Жаңалықтар

Үйі өртенген отбасына көрсетілген көмек

ашық дереккөзі

Үйі өртенген отбасына көрсетілген көмек

«Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы өңірдегі тұрғын үйі өртеніп кеткен отбасына көмек қолын созды. Филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисімбаев «Отбасыларын қолдау апталығы» республикалық акция аясында Баттар отбасында болды. Партиялықтар бұл отбасына қайырымдылық көмек ретінде жарты тоннадан астам азық-түлік жеткізіп берді. Айта кетейік, тамыз айының аяғында Вадим және Кристинаның үйі өртке оранды. Тілсіз жаудың кесірінен үй мүліктерінің бәрі жанып кеткен болатын. Өрт басталғанда жеңіл киінген Кристина ең ересегі 7 жасар, кішісі алты айлық 4 баласымен далада серуендеп жүріпті. Қызыл жалын электр желісінің қысқа тұйықталуынан пайда болған. Өрттен зардап шеккен Вадим Батт: «Қазір еріктілердің көмегімен құрылыс жұмыстарын жүргізудеміз. Қиналған сәтте қол ұшын созып, азық-түлікпен көмектескен «Нұр Отан» партиясына зор алғысымызды білдіреміз. Енді біздің көктемге дейін қорымыз бар. Қажеттілік туған жағдайда «Нұр Отан» партиясына хабарласамыз. Сол сияқты бізге бүгінгі күні үй жиһаздары мен киім-кешек те қажет. Балаларымызды киіндіріп, мектепке дайындауға көмектескен жандарға да алғысымызды жеткізгіміз келеді. Қазір балалар Таран ауданындағы туысқандарымыздың қолында, тезірек үйге әкелсек дейміз», – дейді. Ал «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисімбаев: «Біз бұл жағдайдан тысқары қала алмадық және бізді Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Айтжан Есенгелдинов бастаған партиялықтар қолдап, оларға көмек көрсету жөнінде шешім қабылдадық. Сөйтіп бірлесе отырып жарты тоннадан астам күнделікті пайдаланатын азық-түлік жеткізіп бердік. Дегенмен отбасына әлі де көмек қажет. Өрттен зардап шеккендердің барлық тілектерін тыңдадық, бұл оқиғаны біз бақылауда ұстаймыз», – деді.