Жаңалықтар

Гүлмира Ақүрпекова, әнші: Қазір әншілер үшін дауыс емес, диск қадірлі

ашық дереккөзі

Гүлмира Ақүрпекова, әнші: Қазір әншілер үшін дауыс емес, диск қадірлі

Қазақ эстрадасында жүзін көрмей, дауысын тыңдап-ақ кім екенін жазбай танитын әнші санаулы десек, ол – соның бірі ғана емес, бірегейі. Қазақ қызы онша ұстай бермейтін аспап – гитараны сахнаға имене көтеріп шыққан талдырмаш қыз ол кезде тыңдарман сағынып іздейтін әншіге айналамын деп ойлаған да жоқ еді. «Әйел монологы», «Тамды аруы», «Шырқа, гитара» сынды әндерді тамылжыта орындап, қазақ эстрадасында өзіндік жолын қалыптастырған әсем үн иесі Гүлмира Ақүрпековамен сұхбаттасу бір ғанибет. 

– Гүлмира ханым, тыңдармандарыңыз сізді біраз уақыт жоғалтып алғандай болды. Сахнадан да, бұқаралық ақпарат құралдарынан да көрінбей кеттіңіз. Қайда жүрсіз?

–  Неге екенін білмеймін, осы сұрақ маған жиі қойылады. Мен ғана емес, орта буынға жататын әншілердің бәрі қазір жастарға қарағанда сирек көрінеді. Бұл заңдылық шығар. Жастық шағымызда жалындадық, енді кезекті өскелең буынға беруіміз керек деп ойлаймын. Кезінде біздің аға-әпкелеріміз де сөйтті. Сахнадан да, теледидар мен радио эфирінен де бізге көбірек орын беруге тырысты. Халыққа танылуымызға, өз жолымызды, бағыт-бағдарымызды табуға мүмкіндік берді. Бірақ мен жас күнімде де өзімді көрсетіп қалу мақсатымен ой мен қырға шаба бермейтінмін. «Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады» дейді ғой қазақ. Шақырылмаған жерге бармаймын, сыйлы болғым келеді. Есік жабық тұрса терезеден кіретін әншілердің қатарынан емеспін.

Жасымыз біраз жерге келген соң қазір шақырған жердің өзіне таңдап баратын болдым. Теледидарды қосып қалсаң, не көп – шоу көп. Қазақы тәрбиені санаға әбден сіңіріп өскендіктен бе, батыстан сыналап енген мұндай құбылыстарға жаным қас. Жазып берген сценарий бойынша біреудің кейпіне ену, мыңдаған көрерменнің алдында қызылкеңірдек боп дауласып жату табиғатыма келіңкіремейді. Жастар еліктегіш қой, олардың жасанды қылықтарына кешіріммен қарауға болар. Ал менің қатарластарым сайқымазақ болатын жастан баяғыда асып кеткен. Шоу екен деп, өз балаларымен қатар жастармен бірге есіріп кететін әріптестерімді көрем де, қатты ұялам. Сондықтан бағдарламаларға шақырса, тақырыбын, мән-мағынасын жақсылап сұрастырып алам. Эфирде сөйлейтін сөзім, айтатын әнім салмақты болуына баса мән беремін. Жаныма жақын дүние болмаса, бірден бас тартам. Жас кезінде шошаңдамаған адам ақыл айтатын жасқа келгенде секеңдеп жүрсе жараса ма?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жоғалтқанымызды түгендесек, шаң басып жатып қалған мұрамызды жаңғыртсақ деген   құлышыныс басым болды. «Орысша білмесең, наныңды тауып жей алмайсың» деген қатып қалған қағиданың күл-талқаны шығып, қазақ тілін үйренгісі, өз дәстүрін ұстанғысы келетіндердің қатары көбейді.  Халық әндерін, жат сөздерден, бөтен дыбыстардан ада қазақтың төл музыкасын шырқау қайтадан сәнге айналды. Ауылдан енді ғана келіп, орысшаның ықпалына алдырта қоймаған мен сияқты жастардың айы оңынан туды. Бізді халыққа танытқан – тап  сол кезең. Көрермен мені ең әуелі қалай таныса, сахнадан кеткен соң да сол образыммен ел жадында сақталғым келеді. Өкінішке қарай, қазір орысшаның әсері ағылшын тілінің ықпалымен салыстырғанда түкке тұрмай қалды. Жаһандану деп есік-тереземізді айқара ашқан соң төл мәдениеттің, ұлттық өнердің қауіпсіздігін күшейтпесе болмайды. Әйтпесе, мән-мағынасы жоқ қызылды-жасылды шоулар, батыстың оспадарсыз ойыны мен арзан күлкісіне етіміз үйреніп барады. Егер қазақтың тағылымды тарихынан сыр шертетін, ұрпаққа ұлттық құндылықтардың мәнін ұқтыратын, тек қана қазақтың әні мен күйін, биін дәріптейтін бағдарламалар көбейсе, мен де жиі көрінер едім.

