Түркістан жаңа сипатқа ие болады
Түркістан жаңа сипатқа ие болады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, облыс басшысы Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Жиын барысында қаланы дамытудың жоспары мен болашағы жөнінде сөз болып, облыс орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіруге қатысты тапсырмалардың орындалуы баяндалды.
– Елімізде жаңа облыстың пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Түркістан – түркі халқының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды. Кеңесте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан қаласының аумақтық даму тұжырымдамасы жөнінде баяндады. Сонымен бірге, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшіру барысы жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, Қазақстан Президентіне инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ, қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берді. Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке және облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма жүктелді.