Байлыққа жетелеген табандылық

Қытайдың әйгілі Alibaba холдингінің негізін қалаушы және директорлар кеңесінің мүшесі Джек Ма тұп-тура 54 жасқа толып, 10 қыркүйек күні зейнетке шықты.

«Зейнетке шығу – менің жұмыс мансабымның аяқталғаны емес, керісінше басталғаны», – деді кәсіпкер The New York Times басылымына берген сұхбатында. Джек Маның әріптесінің хабарлауы бойынша, ол зейнеттегі ғұмырын қайырымдылыққа, білім саласын арттыруға бағытталған жұмыстармен айналысуға арнамақ. Джек Ма Alibaba Group холдингінен біржолата кетпек емес. Ол директорлар кеңесіндегі қызметін жалғастыра береді. Осылайша, ол компаниядағы саясатты өз бақылауында ұстайды. Джек Ма зейнетке шығу туралы ойын осыдан екі жыл бұрын Гонконгта өткен конференцияда айтқан болатын. Бұл әрекетінің басты себебі кеңседе тапжылмай отырып жұмыс істеуден шаршаған көрінеді.

Forbes журналының 2017 жылғы мәліметтері бойынша, Ма Қытайдың ең бай адамдарының арасында үшінші орында тұр. Оның жеке капиталы – 38,9 миллиард доллар. Ол Alibaba жоспарын 1999 жылы ойластырып, соңынан ілескен небәрі 17 адаммен бірге қарқынды жұмыс бастаған еді. Мақсатқа жету жолында түрлі қиындықтарды бастан кешірсе де, тағдырдың сынағына мойымаған азамат бүгінде әйгілі тұлғаға айналды.

Джек Ма 1964 жылы 10 қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу өлкесінде дүниеге келген. Ата-анасы қарапайым музыканттар болған. Отбасындағы үш баланың ортаншысы: ағасы мен қарындасы бар. Джек Маның шын аты – Ма Юн. 12 жасында ағылшын тіліне қызығып, үйренбекке бекінеді. Бұл үшін тіл үйренудің өзгеше әрі тиімді тәсілін таңдайды. Юн шетелдіктермен сөйлесу үшін үйінен 40 минуттық қашықтықта орналасқан қонақүйге велосипедпен 9 жыл бойы күнде таңертең барып тұрған. Ауа райының қары да, жаңбыры да Юнге кедергі болмаған. Ағылшын тілін жетілдіру мақсатында туристерге Ханчжоу қаласын аралатып, тегін экскурсия жасаған. Сол туристердің бірі оны – «Джек» деп атап кеткен. Бұл есім бүгінде Ма Юннің шын атындай айтылып, бизнес саласында «Джек Ма» болып танылды.

Шетелдіктермен араласу арқылы Юннің ой-пікірі өзгеріп, әлем жайлы кеңірек ойлай бастаған. Өзінің айтуынша, туристерден ата-анасы және мектептен естімеген, мүлдем басқа нәрселерді білген. Бұл оның өзі қатарлас балаларға қарағанда өзгеше ойлауына әсер еткен.

Болашақ кәсіпкер ағылшын тілін жақсы меңгергенімен, жалпы сабақты нашар оқыған. Бастауыш сыныптағы тесттен үш рет, жоғары сыныптағы емтиханнан төрт рет құлаған. Гаокао – әлемдегі ең қиын емтихандардың бірі ретінде саналады. Джек оны бірінші тапсырғанда математикадан 120 сұрақтың тек біреуіне ғана дұрыс жауап берген. Екіншісінде 19-ына, ал үшінші рет 89-ына дұрыс жауап беріп, педагогика мамандығы бойынша оқуға түскен. Бұл – Джек Маның табандылығы мен дайындығының көрсеткіші.

Джекке тек оқуға түсу ғана емес, жұмысқа орналасу да қиын болған. Қандай бір жұмыс орнына барса да, мейлі қара жұмыс болсын, оны жұмысқа алмаған. Қазір сол кездері жайлы Джек Ма күле еске алады: «Мені жұмысқа алудан 30 рет бас тартты. Жұмысқа орналасу үшін  әңгімелесуге барғанымда, маған «сен жарамайсың» дейтін. Мен тіпті, KFC-ге де бардым. KFC алғаш Қытайға келгенінде, 24 адам бардық. Соның 23-і қызметке қабылданды, тек бір адам қабылданбады. Ол – мен болдым. Сосын жұмыс іздеп басқа жерге бардым. 5 адам бардық, тек біреуін жұмысқа алмады. Қабылданбаған жалғыз адам – тағы мен болдым».

1995 жылы Джек Ма алаяқтардың арбауына түсіп, Америкадан бір-ақ шығады. Бұл оқиға жайлы Джек есіне алғысы келмейді, ал оның сұхбаттарында бұл оқиға жайлы мүлдем айтылмайды. Джектің Америкада басынан өткен жағдай туралы Дунган Кларктың «Alibaba» кітабында жазылған. Алаяқтардан қашқан Джек Сиэтлдағы турист достарының үйін уақытша паналап, сол кезде интернетпен танысады.

