Жеңіл көлік қаланың көркі, Бірақ...
Жеңіл көлік қаланың көркі, Бірақ...
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің хабарлауынша, Қазақстандағы әр 1 мың адамға 250 жеңіл автокөліктен келеді. Бір ғана Алматы қаласының өзінде 472 мың автокөлік тіркеуде тұрса, тағы сондай ауқымдағы жеңіл көліктер қалаға күнделікті келіп кетеді екен. Дәл осы секілді Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында да күнделікті 1 миллионға жуық көлік қозғалысы тіркеледі. Осыған орай, Өзбекстанда әр айдың үшінші жұмасы «Көліксіз күн» деп жарияланбақ.
Өзбек ағайындар жуырда бір күн жаяу жүруі мүмкін. Және ай сайын осы үрдісті қалыптастыру көзделіп отыр. Үкімет қолдаған бұл бастаманы енді барлық тұрғындар іс жүзінде қолданса, ел экономикасымен қатар экологиясы да ілгері жылжиды дейді сарапшылар. Өзбекстандағы заң шығару палатасының депутаттары да көліктерін қойып, көпшілікпен бірге бір күн қоғамдық көлікпен қатынауға дайын. Бастама жұрттан қолдау тапса, осы күнге арнайы мәртебе де берілмек. «Бұл акция алдында арнайы мониторинг жүргізіледі. Екіншіден, халықтың пікірі толық ескерілетін болады. Негізінен сараптаманы аудан және қала орталықтарында көлік нөпірі көп шоғырланған базарлар мен бизнес орталықтардың алдында жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, «Көліксіз күн» шарасына әркім өз қалауымен атсалыса алады. Осылайша, бір күн болса да көлік нөпірін азайтқымыз келеді, бұл қай жағынан алып қарасақ та өте тиімді болмақ», – деді Өзбекстан парламентінің депутаты Жамшид Пирматов. Бұл бастама жайлы блиц-сауал алған журналистерге тәжірибелі такси жүргізушілері де оң баға берген. Бұдан былай әр айдың үшінші жұмасында жұрт жеке машинасын қаңтарып, қоғамдық көлікпен жүрмек.
Біздің елімізде де соңғы жылдары жеңіл автокөліктердің саны күрт артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қазіргі таңда тіркелген жеңіл автокөліктер саны 6 миллионнан астам. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліпті. Бұл мегаполистерде жанар-жағармай әсерінен қоршаған ортаға орасан зор зиян тигізіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Онан бөлек, автотұрақ мәселесі де түйткілге айналып отыр. Осының салдарынан көптеген көлік жүргізушілер заң шеңберінен шығып, рұқсат етілмеген көше бойына көліктерін қойып кетеді. Арнайы тәртіп сақшылары да өз кезегінде, ол көліктерді айып тұрағына тиеп ала жөнелетіні бар. Бұл жайында талай көлік иелері арнайы орындарға шағым түсірген. Ең бастысы, қаладағы көлік тұрақтары тіркелген көлік санына есептеліп жасалса, сырттан келетін көліктер ол есепке кірмейді. Тұрақтарға деген тапшылық туындауы соның әсері.
Жүргізушілер шағымы мен қарапайым халықтың талап-тілегін ескерген Алматы қаласының басшылығы көлік реформасын дамытудың әлемдік тәжірибесін назарға алуда. Қаладағы ерекше маңызы бар бірнеше көше бір бағытты болып өзгерді. Канада мен Еуропадан келген халықаралық кеңесшілермен бірге қаланың даму серпінін бағалау мақсатында зерттеу жүргізілген еді. Болжамға сай, 2035 жылға қарай Алматы тұрғындарының саны 3 миллионды құрайды екен. Сол себепті жайлы өмір сүру деңгейін тұрақтандыру үшін қоғамдық көліктердің саны артуы керек дейді қала басшылығы. Қазіргі таңда Алматыда күнделікті 1,5 мыңнан астам қоғамдық көлік қатынайды. Олардың санын болашақта 6 мыңға жеткізу жоспарда бар. Демек, бірнеше жылдан кейін Алматыда қоғамдық көліктермен қатынау әлдеқайда тиімді болмақ. «Егер біз аталмыш көрсеткіштерге қол жеткізбесек, онда экология мен өмір сүру сапасы әлдеқайда нашарлайды, біз бұған жол бермеуге тиіспіз. Қоғамдық көліктің сапасын арттыру, трафикті қайта бөлу сынды әрекеттердің барлығы қаланың әрі қарай тұрақты дамуы үшін жасалуда. Бұл жүйелі тәсілді, үлкен күш пен алматылықтардың қолдауын қажет ететін күрделі міндет», – деп мәлімдеді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
«Цифрлы Қазақстан» аясында көлік саласындағы 6 ірі жоба іске асырылуда. Автожолдардағы ақылы жүйе, арнайы өлшеу құралдарын қолдану, жол активтерін басқару, ауыр салмақты техникамен жүк тасымалдауды бақылау, жолаушылар көлігін диспетчерлеу және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын цифрландыру мәселелері де өзекті. Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай автожолдарының учаскелерінде ақы төлеу жүйесін енгізу жұмыстары аяқталып қалған. Осы айдың аяғында олар тесттік режимде іске қосылады дейді мамандар. Сондай-ақ, ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Сәбитов: «Белгіленген учаскелер Астана-Щучинск тас жолындағыдай замануи метеостанциялармен, ақпараттық тақталармен, көліктердің тоқтамай жүріп өтуі үшін RFID белгісі бар жүйемен жабдықталған және алдын ала электронды төлем жасау мүмкіндігі де қарастырылған», – деп баяндады.
Маусым айында Алматы маңындағы 56 шақырым жолға арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары бар жаңа кешен іске қосылған еді. Жыл соңына дейін ақылы жолдармен бірге 12 ААӨҚ іске қосылады. Мамандар жол активтерін басқару жүйесін енгізу мәселесін де айтып жүр. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейін бұл жүйе республикалық маңызы бар жолдар торабын толығымен қамтымақ.
Бұдан бөлек, жыл аяғына дейін ауыр жүк, ірі габаритті және қауіпті жүктер тасымалын мониторингтеу қызметін тасымалдаушылардың жылжымалы құрамының жүйесіне қосу жоспарланып отыр дейді мамандар. Цифрландырудың тағы бір элементі – халықаралық және облысаралық жолаушылар көлігін диспетчерлеу жүйесі. Ол ақпараттандыру сервистік моделінің механизмі бойынша жұмыс істейді.
Ал жол бойындағы аймақтарда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша пайдалы істер атқарылуда. «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Рустам Исаев: «Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 2017 жылы нысандарды түгендеу нәтижесінде аймақтарда Google Maps және «Яндекс Карталары» жобаларына 200-ден астамы енгізілді», – деп мәлімдеме жасады. Және бір айта кетерлігі, жол көмекші ретінде KazWay қосымшасы іске қосылған. Оған барлық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, елді мекендер және республикалық маңызы бар жолдардағы медициналық пунктер енгізілді. Қолында смартфоны бар кез келген жан ендігі ретте өзіне қажетті ақпаратты біле алады. Әзірге қосымша iOS платформасында ғана қолжетімді. Мамандар қыркүйек айында Android нұсқасы іске қосылады деп отыр. Осы істердің барлығы атқарылса, Қазақстан жолдарындағы көліктер қауіпсіздігі арта түспек. Бұл шаралар әлемдік озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып атқарылып жатқаны мәлім. Осы ретте үлкен мегополистерімізде де көліксіз қала күнін неге енгізбеске дейді көпшілік.