«Өмірден тым ерте кетті...»

«Өмірден тым ерте кетті...»

«Өмірден тым ерте кетті...»
ашық дереккөзі
Қамшының сабындай бейопа жалғаннан мәңгілік дүниеге тым асығыс аттанған дарынды жазушы Талаптанның «Тұма», «Сұлу мен суретші», «О дүниенің қонағы», «Ақиқат жолы», «Мұң» атты көркем дүниелері оқырман көңілінен кете қоймағаны анық. Кете де қоймас. Өйткені республика театрларында көрермен көзайымына айналған «Тазша бала» мен «Қараторғай», «Екі жүрек» және «Сұлу мен суретші» қойылымдары драматургтің екінші ғұмырының бастау бұлағындай көз алдымызда ағынын тоқтатқан емес. Риза екеуміз сол бір жылдарға ойша саяхат жасап, батыр бабамыз Момышұлы атындағы көшемен баяу аяңдап келеміз. «Баяғыда деймін-ау, Алматыға алғаш қоныс аударған жылы дәл осы ауданның зәулім үйлерінің бірінде орыс кемпірдің қолында пәтерде тұрған едік. Ол кезде кейін дәл осы ауданнан үш бөлмелі пәтер аламыз деп кім ойлаған», – деп Риза өзіне тән әдемі күлкісімен бір жымиып қойды. Әңгімеміз де сол Алматыға елден келіп, пәтер кезген жылдардан басталып кетті. – Талаптанмен театрда спектакльге дайындық барысында таныстым. Шығыс педагогика институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетінде оқимын. Облыстық драма театрының актерлері Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындары студенттері мен жастардың басын қосып, жастар театрын ұйымдастырмақшы екен. Осындай хабарландыруды көріп, құрбым Роза болмай әлгі жерге ертіп барған-ды. Роза – ақын-жазушылардың көптеген шығармаларын жатқа оқитын, өнерге жақындау еді. Бардық. Жастар көп жиналыпты. Құрбым сахнаға шығып кетті де, мен залдың орта тұсына барып жайғастым. Дайындық қызу жүріп жатыр. Қазақтың дара жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» шығармасы бойынша сахналанып жатқан спектакльде жастардың жұптасып билейтін тұсы бар екен. Сахнадағы жастар қол ұстасып, жұп-жұп болып тұра қалғанда, бір жігітке қыз жетпей қалды да, режиссер Төлеубек аға залдан мені шақырды. «Жоқ, билей алмаймын, спектакльге қатыспаймын», – деп ат-тонымды ала қашайын. Не керек, менен басқа артық ешкім бола қоймады да, амалсыз сахнаға бет алдым. Талаптанға жұп болып, вальс биледік. Ол да, мен де жөндеп вальс билей алмайды екенбіз. Әйтеуір, орындап шықтық. Міне, таныстық осылай басталды. Талаптан Күршім ауданындағы Теректібұлақ деген ауылда дүниеге келіпті. Қазақы қоңыр тіршілігі бар шаруа отбасында өскен ол, анасы қайтыс болғаннан кейін, сегізінші сыныпта Өскемен қаласындағы мектеп-интернатқа ауысады. Сабаққа алғыр, озат оқушылардың қатарында мектеп бітірген соң қаладағы құрылыс-жол институтына түскен. Мектепте жүрген кезден өлең, әңгімелер жазып, аудандық газеттерге араласады екен. Тіпті, облыстық «Дидар» газетіне шығып жататын нәзік сезімге толы қысқа әңгімелері ел аузына іліге бастаса да, жаратылысына аса келіңкіремейтін құрылысшы мамандығын таңдаса керек. Оқуды бітірген соң, сол кездің тәртібі бойынша Ақтөбе облысына бөлінді де, отбасы жағдайына байланысты қалада қалды. Сөйтіп, Өскемен цемент зауытының цехтарында жұмыс істеді, цех бастығынан бас маманға дейін жоғарылады. – Тағдыр жолы сан тарау болатыны осындайдан. Әйтпесе, Талаптанды