Джек интернетке бірден «Қытай» (China) деп тергенде ешнәрсе табылмайды. Бұл Джекке қатты әсер етеді. Ол интернетте Қытай туралы ақпараттар енгізгісі келеді. Ол Ханчжоуға шабыттанған, ерекше әсермен оралады. Америкадан өзімен бірге ескі компьютерді ала келеді. Джек халық арасында ең болмаса, интернеттің не екенін білсін деп, интернет жайлы айта береді. Тіпті, бұл үшін Билл Гейтстің атағын да пайдаланған. Қытайдағы халық интернеттің не екенін білмесе де, Билл Гейтсті танитын. Джек «Интернет – әлемді өзгертетін нәрсе, бизнестегі басты құрал» деген мағынадағы пікірді айтып, бұның авторы Билл Гейтс деген. «Егер мен, Джек Ма айтты десем, маған кім сенеді? Ал Билл танымал. Оған сенетін еді. Мен ерте ме, кеш пе, Гейтстің осы мағынадағы сөзді айтатынын білдім» дейді ол. Көп ұзамай Гейтс те бизнестегі ең маңызды нәрсе интернет екендігін айтады.

Осылайша, Джек Alibaba жүйесіне келеді. Джекке «Алибабаны құру – ең топас идея» дегендер жеткілікті болған.  Сайттың негізін салған алғашқы 18 адамның тек үшеуі ғана интернеттен хабары бар, сайт жасай алатын мамандар болған. Ал Джек Мамен қосқанда, қалған 15 адамның интернет жайлы білімі таяз, бағдарламалаудан хабары болмаған. «Ең бастысы – сенім. Біз компаниямызға сендік. Мәселе түскен табыста емес. Біз үшін тұтынушылардың ризашылықтары ең басты табыс болды. Бұған біздің қызметкерлеріміз сенді. Бізде мүлдем табыс болмаған кездегі бір оқиғаны айтайын.  Мен мейрамханада тамақтанып болған кезімде, жаныма бір кісі келіп, хат қалдырып кетті. Бұл хатта «Сәлем, Джек! Мен Alibaba қолданушысымын. Мен сенің одан табыс таппайтыныңды білемін. Сондықтан есепшотты мен төлеймін». Осыған ұқсас жағдайлар жиі болды. Бір күні барда отырғанда бейтаныс біреу келіп, темекі ұсынып, қолыма хат ұстатты. Хатта «Сенің сайтыңа рахмет! Мен сенің одан ақша таппайтыныңды білемін. Бұл менің саған арнаған кішкене сыйлығым» деп жазыпты. Бұл біздің бағытымыздың дұрыс екеніне көз жеткізді. Бізге жалғастыру керек болды. Келесі 10 жылда, біз шынымен табысты болдық. Осы оқиғалар бізге күн сайын мотивация берді», – дейді миллиардер.

Джек Ма әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылғанымен, ол қарапайымдылықты жөн деп санайды. Өзін  мақтамайды. Ол жастарға ерекше көңіл қояды. Елді дамытатын, жаңа инновациялық дүниелерді жасайтын да осы жастар екеніне баса назар аударады.

Джек Ма 4 млрд доллар мен Alibaba Group-тың 2 пайызын қосып, қайырымдылық қорын құрған. Қор денсаулық сақтау, білім және қоршаған ортаны қорғаумен айналысады. Сондай-ақ, 2010 жылдан бастап Alibaba Group жылдық табысының 0,3 пайызын табиғатты қорғау қорына аударып отыр. Оған қоса Ма табиғатты қорғау комитетінде қызмет атқарып, экологияны сақтауға да қаражат бөледі. Джек қайырымдылықпен қатар, медиабизнеске де ақша құюда. Оның иелігіне «South China Morning Post» газеті, «eBussines Review» басылымы, «Huxiu» бизнес блогы, China Business Network онлайн басылымы, сондай-ақ, кино өндірісі мен тағы басқа жобалар тиесілі.

Әлемде 14-ші бай азамат ретінде тіркелген Джек Маның еңбегі мен адами асыл қасиеттері барша адамзатқа үлгі болары сөзсіз. Көрсеқызарлыққа салынбай, өмірді қарапайым адам ретінде бағалаған миллиардердің тұп-тура 54 жасында зейнетке шығуы, бірінші кезекте ақшаға құнықпағанын байқатса, екіншіден, жастарға орын бергенін көрсетеді. Табиғат Джек Маға тек материалдық байлық қана емес, нағыз адами құнды қасиеттерге толы рухани байлықты да төгіп берген екен.

Джек Маның Қазақстанға айтқан кеңесі

«Қазақстан туралы көп білімім бар деп айтпай-ақ қояйын. Бір білетінім, қолдарыңыздан мұнай шығару келеді, сондықтан ірі компанияларыңыз көп. Егер сервис қызметтерін дамытқыларыңыз келсе, экономикаларыңыз екпінді болсын десеңіздер, Қазақстанға айтар кеңесім, сіздерде шағын компаниялар мен шағын кәсіпорындар көп болуы керек. Ал көп шағын компанияларыңыз болсын десеңіздер, сіздерде кәсіпкерлер көп болуы керек, жастарға дем беріп, оларды оқытыңыздар. Орта тап барлық елдің экономикасын күшейтеді.  Өздеріңіз өнім шығарыңыздар, бұл сіздерге пайдалы, елдеріңіз үшін пайдалы. Бұл – әлемдік  проблема. Бізде өте бай адамдар бар, бірақ бізде кедей адамдар да өте көп. Ал орта табымыз қайда? Сауда, шағын бизнес орта тап өкілдерінің санын миллионға жеткізе алатын сала. Орта тап күштірек болса, ел жаңарады, тұрақты әрі қуатты болады. Қазақстанның айтарлықтай мүмкіндіктері бар. Сіздерде ірі және шағын компаниялар бар, олар өзгере алады. Болашақ – шағын компанияларда. Нарықта ірілер болмайды, жақсылары ғана болады. Шағындары күштірек әрі тұрақты болады. Осы жағдайда ел экономикасы өте қуатты болады. Мен осыған сенемін».

Back to top button