Онда атын-жөнін жасырған ГРУ-дің бұрынғы қызметкері ондай әрекетке баратын агенттердің алдын ала сапалы құжаттар әзірлеп, тіпті, өздерін ақтап алатын әңгімелерді де алдын-ала тәптіштеп дайындап қоятынын айтқан. Сондай-ақ, олар ешқашан өз елінің төлқұжатымен жолға шықпайтын көрінеді. Осыдан кейін британдық репортерлер Петров пен Боширов басты күдікті емес, бақылаушы болуы мүмкін деген болжамға жүгіне бастады. Яғни, өздеріне назар аудартқан екі азаматтың арқасында негізгі агенттер тасада қалып қойған. Өкінішке қарай, қазір Солсберидегі Скрипаль ісін объективті түрде тергеу мүмкін болмай тұрған сыңайлы. Ұлы-британия өздері ұсынған нұсқадан айнуға ниетті емес. Ағылшын билігіне қолдау көрсетіп отырған Вашингтон «Новичок» уытты затын қолданғаны үшін Мәскеуге жаңа қатаң санкция енгізу туралы шешімімен ел-жұртты алдын ала құлақтандыруда. Ал бұл оқиғада айыпталып отырған Мәскеу 6 айдан бері бірде-бір рет кінәні мойнына алған жоқ. Тіпті, Кремль билігінің мұндай ойы да байқалмайды. Оқиғаның қазіргі ахуалын бағамдасақ, Скрипаль ісі жақын арада жабылмайтын сыңайлы.