құрылысшы ретінде көзге елестету қиын-ақ. Сонымен араларыңда нәзік сезім басталды... – 1984 жылы қыркүйек айының бірінші жұлдызында бас қосып, таксимен ауылға тарттық. Ауылға кіре берісте, көз ұшында мұнарланып жатқан төбешікке қарай бұрды көлікті. Анасының басына барып, зиярат жасадық. Оның соншалық мейірімділігіне ішім жылып, еріксіз көзіме жас толды. Анасынан ерте айырылған ұл іштей анасымен сырласқандай ойға батып, ұзақ тұрып қалды. «Мына ұлың ержетті, басы екеу болды, батаңды бер, ана»,– деп ақырын күбірлесе де, анық естілді маған. Ет-жүрегім езіліп тұрмын. Жылап тұрмын. Сонымен... есік алдына палатка құрылып, ауыл тойы басталды. Ол кезде қазіргідей кафе-мейрамханалар жоқтың қасы, төрге әппақ мақтадан атымыз жазылып, ортасына жүректің суреті салыныпты. Бүгінгідей сәнді қалыңдық көйлектері де жоқ, ақ жібек немесе жібектен тігілген көйлекке қолы жетпегендер бір-бірінен алып, кие беретін-ді. Сонда өкпе-реніш те жоқ, бір-бірімізге мейірімді болыппыз ғой. Түсіністікпен қарайтынбыз. Ауыл тойын да мүмкіндігі барлар ғана жасайтын. Талаптанның әкесі ұзын бойлы, өте сауатты, арабша оқыған, өлең-жырға бейім кісі еді. Төте жазумен өлеңдетіп хат жазушы еді. Ал атасы Ахметжанның аты да шығыс өңіріне де абыройлы, сыйлы кісі болған. Ол кісінің қыста қыстауы, жазда жайлауы болған «Ахметжан жері» деген атақты жер осы күнге дейін бар. Ел аузында осылай аталып кеткен. «Аман-есен зейнетке жетсем, «Ахметжан жеріне» барып, киіз үй тігіп, жайлауда жатар едік», – деп армандаушы еді Талаптан. Бес қыздың ішінде өскен жалғыз ұл – өте мейірімді, сезімтал. Әлдебіреулердің қайғысына қабырғасы қайысып, біраз уақыт мазасы кетіп жүретін әдеті бар-тын. Жүрегі нәзік, кісінің қабағына қарап тұратын. Балажан болды. – Ол кезде молданың баласы екенін айтуға қысылатындар көп еді ғой. Санамыздың әбден тапталғанын содан-ақ білуге болар. Ал Талаптанды діндар ретінде көзге елестете алмаймын. – Діндар болмаса да, ырымшыл еді. Обал-сауапты сезінетін, ескертіп отыратын. Өмірінің соңғы жылдарында қайтыс болып кеткен кісілер жайлы жайсыз түстер көретінін жиі айтып жүрді. Әсіресе, Оралхан Бөкеев аға мен өзі жақсы көретін Жұман жездемізді түсінде жиі көріп жүргенін айтып, шелпек пісіртіп, дастарқан жайып, құран бағыштайтын. Ойымызда ештеңе жоқ, рухтары шат болсын деп бет сипаймыз. Жамандық ойламайсың ғой... Анасын көп айтып отырушы еді. Марқұм екі рет менің де түсіме кірді. Бірде жап-жасыл таудың басында жүрмін. Қасымда Талаптанның үлкен әпкесі Сәуле. Анандай жерде үстінде әппақ юбка-кәстөмі бар енем бізге жақындап келді де, иығымыздан қағып, әлсіз ғана жымиып кете барды... Оянып кеттім де, Талаптаннан анасының осындай киімі бар ма еді деп сұрадым. Бастан-аяқ түсімді айтып бердім. Тағы бірде, әкеміз қатты ауырып, ауылға бардық. Шал балаларын жинап, қоштасқалы жатқан секілді. Талаптанның отбасы ертеректе Қытай жақтан көшіп келген ғой. Арғы беттегі көршілері ұйғыр халқының өкілдері болғандықтан бала күннен, әкесін «дада» деп атап кеткен. Мен де солай атадым. Бара сала: «Дада, бұлай жата беруге болмайды, ауруханаға апарайық», – дедім. Ол кісі көнбейді. Сол күні тағы да