– Әріптестеріңіз шоуды жарнаманың таптырмас құралы деп түсінеді. Сіз телебағдарламаларда ғана емес, пиардың ошағына айналған әлеуметтік желілерде де белсенді емессіз. Жарнамадан қағылам деп алаңдамайсыз ба?

– Жарнамадан қағылсам, азар болса бір концертке немесе бір тойға шақырусыз қалармын. Одан атағым аласарып қалмас. Енді ғана ержетіп, бойжетіп келе жатқан ұрпақ танымауы мүмкін демесеңіз, кезінде әндерімді тыңдап өскен ұл-қыздарым, іні-қарындастарым ұмыта қойған жоқ. «Қайда жүрсіз, неге көрінбей кеттіңіз?» деген сауалдардың көп қойылуы да іздеушімнің барын, өнерімді бағалайтын қауымның қарасы қалың екенін білдірсе керек.

– Сіздің бағыңызды ашқан ән  «Шырқа, гитара» десек, қателеспеспіз. Жуырда ғана «Досым сыйлаған гитара» атты әніңіз жарыққа шықты. Қарап отырсақ, әніңіз де, сахнадағы сәніңіз де – осы аспап. Гитараға деген ықыласыңыз қалай оянғанын білгіміз келеді.

– Жетінші сыныпта оқитын кезім болатын. Тараз (ол кезде Жамбыл) қаласында оқитын ағам каникулға келгенде үйге гитара көтеріп келді. Келе салып, менен кейінгі інім Нұрланға аккордтарды үйрете бастады. Мен ағамның айтқандарын қалт жібермей отырып, аспаптың тілін Нұрланнан бұрын меңгеріп алдым. Кейін гитараға ілесіп ән айтуды үйрендім. Бірақ бойымда ұяңдық басым болғандықтан ба, көпке дейін бұл өнерімді сырт көзге көрсеткен жоқпын. Оның үстіне, есейген сайын анама көмектесіп, үйдің тірлігіне көбірек көңіл бөле бастадым да, мектептегі мәдени іс-шаралардан тыс қалып жүрдім. Тіпті бір сыныпта оқитын жақын құрбыларым да гитарада ойнайтынымды білмейтін. Сабақтан, үй шаруасынан бос кезде ғана оңаша қалып, ән айтқанды ұнататынмын. Кейін Абай атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетіне түскеннен кейін ғана көптің алдында өнер көрсете бастадым. Әуелі курсымның, одан кейін институттың намысын қорғап, әр түрлі байқауларға қатыстым. Домбырамен, гитарамен де қатар ән шырқап жүрдім. Бірақ домбыра ұстаған қыздар көп болғандықтан болар, ұлттық аспаппен шырқаған әндерім ешкімді елең еткізе қойған жоқ.  Есесіне, гитарамен ән салып беруімді қолқалайтындар көбейді. Өйткені қазақ қызының гитара ұстауы ол кезде халыққа таңсық еді. Өзім қазақша көйлек киіп, үкімді тағып, домбырамен ән айтқым келсе де, көптің сұрауынан аса алмадым. Теледидар мен радиоға, концерттерге шақырса да, режиссерлар мен редакторлар гитарамен келуімді сұрайды. «Домбырамен айтатын қыздар онсыз да көп, ерекшеленуден неге қорқасыз?» дейтін бәрі. Сөйтіп жүріп қалай гитарашы қыз атанғанымды өзім де білмей қалдым.

