"Тайсойған" қайтарылмақ, ал полигон азабын кім төлейді?

"Тайсойған" қайтарылмақ, ал полигон азабын кім төлейді?

"Тайсойған" қайтарылмақ, ал полигон азабын кім төлейді?
ашық дереккөзі

Соңғы бірнеше жылғы келіссөздердің арқасында Атырау облысындағы Ресейге жалға берілген Азғыр-Тайсойған полигонының 90 пайызы Қазақстанға қайтарылатын болды. Алайда қайтарылатын болды деп бөркімізді аспанға атуға әлі ерте. Өйткені елу жылдан астам уақыт жарылыстан көз ашпаған полигонның терең қойнауына дейін сіңіп қалған гептил зардабын есептеп, ондағы тұрғын мен жан-жануарларға келтірген зиянын тексерген ешкім жоқ. 

Тайсойған полигоны Ресейге сонау 1949 жылдан жалға беріліп келеді. Ол Атыраудан 250 шақырымдай, аудан орталығы Мия­лы елді мекенінен 60 шақырымдай алыста. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ширек ғасыр уақытында Азғыр-Тайсойған полигонын жалға беру келісімі қайта жасаған еді. Сынақ алаңы 749 мың гектар. Қызылқоға ауданымен қоса, Индер ауданының екі ауылы мен Атырауға қарасты Ақжар ауылы да полигон аумағына еніп кеткен. Сөйтіп, бұл ауылдарда тұратын 1,5 мың адамның азаматтығы Қазақстанға, үй-мүлкі Ресейге тиесілі болатын. Олардың көбі аумақтың Ресей тарапына жалға берілгендігі себепті үй құжаттарын рәсімдей де алмаған. Олар тіркеуге тұру, жаңа туған сәбилеріне куәлік алу үшін көрші аудандарға қатынауға мәжбүр. Ғалымдар Тайсойған полигоны туралы ақпараттың тым сараң екендігін айтады. Қолда бар деректерге қарағанда, мұндағы сынақ 1952 жылы басталып, 1966-1977 аралығында 24 мәрте ядролық жарылыс жасалған. Жарылыс тереңдігі – 500 метрге дейін жетіп, Тайсойған учаскесі 3-ке бөлінген. «Аса құпия» деген мәліметпен жеті қат жерге көмілген мұрағатта тағы қандай деректер жатқаны бізге беймәлім. Бұл бізге белгілісі ғана. Дегенмен Тайсойған полигонына жапсарлас елді мекендегі отбасылардың денсаулық жағдайы мәселенің түп-тамыры тереңге кеткенін зерттемей-ақ алақанға салып бергендей. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің деректеріне сүйенсек, Тайсойған елді мекеніндегі бір отбасында 8 адам ауруға ұшыраған, тағы бір отбасында үш баланың ақыл-есі кем екен. Мұндай ахуал Тайсойған полигоны орналасқан Қызылқоға ауданының барлық ауылына тән көрінеді. Әсіресе, туа­дан ақыл-есі кем, мүгедек, сал ауруына ұшырағандарды көптеп кездестіресіз. 7 жасында 70-тегі шалдай қартайып кеткен Нұржан Өркешбаев та осы ауылдан. Оған дүниежүзінің білікті мамандарының өзі нақты диагнозын қоя алмай, таңдай қағысуда. Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, биыл ақпан айының басында Қазақстан Президенті Қорғаныс министрлігіне үкіметаралық келісім жасау өкілеттігін бергендігін айтады: – Қазір Тайсойған полигонының Ресей пайдаланбай отырған бөлігін қайтарып алудың жобасы жасалып жатыр. Бұдан кейін келісім Парламентке енгізіліп, ратификация жасалынатын болады. Сөйтіп ол күшіне енбек. Қорғаныс министрлігіндегілердің мәліметі бойынша, аталған құжатқа наурыздың соңында қол қою жоспарланып отырған көрінеді, – деген ол журналистерге берген сұхбатында. Ресей тарапы да, Қазақстанның құзырлы органдары да 2000 жылдан бастап Тайсойғанда бір де бір сынақтың жасалмағандығын көлденең тартуда. Бірақ, бұл дегенің Тайсойған аумағының жері жайылымға немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруге жарамды дегенді білдірмесе керек. Қазақстандық ғалымдар ядролық қалдықтардың көлемі мен оның халық денсаулығы мен экологияға келтіретін зиянын зерттеу қажеттігін айтуда. Ресми ақпаратқа жүгінсек, полигон аумағы ұшу аппараттарын сынау кезінде қауіпсіз зона ретінде пайдаланылып келген. Оған төленетін жал құны – жылына 4 миллион долларға жеткен. Полигон аумағының пайдаланылмай жатқан бөлшегін қайтару туралы мәселе 2011 жылы қозғалған болатын. Бірақ сол кездегі Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «Тайсойған қайтарылса, оның орнына Ресейге жалға басқа аумақ қарастырылады», – деген болатын. Ал әзіргі ақпараттарды екшеп отырып, Тайсойған орнына айырбас жасау туралы мәліметтерді ұшырастырмадық. Қазақстандықтар Тайсойғон жерінде мал өсіріп, ауылшаруашылығы өнімдерін егуді мақсат етеді. Алайда ол үшін оның экологиялық жарамдылығы тексерілуі қажет. Екіншіден, Тайсойған аумағынан ірі мұнай қоры табылғалы біраз уақыт болған. Онда «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Уәз, Қондыбай кен орындары жұмыс істейді. Алайда мұнай кенінің 40 пайызы полигон аумағында қалғандықтан оны толықтай игеру мүмкін болмай келген. Ол үшін Ресейлік әскери ұйымның арнайы рұқсаты керек. Ең бастысы жалға берілген аумақ туралы екі ел арасындағы келісімдер бойынша, бұл мүмкін емес. Сөйтіп, бұған дейін өз байлығымызға өзіміздің қолымыз жетпей келген еді. «Енді наурыз айында бұл кен орындарын игеруге де жол ашылады», – деп отыр сенатор Сәрсенбай Еңсегенов. Ескерте кететін бір жайт, 2013 жылы Байқоңыр даласына құлаған гептилдің өтемақысын ала алмаған Қазақстан үкіметі Тайсойғанды, экологиялық тұрғыдан зардапты аймаққа айналдырғаны үшін Ресей тарапынан құн сұраймыз деп қалды. Байқоңырдағы «Протон» апатына қатысты әлі күнге дейін тұщымды жауап ала алмаған Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Тайсойғанға» қатысты бірдеңе өндіре қояр ма екен?! 2006 жылы сенатор Еңсегеновтің осыған қатысты депутаттық сауалына сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімнің жолдаған жауап хатында 2006 жылы Тайсойған полигонына кешенді экологиялық, демографиялық зерттеу жүргізілгені айтылып, әскери сынақ алаңына таяу маңдағы елді мекен тұрғындарының денсаулығына Тайсойған полигонының кері әсері болмаған деген тұжырым жасалыпты.