Қаламы мұқалмайтын Қайсар Әлім

Қаламы мұқалмайтын Қайсар Әлім

Қаламы мұқалмайтын Қайсар Әлім
ашық дереккөзі
Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада жазушы Қайсар Әлім шығармашылығының 55 жылдығына орай, «Міржақыптың оралуы. Возвращение Миржакипа», «Безінген ләйлек», «Өз өрмегім» (2 томдық), «Қызбелдің Қайсары», «Қайсар Әлім» атты алты кітаптың және жазушының өзі туралы «Қалам киесі» деп аталатын деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты Қайсар Әлім қазақ баспасөзінің дамуына өзіндік қолтаңбасымен зор үлес қосып жүрген қаламгер. Оның қаламынан 34 кітап жарық көріп, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Бүгінде автордың қаламынан туған «Алашшыл жүрек», «Махаббат жыршысы», «Кәусар», «Мекке, Мәдинам менің!», «Сейілмейтін мұң», «Сыздамашы, жүрегім!», т.б. хикаяттар мен әңгімелері, эсселері жинақталған кітаптары мол сұранысқа ие. Сондай-ақ, оның таңдамалы шығармаларының 8 томдығы қазақ әдебиетіне қосылған елеулі еңбек ретінде бағаланып жүр. Қаламгердің «Міржақыптың оралуы» хикаят-сапарнамасының қос тілде жарық көруі – Алаш қозғалысының 100 жылдығына рухани әрі кәделі сый болды. Ал «Безінген ләйлек» жинағына таңдамалы көркем шығармалары топтастырылған. «Қалам киесі» деректі фильмінде Қайсар Әлімнің өмірі мен шығармашылық бейнесі, Тәуелсіздік жолындағы қызметі, Алаш арыстарының арман-мүддесін зерттеудегі еңбекқорлығы, сондай-ақ, жазушының адалдық, отансүйгіштік сынды асыл қасиеттері бейнеленген. Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет және архивтер басқармасы ұйымдастырған бұл іс-шараға белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, оқырмандар мен БАҚ өкілдері қатысты.