Курсанттар әскери ант қабылдады
Курсанттар әскери ант қабылдады
2018 жылдың 8 қыркүйегінде Құрлық әскерлерінің Әскери институтының 1 курс курсанттары әскери ант қабылдады.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Ал елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін әскерге келген әрбір азаматтың өміріндегі ең маңызды қадамдарының бірі – әскери ант қабылдау.
Институт бастығы генерал-лейтенант Курбан Қаражанов курсанттарға өз құттықтау сөзінде: «Әскери ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны», – дейді. Яғни, адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады. Талай ғасыр халқының еркіндігін сыртқы жаулардан қорғаған сынды батыр бабаларымыздың, кешегі фашизмнің отын өшірген майдангер, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы аталарымыздың аманаттаған Отанымыздың тәуелсіздігін қырағы күзету – ең ұлы қызмет. Сондықтан да бүгінгі берген анттарыңа әрдайым адал болыңдар!», – деп атап кетті.