енем марқұм түсіме енді... Дадамды ауруханаға апарып, қағаздарын толтырып, кезек алып қайтып келсем, отырғызып кеткен жерде жоқ. Ал іздейін... Сөйтсем, жартылай әйнегі бар жабық есіктің ар жағында енем екеуі қатар отырып, маған қолын бұлғайды. «Кезегіміз келіп қалды, дәрігерге кіреміз, жүріңіз» деймін, дадам бармаймын дегендей қолын бұлғап, иығын көтеріп қояды. Осы түсімді әпкелеріне айтқанымда, ағыл-тегіл жылап қалды. Анасы ертіп кеткені көңілдерін күпті етсе керек. Сөйтіп, атамыз жетпістен асқан шағында қайтыс болды. Ал Талаптан елуге де жетпей... қырықтың бел ортасында кетті ғой... Риза жанарына мөлтілдеп келіп қалған жасты саусағының ұшымен сілкіп тастады. Әңгіме ауанын басқа арнаға бұруға тура келген. – Талаптан ұлтшыл болды ма? – Намысшыл болды десем, дәлірек болар. Қазақ халқының ар-ожданы мен беделін жоғары бағалаған ұл болды десем, қателеспеймін. Жасыратын не бар, ол кезде Өскемен қаласында тұрғындардың тоқсан пайызы орыс халқының өкілдері болған. Ал жастар арасында екі жақ болып төбелесуі көз үйренген жағдай. Түн түгілі, күндіздің өзінде сәл нәрсеге керісіп, жастар жаппай төбелесіп жататын. Тіпті, қоғамдық көліктерде қазақша сөйлесең кәдімгідей тыйым салып, дөрекілік танытып жататын басымдықтарын байқаған жастар қалай көнсін?! Талаптанның Ялтаға барғанда сатып алған «Зенит» деген фотоаппараты болды. Бірде бірнеше бозбала мәз болып келе жатса, алдарынан төрт-бес еңгезердей орыс ұлтының жігіттері шыға келіпті. Міндетті түрде төбелес басталатынын сезген бозбалалар тайқақтап кетсе керек. Талаптанның иығындағы аппаратқа қызыққан ғой, дүниеқұмар еңгезердей пәлелер қуып беріпті ізінен. Үлкен көпірдің арғы бетінде тұратын әпкесінің үйіне қарай зымырап келе жатып, аяғы тайып құлайды да, қуғандар жетіп алады. Өзін төпеп ұрып кеткеніне емес, фотоаппаратты алып кеткені жанына батып қала береді. Осындай қылықтары ызаландыратын болуы керек, бұлар да өзгелерді ашық түрде көшеде сабап кете беретін. Ол жақсы суретші еді. Мүмкін суретші не болмаса актер болар ма еді?! Өйткені «Бөлтірік бөрік астындағыдан» бастап, талай спектакльдерде басты кейіпкерлерді әжептәуір сомдағанын білемін. Қаладағы цемент зауытында жұмыс істеп жүргенде үйге үнемі кеш келеді. Ас-суын ішіп алған соң, қанша шаршаңқы болғанымен түні бойы сурет салатын, не болмаса сурет шығарумен айналысатын. Мен де ұйықтамай жанында отырушы едім... – Ауылдан Алматыға көш басын бұрдыңдар. Құшағын ашып тұрған ешкім жоқ. Алыс қалада жағдайымыз қалай болады деп қиналған жоқсыңдар ма? – Цехтың жұмысы қаншалықты ауыр болса да, шығармашылықпен айналысқанын тоқтатқан жоқ. Аудандық, облыстық газеттерде жазғандары көптеп шығып, шығармашылық топтың көзіне де түсе бастады. Соның арқасында облыстық телерадио комитетінен ұсыныс түсіп, сонда ауысты. Әсіресе, Қалихан аға Ысқақ пен өмірінің соңына дейін рухани ағасы, жанашыры болған Дидахмет Әшімхан жазғандарын ылғи қолдап отырды. Сөйтіп жүргенде жас ақын-жазушылардың «Жігер» фестиваліне шақырылып, жүлдегер атанды. Осы байқаудан кейін ойы өзгерді, шығармашылық ортаны аңсады. Жазушылыққа төселіп, бейімделіп қалды ма, әйтеуір, жан-жақтан шақыртулар келе