Сахнаға ең әуелі И.Сапарбаевтың сөзіне жазылған Н.Нұрмақановтың «Нұрлы арман» атты әнімен шықтым. «Үздіксіз іздегенім менің, Үмітімді үзбегенім менің» деп жастар күні бүгінге дейін жарыса шырқайтын әсем әнді ең алғаш сахнаға алып шыққан – мен. Бірақ бұл әннің орындаушысы көбейіп кеткен соң айтпай-ақ қояйын деп шештім. Кейіннен Фариза Оңғарсынова апамыздың сөзіне жазылған Гүлнар Шәмшиеваның «Әйел монологы» деген әнін орындадым. Менің бағымды ашқан – осы ән. «Әйел монологын» «Тамашада» шырқаған күннің ертеңіне-ақ әнім де, өзім де халықтың аузына іліндік. Сендердің қазіргі ұғымдарыңдағы «хит» әншіге айналып шыға келдім.

Алайда тұрмыс құрғаннан кейін сахнадан жырақтап кеттім, баламен үйде отыруыма тура келді. Екі-үш жыл дегеніңіз – өнер адамы үшін үлкен үзіліс. Кейін қайтадан қалпыма келіп, сахнаға шығуға дайындалып жүргенімде Ержан Серікбаев «Шырқа, гитара» мен «Мерейтой» атты екі әнін алып келді. «Шырқа, гитара» екінші тынысымды ашты деуге болады. «Шырқа, шырқа тағы, тоқтама, шырқа!» деп дәл маған арнап жазылғандай екен. Үзіліп қалған жолымды жалғап, өнерімді әрі қарай шыңдауға мүмкіндік берді. Дауысымды сағынған жұрт бұл әнді ерекше ықыласпен тыңдады. Басқа әндеріме қарағанда «Шырқа, гитараның» шоқтығы биік болып тұратыны сондықтан болар.

– Өнерге ықыласыңыз басым екенін біле тұра педагогикалық институтқа түстіңіз. Оны тәмамдаған соң да, консерваторияға бармай, институттың аспирантурасында қалдыңыз. Одан кейін тағы бес жыл ұстаздық еттіңіз.  Кәсіби білім алып, өнер жолына неге әу бастан  түбегейлі бет бұрмадым деген өкініш болған жоқ па? 

– Институтты бітіре салып, консерваторияға түсуді жоспарлағанмын. Мұндай шешімге келуіме ол кезде Жазушылар одағының үшінші хатшысы болған Әкім Тарази ағамыздың ықпалы болды. Бір концерттен мені көріп қалып, ағамыз: «Қарындасым, пединститутта неге адасып жүрсің? Химияға үш қайнасаң сорпаң қосылмайды. Консерваторияға түс, дарыныңды шыңда!», – деді. Содан институтты тезірек тәмамдап, консерваторияға баруға асық боп жүрген күндердің бірінде жоспардың бәрі күрт өзгерді.

