«Заманай мен Аманай» ағылшын тіліне аударылды

Аты аңызға айналған Сәкен серінің, көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» атты шығармасы ағылшын тіліне аударылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Көкшетауда өткен кітаптың тұсаукесеріне жазушының қызы мен қарындасы, туындыны тәржімалаған аудармашылар мен Ақмола өңірінің қоғам қайраткерлері жиналды. Мамандардың айтуынша, кітап халықаралық қазақ PEN клубының мұрындық болуымен Ұлыбританияның Лондон қаласында аударылып, сонда басып шығарылған. Аудармаға жарты жылдан астам уақыт кетіпті. Қазірдің өзінде аталған туынды Аmazon.com интернет-дүкенінде сатылып жатыр. Бұдан бөлек, әлемдік кітапханаларға қойылып, жәрмеңкелерде дүние жүзі халқының назарына ұсынылады. Айта кетейін, «Заманай мен Аманай» повесінде қазақ халқының 1930 жылдардағы көрген нәубеті баяндалған. Жалпы соңғы жылдары қазақ шығармаларын ағылшын тіліне аудару ісі кеңінен қанат жайып келеді.

«Осы 4 жылдың ішінде біз қазақ PEN клубы ағылшын тіліне Мұқағалидың, Бердібек Соқпақпаевтың, Әбіш Кекілбаевтың, Смағұл Елеубек, Олжас Сүлейменов, Оралхан Бөкей, Әуезовтің шығармаларын аудардық. Қанша кітаптар аударылды», – деді  халықаралық қазақ PEN клубының президенті  Бигелді Ғабдуллин.

Back to top button