бастады. «Сенің Алматыға келуің керек, саған әдеби орта керек» деген ағаларының сөзі де түрткі болған шығар, белді бекем буып, Алматыны бетке алдық. Тұңғышымыз Бұлбұлды анама тастап кеттік. Өйткені екіншімізге аяғым ауыр еді. «Екінші балаға аяғым ауыр, үлкен қала... үйіміз, күйіміз не болар екен», – деп уайымдап, қиналып қоямын. Сондай сәттерде Талаптан: «Не болды сонша, соғыс кезінде де аналарымыз дүниеге сәби әкеліп жатты ғой, пәтер жоқ болғанымен сенде мен бармын», – дейтін жігерлендіріп. Алматыға келгеннен кейін «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке тұрды. Одан «Қазақ әдебиеті», «Әдебиет айдыны» газеттерінде, «Парасат» журналында қызмет атқарды. Жазушылар одағында төрағаның орынбасары болды. Сөйтіп жүріп, Шаңырақтан алты сотық жер тиді, сөйтіп жүріп, қаланың оңтүстігіндегі мөлтек ауданнан үш бөлмелі хан сарайындай пәтер алдық... Бұлбұлдан кейін Ләззат, Әйгерім, Мағжан атты перзенттер өмірге келді. Қызық-қуанышымыз дос-жолдастармен толығып, шат-шадыман күй кеше бастадық. Көңіл де орныға бастады. Қала тірлігіне де үйреніп алдық. Ең басты өкініш, осы балаларының қызығын көре алмады. Қыздар енді-енді бойжете бастағанда, ұлы енді ғана ержете бастаған шағында бақиға кете барды. Пәтер алғанымызда қоныстойдан кейін өзімен-өзі отырып: «Осылардың қызығын сен көресің ғой, мен ерте кетемін, Риза», – демесі бар ма?! Шошып кеттім. «Көп сөйлеме, мына балаларды кім жеткізеді?» дегенімде, бір ауық үндемей отырып қалды да: «Алла жеткізеді», – деп орнынан тұрып кетті. Есеңгіреп қалдым... Солай болды да! – Жақсы қаламгер, қимас дос Талаптан өмірден жас кетсе де, артында құнды дүниелері қалды. Ал сол шығармалары базбіреулерге ерекше қуаныш-жақсылық сыйлағанын біреу білсе, біреу білмейді. Өзім де куә болған сол оқиғаны оқырман есіне салып өтсек, артық болмас еді... – Иә, түсіндім. Бірде үй телефоны безілдеп қоя берді. «Бейуақытта бұл кім болды екен?» дедім іштей. Талаптанның қайтқанына көп уақыт өтпегендіктен, біреулер телефон арқылы да көңіл айтып жататындықтан, трубканы көңілсіздеу көтердім. Ар жақтағы дауыс жарқын-жарқын шығады. Кеш хабарласып тұрғанына кешірім сұраған жас жігіт, мүмкіндік болса, үйге кіріп шыққысы келетінін айтты. Жазушының үйі, Талаптанның шаңырағы болған соң, қайғыдан қан жұтып отырсам да қайдан қарсы болайын?! Батыс Қазақстан облыстық драма театрында Талаптанның «Қараторғайын» қойған жас режиссер екен. «Қараторғай» қазақ жастарының тұрмыс-тіршілігін баяндайтын шығарма ғой. Қала пәтерлерін жалдап, тұрмыс тауқыметін тартып, бала-шағасымен күнкөрістен шаршап-шалдығып жүрген жастар. Кезінде өзіміздің басымыздан өткізген қала тірлігі ғой. Сол спектакльдің тұсаукесеріне барған облыс басшылары, спектакльден соң: «Ал өзіңнің жәй-күйің қалай еді?» деп сұрамай ма режиссерден. Өнерге енді ғана аяқ басқан жас режиссер жағдайын айтады. Өнерді сыйлайтын халықтың баласы емес пе, бірнеше күннен кейін облыс әкімі жаңа пәтердің кілтін табыстапты әлгі жігітке. Содан жүрегі жарылардай болған режиссер театр суретшісіне Талаптанның бейнесін салдырып ала келіп, ризашылығын білдіргісі келген екен. Осы оқиға ғой айтпағың... – Талантты жазушының