Петропавлда жылыту маусымы басталды
Петропавлда жылыту маусымы басталды
Қазір қаладағы әлеуметтік нысандар: балабақша, мектеп, ауруханалар қосылып жатыр. Содан кейінгі кезек көп қабатты тұрғын үйлерде болады, деп хабарлайды 24.kz.
Биыл жергілікті билік өкілдері жылуды жылдағыдан 2 аптаға ерте беру жөнінде шешім шығарды. Өйткені былтыр күздің қара суығында пәтерлердегі температура төмендеп, тұрғындар бүрсең қаққан болатын. Облыс орталығында 1 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда солардың 90 пайызы қысқы маусымға дайын. Яғни құбырларын уақытында жуып шайған. Жылумен қамту кәсіпорны да сақадай сай. «Сондықтан ешқандай мәселе туындамауы тиіс» деп отыр шенеуніктер.
«Әлеуметтік нысандар екі күнде, ал көп қабатты тұрғын үйлер сегіз күнде қосылады. Биыл жылу тұрғындардың қалауы бойынша беріледі. Яғни пәтер иелері кооперативінің төрағалары қай күні өтініш білдірсе, сол күні қосылады», – деді қала әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишин.