Орталық Азия елдерінің «шенген визасы» пайда болуы мүмкін

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Орталық Азия елдерінің арасында «Шенген визасын» әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы ол Жібек жолы бойындағы елдер қатысатын «Бірлікке барар жолда» атты форумда мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе туристік өнім шығаруды жоспарлап отыр. Екі ел өздерінде бар ресурстарымен бірін бір толықтырып отыр. Өзбек азаматтары түркі елдерінің қасиетті орны Түркістанды, қазақстандықтар туризм маржандары Бұхара, Самарқанд, Хиуа қалаларына барады», – деді Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, Қазақстан Жібек жолы бойы аймағында туризмді дамыту үшін виза режимін жеңілдету мен авиа және көлік байланысын жақсарту секілді мәселелерді көтеріп отыр.

«Қазіргі таңда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы виза мәселесі шешіліп жатыр. Осы мәселеге Қырғызстан мен Тәжікстан да қызығушылық танытып отыр. Егер елдер өзара түсінісіп, ортақ келісімге келсе алдағы уақытта Орталық Азия мемлекеттерінің «шенген визасын» әзірлеу мүмкін болмақ», – деді министр.

Оның айтуынша, бұл бастама туристер ағынын көбейтіп, Жібек жолы бойындағы аймақтардың әлемге танылуына мүмкіндік бермек.

Еске сала кетсек, Астанада Жібек Жолына қатысушы елдердің «Бірлікке барар долда атты» халықаралық форумы өтіп жатыр. Шараны ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен әуе көлігі халықаралық қауымдастығы, Kazakh Tourism ҰК.

Back to top button