Жаңалықтар

Анкарадағы "Қазақстан күнін" 50 мың көрермен тамашалады

ашық дереккөзі

Анкарадағы "Қазақстан күнін" 50 мың көрермен тамашалады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай Анкарада «Қазақстан күні» өтті. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің шақыруымен Этимесгут ауданының мэриясы ұйымдастырған «Анадолу» фестиваліне  Жамбыл облысы Шу ауданының «Əсем əуен» фольклорлық ансамблі қатысты. Шара басталмас бұрын өнер ұжымы қаланың көрікті орындарын аралап, Этимесгут ауданының мэрі Әнуар Демирельдің қабылдауында болды. Шығармашылық делегацияны Жамбыл облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Еркежан Сембаева, облыстық Халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева, Шу ауданы әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, ансамбльдің көркем жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Əуесхан Келгенбаев бастап келді. Жүздесу барысында Анадолу фестивалінің маңызы мен түркі ынтымағына тигізер ықпалы жайында əңгіме өрбіді. Жазушы-аудармашы Мəлік Отарбаев қазақстандық қонақтарды таныстырып, фестивальдің сəтті өтуіне тілектестік білдірді. Ұзақ жылдан бері қазақ өнері мен мəдениетін, əдебиетін Түркия төрінде насихаттап, екі ел арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға үлес қосып келе жатқан Этимесгут мэрі Әнуар Демирельге халықаралық Жамбыл сыйлығы мен төсбелгісі табыс етілді.