Ол кезде институтта ректордың басшылығымен арнайы комиссия құрылып, түлектердің оқу бітіргеннен кейінгі тағдырын шешетін. Бірін өз ауылына, бірін бөтен өлкеге жібереді, үздіктерді оқу орнында қалдырады.  Курстастарыммен бірге мен де комиссияның алдына бардым. Ректор мені танып қойып: «Это же наша певица?!», – деді. Факультетіміздің деканы оны қостай кетіп, менің жетістіктерімді санамалап, мақтауымды асырып жіберді. «Давайте оставим ее. Нам нужны такие кадры», – деп ректор комиссия мүшелеріне бір, маған бір сұраулы жүзбен қарады. Көз алдымнан арман болған консерваториям жүгіріп өтті. «Мені ұстамаңыздар, мен басқа оқу орнына барам» деп қайтіп айтасың? Бәрі менің болашағымды талқылап жатыр, менде үн жоқ. «Біраздан кейін қайта кір, біз ақылдасып алайық», – деді декан. Кіріп-шығып жатқан студенттің қарасы қалың, адам азайған соң келейін деп кешті күттім. Кешқұрым келіп, мені аспирантураға қалдырғандарын естідім. Ол кезде институтта қалу деген әркімге бұйыра бермейтін бақ. Бір жағынан қуандым, бір жағынан консерваторияға бара алмайтынымды ойлап мұңайдым.  Ойлана келе, педагогикалық институтта қалғаным дұрыс деп шештім. Өйткені консерваторияға түссем дайындық курсынан бастап оқуым керек, яғни тағы алты жыл студент болады екенмін. Ешкімнің мойнына салмақ салғым келмеді. Одан гөрі аспирантураны бітіріп, кандидаттығымды қорғап алғаным жөн шығар дедім.

Халыққа танылып қалған кезім болатын, музыкалық білімің жоқ деп ешкім сахнадан шеттеткен жоқ. Сондықтан педагогикалық білімімді әрі қарай шыңдай бердім.  Оқуды тәмамдаған соң, институтқа оқытушы болып қабылдандым. Бастапқыда сабағымды да беріп, әнімді де шырқап жүрдім. Бірақ кейіннен екінің бірін таңдау қажеттігі туғанда өнерге түбегейлі бет бұрдым. Педагогикада нем бар, өнерімді неге шыңдамадым деп ешқашан өкінген емеспін. Өйткені қара шаңырақ – Абай атындағы педагогикалық институттың маған бергені көп. Ұстаз деген аяулы мамандықты игергенімнің арқасы болар, сөйлеу мәдениетін, көптің ортасында өзімді ұстауды, адамдармен тіл табысуды меңгердім. «Сахнадағы өзге әріптестеріңізге ұқсамайсыз» деп жатады көрерменім. Жүрген жүрісім, тұрған тұрысыма қарап, педагог екенімді жазбай танитындар да бар. Музыкалық білімнің жоқтығы әлі күнге дейін алдымнан кедергі боп шыққан емес. Меніңше, ең бастысы, бойыңда Алла берген талантың болуы керек. Оны шыңдасаң, нұр үстіне нұр, әрине. Бірақ дарыны болмаса да, «көке», «жәкенің» арқасында консерваторияда оқыған көп замандасымды көрем де, шүкірлік етем. Халықты алдау мүмкін емес екеніне көзім жетті.

– Қазір екі әншінің бірі – продюсер. Тәжірибелі әншілер де, сахнаға кеше ғана шыққан жастар да бір-бір өнерпазға немесе топқа жетекшілік етіп жүр. Гүлмира Ақүрпекованың шәкірттерін сахнадан қашан көреміз?

– Дұрыс айтасыз, қазір таяқ лақтырсаң бір ұшы міндетті түрде продюсерге тиеді. Олардың бірі өзінің өнерін жалғастырар ізбасар дайындауды мақсат етсе, екіншісі тек тойға барып, табыс тауып отыратын жоба жасауды көздейді. Сондықтан шәкірт тәрбиелеу дегеніміз көпмағыналы ұғымға айналып кеткендей.

Осыдан біраз уақыт бұрын гитарамен ән салатын жас қыздардың басын қосып, эстрадамызға жаңа топ алып шыққым келген. Мұндай ойдың тууына Өскемен қаласында сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен ұйымдастырылған «Шырқа, гитара» атты гитара орындаушыларының кеші әсер етті. Сол концертте гитараның құлағында ойнайтын, бірақ әлі танылып үлгермеген қазақ қыздарының көп екенін білдім.  Дауыстарын ашып, бағыт-бағдар берсе, болашақтарынан зор үміт күттіретін бойжеткендер екен. Көмектескім келді, білгенімді үйретсем дедім.  БАҚ-қа хабарландыру беріп, кастинг өткізсем, қызығушылық танытатындар көп болатынына күмәнім болған жоқ.  Бірақ мәселенің түйіні қаржыға келіп тіреледі екен. Бұл салада тәжірибем болмағандықтан бәрі оңай болып көрінгенін несіне жасырайын? Олардың айтатын әнін жаздыру, киетін киімін тіктіру, жарнамасын жасап, гастрольдерге алып шығу – санай берсек, қалтаға түсірер салмағы аз емес. Демеуші болмаған соң, ойымнан бас тартуға тура келді. Бұрын-соңды біреудің алдына барып алақан жайып көрмеген соң қиын екен. Әнімді жаздырып бер, концерт өткізуге қол ұшын бер деп ешкімнің алдына барған емеспін. Демеушім – халық, қазағымның тойы. Тойдан тапқаным сахнаға да, күнделікті күнкөріске де жетеді. Ақшаны ақылмен жұмсап үйренгендіктен болар, қаржыдан қысылған емеспін.

– Жүзін көрмей, дауысын тыңдап-ақ кім екенін жазбай танитын әнші саусақпен санарлық. Компьютермен өңделгендіктен болар, жас әншілердің үнін бір-бірінен айыру қиын. «Ақша тапсақ болғаны» деген ұстаным қазақ өнерінің түбіне жетпей ме?

– Менің де қорқатыным – сол. Сапалы болса, өнерлі болса, әншінің көптігіне алаңдамас едік. Өкінішке қарай, киелі сахна еріккеннің ермегіне айналып барады. Бұрын ата-аналарымыз өнердің қиын жол екенін ескертіп, басқа салаға баруға үгіттейтін. Қазір керісінше, жастар тұрмақ, ересек кісілердің өзі өнерді оңай шағылатын жаңғақ көреді. Әнші болсаң, тойға шығасың, ақшадан таршылық көрмейсің дегенді баланың құлағына кішкентайынан құятын болған. Өйткені компьютермен жоқ дауыстың өзін бар қылуға болатынын біледі. Бұрын фонограмма дегенді білмегендіктен біз дауысымызды барынша күтуге тырысатынбыз. Қазір әншілер үшін дауыс емес, дискі қадірлі. Меніңше, бұл – уақытша құбылыс. Уақыт өзі таланттыны, дауысы мен жүрегі барды елеп-екшеп шығарады. Ән айту дегеніміз – тамаққа салып айқайлау емес екенін, жүректен шықпаған нәрсе жүрекке жетпейтінін ұғатын кез келеді. Сахнаны табыс көзі деп түсінетіндер біртіндеп ысырылып қалатынына сенемін.

–  Сұхбаттарыңыздың барлығында қарапайымдылығыңыз бен биязылығыңыз анаңыз берген тәрбиенің арқасы екенін үнемі айтасыз. Анаңыздың тәлімін қызыңызға сіңіре алдыңыз ба?

– Мен көпбалалы отбасында туғанымды мақтанышпен айтып жүремін. Анам – он перзентін қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірген батыр ана. Ол кісі әкемді қатты құрметтейтін. Не болса да «әкең біледі, әкеңнен сұра, әкеңмен ақылдас» деп отыратын. Содан болар , әкемізді асқар таудай көрдік.  Бірақ ол кісі дүниеден ерте кетті. Анам жалғыз өзі қиындыққа мойымай, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Кейде анам жасаған ерліктің жүзден, тіпті мыңнан бір бөлігін жасай алдым ба деп ойланамын. Еріксіз басымды шайқаймын. Мен де, менің құрбыларым да аналарымыз арқалаған жүкті  арқалай алмаймыз.

