Алматыда бүкілқазақстандық  кітапханашылар съезі өтеді

Алматыда бүкілқазақстандық  кітапханашылар съезі өтеді

Алматыда бүкілқазақстандық  кітапханашылар съезі өтеді
ашық дереккөзі
  13-14 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Кітапхана – қоғамның көпфункцияналды, көпдеңгейлі әлеуметтік институты» тақырыбында  Бүкілқазақстандық кітапханашылар съезі өтеді.  Іс-шара  Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылмақ.  Бұл маңызды шарада қарастырылатын басты мәселе –  «Кітапхана ісінің қазіргі ахуалы қаншалықты деңгейде, қандай міндеттер өзінің барынша  тез әрі тиімді шешімін табуды қажет етеді?» – деген сұрақтар төңірегінде пікір алмасып, ой бөлісіп, ортақ шешімдерге келу. Қазақстан  кітапханашыларының съезі соңғы рет 1998 жылы өткізілді. Араға 20 жыл салып, барлық жүйелер мен ведомстволардың кітапханалық қауымдастығы, шетел кітапханашылары Алматы шаһарында бас қосатын болады. Съезге 200 кітапханашы  қатысады деп күтілуде, оның ішінде 184 – қазақстандық делегаттар, 16 – шетел кітапханаларының жетекшілері және АҚШ, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. мемлекеттер кітапханаларының мамандары. Осы съезге қатысуға 300-ден астам адам ниет білдірді. Бүкілқазақстандық съезд – түрлі аймақтық деңгейдегі көпшілік кітапханалардың, ғылыми, техникалық, жоғары оқу орындарының және мектеп кітапханаларының мамандары, бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері,  бизнес серіктестік және ұқсас ұйымдардың еліміздегі  кітапхана ісінің мәселелерін сапалы шешу, сапалы адами капиталын қалыптастыру тұжырымдамасын анықтау, республикадағы кітапхана қорын цифрландыру жолдары, ақпараттың  қолжетімділігін  заңнамалық қамтамасыз ету және басқа да өзара іс-қимылдарды талқылайтын, ресурстар мен мүмкіндіктерді біріктіретін кәсіби диалог алаңы. Яғни, мәдени шараның негізгі мақсаты – кітапханалардың қоғамдағы рөлін көтеру, дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне ену. Съезд шеңберінде: кітапхана директорларының отырысы, тақырыптық секциялық кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Кітапхана саласының жетекші шетелдік  мамандарының қатысуымен фокус-тренингтер, шеберлік-сыныптары, тәжірибелік сабақтар, Астана және Ақмола облыстарының кітапхана қауымдастығымен мерекелік – онлайн-кездесуі өткізіледі.    

Айсұлу ТӘЖІБАЕВА,

ҚР Ұлттық кітапханасының

                             қызметкері, баспасөз хатшысы