Тұңғыш енген «Túrkіstan» еді
Тұңғыш енген «Túrkіstan» еді
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі басылымның алдағы жоспарларымен бөліскен болатын. Осы жиында Дархан Қыдырәлі басылымның Ресей Федерациясының аумағында таралатын басылымдар каталогына енгенін қуана жеткізіпті. «Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарында тұратын қазақ диаспорасы үшін «Egemen Qazaqstan» газетінің қол жетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарымыз оң нәтижесін беруде. Осы орайда Ресей елшілігіне ұсыныс хаттар жолданған еді. Жауап ретінде газетті Ресейде тарату, каталогқа енгізу бойынша арнайы рұқсат құжаты-лицензия берілгенін зор қуанышпен атап өткім келеді. Осылайша, ұлттық баспасөз тарихында тұңғыш рет лицензия алып, каталогқа ендік», – деді Дархан Қыдырәлі. Жөн-ақ, әріптестеріміз үшін біз де қуаныштымыз! Осыған орай, «Túrkіstan» газетінің ұжымында талай жыл газеттің ауыр еңбегін басынан өткізген ардагер журналист ретінде менің де өз айтарым бар.
«Túrkіstan» халықаралық саяси апталығы сонау 2000 жылы Ресей Федерациясының басылымдар каталогына енген болатын. Содан бері басылым Ресей аумағында бірқыдыру тарап келеді. Бұл каталогқа «Túrkіstan» газетінен кейін «Казахстанская правда» газеті енді. Ал ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінде болған жылдары «Túrkіstan» газетінің Ресей аумағында таралуына ерекше ықпалын тигізгені де жадымда. Сондықтан, «Egemen Qazaqstan» басылымын жаңа жетістігімен құттықтай отырып, «Túrkіstan» газетінің ұлттық баспасөз тарихында алғаш рет Ресей Федерациясының каталогына енгізілгенін ауыз толтырып айтуға тиіспіз. «Túrkіstan» газеті ұжымы 18 жылдан бері Ресей Федерациясының оқырмандарымен байланысын үзген емес.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, этнограф,
«Құрмет» орденінің иегері