Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев: Астанада дамудың жаңа моделін енгізу қажет

ашық дереккөзі

Нұрсұлтан Назарбаев: Астанада дамудың жаңа моделін енгізу қажет

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының активімен кеңес өткізді. Жиын барысында Елбасы бас қаланың бұрынғы әкімі Әсет Исекешевті Президент Әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жаңа басшылық алдында тұрған маңызды міндеттерді атап өтті. Сөз басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Әсет Исекешевтің кәсіби біліктілігіне тоқталып, еліміздің бас қаласын дамыту бойынша оның атқарған жұмыстарын атап өтті. Одан кейін Елбасы Астананың жаңа басшылығы алдында тұрған басым міндеттерге тоқталды. «Мен елорда әкімін тағайындау мәселесіне зор мән беремін. Қаланы дамыту ісі, соның ішінде Астанадағы бүкіл нысандардың құрылысы үнемі менің жеке бақылауымда. Бұл – мен үшін маңызды басымдық. Бақыт Сұлтановтың мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі мол әрі ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті. Астанада дамудың жаңа моделін енгізу қажет. Инновацияны ілгерілету және креативті адамдардың көбеюі үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн. Сол үшін қаланың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Астананы іскерлік қаржы хабы ретінде дамытуды жалғастыру қажет екенін де назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар, жаңа тұрғын үйлер салу, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелерінің маңыздылығы сөз болды. Одан бөлек, Қазақстан Президенті Астана қаласының ин­фр­а­­­құ­рылымын дамыту қарқынын сақтаудың және шаһарды газбен қамту үшін дайындық жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев Астана әкімі Бақыт Сұлтановқа елорданың туристік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үздік тәжірибелерін қолдануды тапсырды. Мемлекет басшысы қаланың барлық мемлекеттік құрылымдарының жұмысын трансформациялауды жалғастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және цифрландыру бағдарламасын іске асыру мәселелеріне Астананы одан әрі дамытудың басымдықтары ретінде айрықша тоқталды. Жиын соңында Әсет Исекешев­ пен Бақыт Сұлтанов өздеріне­ артылған сенім үшін Қаза­қ­­­­с­­­т­а­н Президентіне алғыс білдіріп, бас қаламыз бен бүкіл елімізді да­мыту ісіне өздерінің зор үлестерін қосатынын мәлімдеді.