ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ҚЫРЛАРЫ
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ҚЫРЛАРЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау қажеттігін ескерткен болатын. Бұл ретте Елбасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына баса мән беруді тапсырды.
Президент Жолдауында айтылған бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында еліміздің басты шаһарларының бірі – Алматыда атқарылып жатқан шаруа көп екенін мақтанышпен айтуға болады. Бұл тапсырмаларды орындау үшін Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тынымсыз жұмыстар жүргізуде. Мәселен, таяуда басқарма өкілдері «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын түсіндіру мақсатында шаһардағы жұмыс берушілермен кездесу өткізді. Кездесу барысында Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының мамандары мегаполисте іске асырылатын бағдарламаның негізгі бағыттары туралы айтып берді. Жұмыс берушілер қатыса алатын, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жұмыс берушілер аталған бағыттар бойынша бағдарламаға енгізілген шарттармен танысып, бос орындар мен болжанған жұмыс орындарын базаға енгізу үшін, талап етілген мамандықтар мен бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді ұсынды.
Халықты жұмыспен қамту орталығы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын Алматы қаласының әртүрлі ұйымдары мен мекемелерінде өткізуде. Сондай шаралардың бірі қаладағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде өтті. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыруға тоқталды. Сонымен бірге, жоғарыда аталған тұлғаларды жұмысқа орналастыруда жұмыс орындарын үлестеудің тәртібін түсіндірді.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздар саны 0,1 пайызға қысқарды. Ал соңғы үш жылда Алматы қаласы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрады. 2018 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ол 5,2 пайызға дейін, яғни 0,1 пайыз төмендеді.
Жұмыспен қамту орталығының алдындағы негізгі міндет – қаладағы жұмыссыздықтың деңгейін төмендету. Бұл мәселенің шешілуіне кешенді түрде қарау керек. Өткен жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы үш бағытта іске асырылып келеді. Ол өзінің қатысушыларын техникалық және кәсіптік оқытуға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, сонымен бірге халықты жұмыспен қамтуға көмектесу арқылы еңбек нарығын дамытуды қамтамасыз ету сияқты аспектілерді көтереді. Бірінші бағытқа қысқа мерзімді кәсіптік оқыту енгізілген. Бұл ретте нарыққа қажетті мамандықтар бойынша жұмыс іздеушілер даярлануда. Ағымдағы жылы бағдарлама бойынша 1000 адамдық қысқа мерзімді оқыту қарастырылған. Алдын ала жұмыс берушілер тапсырыстарын жібереді, осының негізінде қажетті мамандықтар тізбесі жасалады. Осы жылы 38 қажетті мамандықтар анықталды. Негізінен, бұлар коммерциялық және сақтандыру агенттері, бармендер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер,зертханашылар, сәнгерлер, даяшылар, шаштараздар. Алматыда кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының тізбесіне 16 ұйым кіреді, олардың ішінде 3 колледж және 13 оқыту орталықтары бар.
Жаңа жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «enbek.kz» порталы жұмыс істейді. Орталықтандырылған тәртіппен ол жұмыс іздеушілерді жұмысқа орналастырады. Ашық бос орындар бойынша тапсырыстар жұмыс берушілерден түседі. Заңға сәйкес үш күн ішінде олар босаған бос орындары туралы мәлімет берулері қажет. Олардың негізінде жұмыс іздеушілерді іздеу іске асырылады. Біліктілігінің болмауы немесе басқа да себептермен тиісті жұмыс орнына орналаса алмағандарға қолдаудың белсенді шаралары қарастырылған. Бұл әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, сонымен қоса қоғамдық жұмыстар. Айта кетейік, биыл Жұмыспен қамту орталығында тәжірибеден өткен жастарға төленетін шәкіртақы өсті. Бұған дейін орталықта тәжірибеден өткен әрбір адамға 44 мың теңге төленіп келсе, биылдан бастап ай сайын 60 мың алады. 6 ай ішінде іс-тәжірибеден сүрінбей өткендер әрі қарай тұрақты жұмыспен қамтылады. Үкіметтің мұндай шарапатын былтыр алматылық 141 жас көріпті. Оның 80 пайызы мемлекеттік қызметке кірген. Жастар практикасы оқуды бітірген тәлімгерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Батысы, мұнда жұмыс тәжиірбесі еңбек кітапшасына жазылады. Жастардың еңбек жолына ілігіп кетуі үшін қазынадан қыруар қаржының бөлініп жатқаны да бекер емес. Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келетіндер қатарында радиоэлетроника, көлік жөндеу және темір жол қызметкерлері көп кездеседі. Дегенмен, оларға жұмыс табу көбіне қиынға соғады дейді мамандар. Ал оқушылар мен студенттер көбіне ерікті ретінде жұмыс істеуге сұранады. Орта жастағы адамдар болса әлеуметтік жұмысқа тұрғанды жөн көреді екен. Әрине, адамдар әр түрлі болған соң талғам-талап та түрлі болады. Сондықтан кейде жұмыс беруші жұмыс істеуге келген маманды ұнатпай қалса, Жұмыспен қамту орталығы берген жолдамаға себебін жазып беруі керек. Ары қарай Жұмыспен қамту орталығы бұл мәселені шешуге тырысады. Ал егер жұмыс істеуге барған адамға жұмыс орны ұнамаса, оны басқа жұмыс орнына жібереді.