балалары қай тілде білім алды? Әке жолын қуғандары бар ма? – Иә, Бұлбұл ғана Өскеменде орыс балабақшасына барды да, шүлдірлеп тілі орыс тілінде шықты. Бәріне белгілі ғой, басқа ұлттың қаласына айналып кете жаздаған Өскемен түгілі, ол кездері Алматының өзінде қазақ балабақшалары жоқтың қасы. Сонда да болса, балаларымыздың ана тілінде сөйлеп, білім алғанын қадағаладық. Қаланың қай түкпірінде болса да қазақша мектеп, қазақша балабақша іздедік. Онсыз да қалада өскен балалардың тілдері шұбарланып тұратынын айтып, Талаптан балаларына қатал көзбен қарады. Қадағалады. Өзі айтқандай, бәрі бойжетті, өз теңдерін тауып, жар-келін атанды. Ал маған ашып айтпаса да, қыздардан кейін іштей қалап жүрген жалғызы – Мағжан Қазақ мемлекеттік энергетика және байланыс университетінің төртінші курсында оқып жүр. Әкесінің шығармаларын жақсы біледі, үнемі ақтарып отыратын кездерін де жиі көремін. Сағынышын солай басатын болуы керек. Ондай сәттерде өзім де іштей егіліп, көз жасымды көрсетпеуге тырысып бағамын. Сәлден кейін бәрі жайбарақат қалыпқа түсіп, мені құшақтарына қысып қоятындары бар. Әкелері сынды мейірімді, жандары жұмсақ, бауырмал болып өскендеріне іштей шүкіршілік жасап, тәубе етемін. Әйгерім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетін бітірді. Жазуға бейімі бар. Өлең жазады ара-тұра. Журналист болатын шығар деп ойлайтынмын, бірақ тіл маманы болуды қалады. Ол да журналистикадан алыс емес қой деп ойлаймын. Университеттің магистратурасының екінші курсында оқып жүргенде «Қазіргі корей және қазақ жазушыларының шығармаларындағы ұлттық дүниетанымның көрінісі» атты тақырыпта жазған ғылыми еңбегі жақсы бағаланды. Бірінші тарауында Кореяның соғыстан кейінгі әдебиеті, сондай-ақ, оның жаңа әдебиет ағымдарының қалыптасуына әсері қарастырылса, екінші тарауында корей жазушысы Чхве Ин Хунның «Алаң» шығармасындағы ұлттық дүниетанымның көрінісі талданыпты. Ал үшінші тарауда Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасындағы ұлттық дүниетаным салыстырмалы түрде қарастырылған. Әйгерім алғаш 2011 жылы, одан кейін 2012-13 жылдары Кореяда тегін тәжірибе алмасу мақсатында, кейін магистрант ретінде оқып қайтты. Қайбір жылы Талаптан Кореяға шақырылып тұрып, жеме-жемге келгенде визасыз ұша алмай қалған еді, әкесі бара алмаған, табаны тимеген, бірақ соншалық аңсары ауған сол мемлекетке тағдыр айдап Әйгерімі барып қайтты. Бұл да болса, әке арманының орындалғаны емес пе?! Оның үстіне, қазақтың небір марқасқа жазушыларының ғажайып шығармалары қазақ әдебиетінің қорында мол болса да, өз әкесінің шығармаларынан ғылыми еңбек жазуы да әке рухына тағзым етуі шығар... Иә, қырықтың бел ортасынан енді ғана асып, өзінің жазушылық қабілеті мен дарынын ашып көрсетер шағында жарық дүниеден өткен азамат-досты біз де әлі күнге сағына еске аламыз. Талаптан Зейнолда­ұлы Ахметжан қайталанбас жазушы болғанын, оның қаламынан туған шығармалары жеке басының бар болмыс-бітімі сынды өте биязы, көркем мінезді екендігін жиі айтамыз. Көркем шығармалары көзі қарақты оқырмандар санасында тоқтаусыз жаңғыра береріне сенімдіміз...

Әңгімелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