Қайда жүрсем де ата-анамның атына кір келтірмеуге, анам берген тәлімге лайықты болуға тырыстым.  Институтта жүргенде кураторым: «Сенің анаңды көргім келеді, осындай қызды қандай әйел тәрбиелегенін білгім келеді» деп үнемі айтып жүретін. Оқу бітіретін жылы ақыры екеуін арнайы жолықтырдым, оңаша отырып әңгімелесті. Кураторым мені анама әбден мақтапты, берген тәрбиесі үшін алғыс айтыпты. Төбесі көкке екі елі жетпей қалғанын көргенде, өзімді дүниедегі ең бақытты перзент сезіндім.

Шешемнің құлағыма құйғанының бәрін шама-шарқым жеткенше өз қызыма үйретіп жатырмын. Оған қарап отырып, өзімнің жас күнімді көремін. Мінезі ауыр, орынсыз сөйлемейді. Танымал адамдардың балалары әдетте әке-шешесінің беделін өз мақсаттарына пайдаланғысы келеді ғой. Менің қызым керісінше, Гүлмира Ақүрпекованың қызы деп ұстаздарының оны өзге топтастарынан даралағанын ұната бермейді.

– Жетімдер үйінде қарагөздердің көбеюін қазақ қыздарының тәрбиесі ақсағандықтан деп жүрміз. Сіздіңше қыз бала тәрбиесінде қай тұстан мүлт кеттік?

–  Кінәнің бәрін қыз балаға, оны тәрбиелеп отырған шешеге үйіп-төгуге болмайды. Қызғалдақтарымыз болашақ ана, отбасының ұйытқысы екенін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ ұлдың да тәрбиесін назардан тыс қалдырмау керек. Өйткені қыздың бағын ашатын да, отбасын асырап, салиқалы ұрпақ өрбітетін де – солар. Өкінішке қарай, еркектердің ұсақталып бара жатқанын мойындауға мәжбүрміз. Қазіргі ер азаматтарды біздің әкелерімізбен салыстыра алмайсың. Ақылдан гөрі ашуға тез бой алдырады, күйгелектікті қызбалықпен шатастырады, мейірімнен оспадарлығы басым. Мұндай әкелердің тәрбиесін алған ұлдар да алысқа ұзай қоймайтыны анық.

Өз қызымнан бөлек, Алматыға оқуға келген аға-әпкелерімнің, інілерімнің қыздарына да бас-көз болдым. Ата-аналары аманаттаған соң, олармен де жиі сырласып, мұң-мұқтаждарын сұрап тұрамын. Қыз баланың бұл өмірдегі мақсат-міндеті туралы  әңгімелесеміз. Олардың сөзінен ұққаным – бүгінгі жігіттер қыз балаға біреудің алақанына салып аялап отырған қызы, біреудің үкілеген қарындасы деп құрметпен қарауды қойған. Арына дақ түсіріп, жылатып кететіндер көп. Ал айналып келгенде айыптың бәрін жігіт емес, қыз арқалайды. Қазақстанда бір жігітке жеті қыздан келеді деген статистиканың да кері әсері бар шығар, бәлкім. «Қыз баланың арына дақ түсірме, көз жасына қалма» деген өнегені ұл баланың құлағына кішкентай күнінен бастап құю керек. «Өзіңнің қарындасыңды, әпкеңді қалай құрметтесең, өзгенің қызын да  дәл солай сыйла!» деген әңгіме ұл өсіріп отырған  әрбір отбасында айтылуы тиіс. Қыз баланы жылатқанның жолы болмайтынын олар жадына тоқып өсуі қажет.  Сонда елімізде жалғызбасты ана мен жетім баланың саны азаяр еді.