Халықты жұмыспен қамтудың басқа да механизмдері бар. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жеке бизнес ашуды немесе өз бизнесін дамытуды жоспарлаған, жеке кәсіпкерлер санатына жатады. Олар үшін нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту бағдарламасы «Даму» қорының қатысуымен екінші деңгейлі банктер арқылы 19 млн теңгеге дейін шағын несие алудың мүмкіндіктері қарастырылған. Осы бағдарламаға кәсіпкерлік негіздері бойынша қысқа мерзімді курстардан өткен және «Даму» желісі бойынша да қысқа мерзімді курстарды аяқтаған адамдар қатысуға құқылы. Биыл бизнестің 115 бағыты бойынша шағын кредиттер берілген.
Өзін-өзі қолдау және жаңа бизнес бастамалар шеңберінде бағдарламаға толықтырулар енгізілді және 240 мың теңге (100 АЕК) көлемінде өтеусіз гранттар алу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай жағдайда гранттарды курстардан өткен жұмыс іздеушілер де ала алады. Оқыту аяқталғаннан кейін үміткер Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш жасайды, одан соң оны «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді. Грантты беру туралы шешім комиссия арқылы қабылданады. Оң қорытынды алған кезде қажетті заттар сатып алуға өтеусіз грант беріледі. Бұл адамның өзін-өзі жұмыспен қамту санатына өтуіне мүмкіндік береді.
2018 жылдың бірінші жарты жылдығында Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына 16 мың адам көмекке жүгінді, 13 мың адамға жұмыс іздеуде қол ұшы созылып, 6 мың кандидатқа тұрақты жұмыс орны таңдалды, 3 мың адам уақытша жұмысқа орналасты және 510 адам курстардан өтуге жіберілді.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының сәтті жүзеге асып келе жатқанын мегаполистегі шағын және орта бизнес субъектілері қатарының көбейгенімен байланыстыруға болады. Алматы қаласы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының хабарлауынша, қалада 270 464 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға жоғары. «Бизнестің белсенділігі іскерлік көрсеткішпен шағын және орта бизнестен тек қана 2018 жылдың жеті айындағы қорытындысы бойынша 37 млрд теңге сомасында бюджетке салық түсімдерінің 6 пайызға артуы болып табылады. Бұл үшін жалпы көлемнен шағын және орта бизнес түсімдерінің бөлігі көрсетілген мерзімде 60 пайыз, яғни 661,2 млрд теңгені құрады», – дейді Алматы қаласы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс Өсеров.
Басқарма басшысының айтуынша, жоғары бәсекелестік орта заманауи тұтынушы тарапынан бизнесті тексерудегі талапшылдыққа маңызды байланыс болмақ. «Бұл нарықтық қатынастар үшін қалыпты болып табылатын бәсекеге қабілетсіз субъектілер нарығын шығарудың негізгі факторы. Сондай-ақ, жылдар бойы жеке кәсіпкер мәртебесінде тұрған, бірақ әртүрлі себептермен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаған, осы мәртебеден бас тартқан азаматтарға, жеке кәсіпкер есебінен шығару тәртібін жеңілдету және мүмкіндік беру. Жыл басынан бері 2 мың шағын және орта бизнес жойылды, сондай-ақ, белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 1,3 пайызға төмендеуі бизнесті жүргізудің статистикасына әсер етті», – деп атап көрсетті Ілияс Өсеров.
Қазіргі уақытта бизнеспен айналысуға ниетті жандарға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау көп. «Мемлекет тарапынан бизнесті жан-жақты дамыту мен қолдау мақсатында белсенді шаралар қолданады. 2018 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда 6,2 млрд теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстың арқасында 1000 жұмыс орны сақталып қалды, қосымша 500 орын құрылу жоспарлануда. Атқарылған жұмыстар бүгінде шағын және орта бизнес жұмыстарының көрсеткіштерінде оң нәтиже беруде. Қазіргі уақытта 2020 жылға дейін жоспарланған шамалармен салыстырғанда жалпы өңірлік өнімді шығарудың көлемінің ұлғаюы байқалып отыр. Мысалы, 2017 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімді шығарудың көлемі 2020 жылға жоспарланған көрсеткіштен 2,5 есе асып кетеді», – деді Алматы қаласы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы.
Алматыда тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту, техникалық білім беріп, жұмысшы мамандықтарын игеруге жол ашу, кәсіпкерлікке қолдау көрсету шаралары тоқтаусыз жүргізіле беретіні сөзсіз. Өйткені Алматы – еліміздегі халық көп орналасқан маңызды шаһарлардың бірі де бірегейі.
Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан