Нұрсұлтан Назарбаев: Астана мен Анкараның ұстанымы ұқсас
Нұрсұлтан Назарбаев: Астана мен Анкараның ұстанымы ұқсас
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Анкара қаласында өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысына қатысты.Елбасы кеңес отырысында Түркияның еліміз үшін маңызды инвестициялық әріптес екенін айтып, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды нығайта түсудің нақты шараларын атап өтті.
Ең алдымен, өзара ынтымақтастық мәселелерін шешу үшін екі ел арасындағы үкіметаралық комиссияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, инвестициялық әріптестікті дамыту перспективалары туралы сөз қозғады. «Бүгінде Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын жаңартуда. Біз осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Орталық Азиядағы жетекші логистикалық хабқа айналуды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты, бізге елдеріміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажет», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы мұнай-газ және әскери-өнеркәсіп салаларындағы қатынастарды нығайту мәселелерін де назардан тыс қалдырған жоқ. Одан бөлек агроөнеркәсіп кешенінде, туристік және ғылыми-техникалық салаларда тиімді байланыстар орнатудың маңыздылығына тоқталды. Кеңес отырысының соңында Елбасы бұл шараның екіжақты қатынастарға одан әрі тың серпін беретініне сенім білдірді.
Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді. Түркия Республикасына жасаған ресми сапарын қорытындылаған Мемлекет басшысы ең алдымен түрік елінің президенті Режеп Тайип Ердоғанға қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс білдірді. Одан кейін Елбасы екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипатына тоқталып, Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасы барлық бағыттар бойынша нығая түсетінін тілге тиек етті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының президенті Режеп Ердоғанмен өткен келіссөз нәтижелеріне де жан-жақты тоқталды. «Түркия президентімен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз өткіздік. Бұл кездесу өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Жалпы, Астана мен Анкара өңірлік және халықаралық проблемаларды әрдайым ашық талқылайтынын атап өткім келеді. Бұл мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас», – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше тоқталды. «Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын бар. Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жеткіземіз деп келістік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті түрік инвесторларын Ақтау және Құрық порттары негізінде жұмыс істеп жатқан көлік-логистика хабын дамытуға белсенді атсалысуға шақырып: «Бүгінгі келіссөздер барысында біз көлік-транзит, мұнай-газ, әскери-техникалық, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастығымызды талқыладық. Біз осы бағыттар бойынша өзара ықпалдастығымызды нығайтуға уағдаластық», – деді Мемлекет басшысы.
Ал Түркия Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан басшысымен өткен кездесулердің нәтижесін жоғары бағалайтынын жеткізе отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне қатысты келіссөздердің маңызды нәтижелеріне тоқталды.