– Тәрбие туралы әңгімені әрі қарай өрбіту үшін отбасыңызға қайта оралғым келіп отыр. Ақүрпековтердің атағын бүкіл Қазақ еліне әйгілеген тағы бір даңқты перзенті бар екенін білеміз...

– Иә, бір әулеттен шыққан екі перзенттің бірі өнердің, бірі спорттың биігінен көрінді. Нұрлан – бокстан спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Оның ең үлкен жетістігі –  Афина Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Бақтияр Артаевтай боксшыны дайындағаны. Нұрлан спортқа тым кеш келгендіктен төрткүл дүние назарын өзіне аударатын дода – Олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен қағылды. Сондықтан өзінің арманына шәкірттері арқылы жеткісі келді. Ақыры 2004 жылғы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиадада 69 келідегі боксшылардың арасында Бақтияр оқ бойы озық шығып, Қазақстанның қоржынына алтын медаль салды. Жаттықтырушы мен шәкірттің талай жылғы қажырлы еңбегі, күлкісіз күндері мен ұйқысыз түндері өз нәтижесін бергеніне қатты қуандық.

Анам маған жүкті кезінде әкем түс көріпті. Түсінде екі алтын сақина тағып алып жүргенін көріп, «дүниеге егіз ұл балалар келеді екен» деп жорыпты. Мен туғанда түсінің мәнісін ұға алмай жүріпті. Кейін «осы қызым басқа балаларымнан ерекше, алтын сақина көргенім содан болар» деген екен. Арамыз бір-ақ жыл болғандықтан Нұрлан екеуміз егіз бала сияқты өстік. Анамыздың үйреткен әнін екеуміз дуэт болып айтатынбыз. Кейін бокс қолғабын киіп, спортқа кеткенімен, әлі күнге дейін гитарамен, домбырамен ән айтқанды ұнатады. Анам екеуміздің жетістіктерімізге марқайып отырып: «Спорт пен ән егіз ғой. Бүгінде менің екі балам алтындай жарқырап, ел алдында жүр», – деп әкемнің түсін есіне алатын.

– Шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап жүргеніңізді естідік. Уақытын белгілеп қойсаңыз, біздің газетіміз жақсы жаңалықтың жаршысы болсын...

– Республика сарайында үлкен концерт өткізуді ойға алғалы екі-үш жылдың жүзі болды. Қаржы мәселесі шешілсе, ертең-ақ өткізуге дайынмын. Әндерімді де, сахналық киімдерімді де әзірлеп қойдым. Тыңдарман мені ұмытты деп ойламаймын, өнерімді бағалайтын қауым ән кешіме келеді деп сенемін.  Концертте орта есеппен 20-25 ән орындалады десек, олардың әрқайысысы – менің бір-бір бейнебаяным. Кешімді телеарналардан көрсеткен сайын әндерім жастардың құлағына сіңісті бола бастайды. Сондықтан әндерімнің сапалы әрі мағыналы болуына баса мән берудемін. Бастапқыда репертуарымдағы ескі әндерді жаңа өңдеумен орындасам деген ой болған. Бірақ өнерде жүрген жанашыр інілерімнің бірі: «Әпке, оларды жаңартып қайтесіз? Халықтың құлағына әбден сіңген әндердің өңін айналдырғаннан не шығады? Ескі әуендерді сол күйінде қалдырыңыз да, ақшаны жаңа әндерге жұмсаңыз» деді. «Ақыл – жастан» деген осы шығар. Бауырымның кеңесіне құлақ асып, жаңа әндер жаздыру үстіндемін.  Сәтін салып, шығармашылық кешім өтетін күн белгіленсе, халыққа ұсынар жаңалығым көп.

– Ендеше, сол концертте жолығуды жазсын! Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА