ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ – ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛШЕГІ
ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ – ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БӨЛШЕГІ
Цифрландыру – жаһандық үрдіс. Бұл үрдістен бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған мемлекеттердің ешбірі бас тартпайды. Қазақстан да осы елдердің қатарында. Сондықтан Мемлекет басшысы елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын енгізді. Аталмыш бағдарлама цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады.
Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 2018-2022 жылдар аралығында іске асырылады. Бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде. Жоба негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асатын болады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.
Сапалы интернетке қол жеткізер күн жақын
Бүгінде елімізде бағдарламаның барлық бағыттарын жүзеге асыру бойынша нақты шаралар бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы бағыт – ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігі іске кірісіп кетті. Министрлік 2021 жылға дейін 1249 ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, LTE-800 технологиясы бойынша 800 мың халық тұратын 2,5 мың ауылдық елді мекен қамтылады. Өткен жылы Қазақстан 137 елдің ішінде ғаламторды қолдану деңгейі бойынша 5 сатыға көтеріліп, 36 орынға жайғасқан. Әрі алдын ала болжам бойынша ғаламторды пайдаланатын адамдар саны биыл 78 пайызға жетпек.Демек, сұраныс күннен күнге артып келеді. «Қазақстанның ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру 1 мың 249 ауылдағы мемлекеттік органдарды және бюджеттік мекемелерді талшықты-оптикалық желілері бойынша көрсетілетін байланыс қызметтеріне қосуға мүмкіндік береді. Соның арқасында ол ауылдарда байланыс арналарының жалпы өткізгіштік қабілеті ең кем дегенде 50 Мбит/секундты құрайтын болады. Бұл жылдамдық сол ауылдарда интернет арқылы бейнероликтерді, тіпті фильмдерді онлайн көруге де мүмкіндік ашады. Осылайша, қала мен ауыл арасындағы цифрлы теңсіздік жойылуға тиіс. Қазіргі уақытта еліміздегі 13 миллионнан астам адам жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізді. Халық саны 10 мың адамнан тұратын елді мекендер 3G байланысымен қамтылған, 50 мыңнан астам тұрғыны бар мекендер 4G стандартымен қамтылған. Өткен жылы еліміздің барлық аудан орталықтары төртінші ұрпақтағы интернет желісімен қамтылды. Мәселен, Қарағанды облысында интернет желісінің қамту аймағы 89 пайызды құрайды. Ағымдағы жылдың соңына дейін Қарағанды қаласына қарасты қашықтағы аудандар мен Балқаш қаласының тұрғындары кең жолақты интернет желісін пайдаланатын болады. Ал 2019 жылға қарай Саран, Шахтинск, Теміртау, Жезқазған қалаларында аталған мәселе шешімін таппақ.Денсаулық сақтау саласы цифрлық жүйеге көшуде
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы салаларын цифрландыруға және электронды сауданы дамытуға мән береді. Елбасы «Төртінші өнеркәсіп революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет», – деген болатын. Шын мәнінде, елімізде денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу осыдан 13 жыл бұрын басталған. Нәтижесінде, бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімі, емдеуге жатқызу порталы және емханаға бекітілетін халықтың тіркелімін әзірлеу жұмыстары жолға қойылды. Медицина саласын цифрландыру дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Электронды қызметтің нәтижесінде пациенттер зертханалық талдаулардың қорытындысын алу үшін емханаларға қазіргідей жиі бармайтын болады. Дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді электронды түрде жасай алады. Бүгінгі таңда өңірлерде медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде аймақтарда жекелеген медициналық мекемелердің біразы цифрлық жүйеге өтіп үлгерді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау ұйымдарын компьютерлік техникалармен жабдықтау, олардың интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында оң динамика байқалады. Бүгінгі күні денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу үлесі 75,5 пайызды құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді компьютерлік техникалармен қамтамасыз ету 82,7 пайызды құрайды. Ал денсаулық сақтау ұйымының 55,7 пайызына интернет желісі қолжетімді. Қостанай облысында 2019 жылға дейін барлық елді мекендердегі емдеу мекемелері компьютермен жабдықталады. Бұл мақсатқа 620 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Бүгінде олардың тек 32 пайызы ғана интернетке қосылған. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 15 пайызы электронды денсаулық төлқұжаттарына ие. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу көзделген. Медицина саласы бойынша цифрландыру жұмыстары Батыс Қазақстан облысында да қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Елбасының тапсырмасына сәйкес облыстағы 23 мемлекеттік меднысан қағазсыз жұмыс істеуге көшті. Цифрландыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсарады, дәрігерлердің есеп жазудан қолы босап, науқасқа көбірек көңіл бөледі. Ал Шығыс Қазақстан облысында медицина саласын толық цифрландыру бағдарламасы жыл соңына дейін жүзеге асуы тиіс. Осы орайда Үржар ауданының денсаулық сақтау жүйесі де жетіле түседі. Қазір орталық аурухананың компьютермен қамтылуы – 54 пайыз. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қосымша 123 компьютер құралдарын сатып алу жөнінде тапсырыс берілген. Цифрландыру бағдарламасын игеру үшін мамандар арнайы курстардан өтуде.Білім сапасын арттыру – негізгі мақсат
Цифрландырудағы негізгі мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, кез келген процесті, қазіргі жағдайда, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Білім және ғылым саласын цифрландыруды дамыту бойынша 3 бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Біріншісі – орта білім жүйесін ақпараттандыруды дамыту, екіншісі – білім беруді және ғылымды басқару процесін автоматтандыру, үшіншісі – IТ мамандарды даярлау. Осыған байланысты мұғалімдердің біліктілігін, оқушыларға робототехниканың қолжетімділігін арттыру мақсатында жұмыстар атқарылған. Қазіргі таңда үш мыңнан астам мектеп пен оқушылар сарайында роботты техника бойынша элективті курс енгізілген. Бүгінге дейін бес мыңнан астам ұстаз біліктілігін арттырса, биыл үш мыңға жуық мұғалімді оқыту жоспарда бар. Министрлік жүргізіп жатқан екінші бағыт – білім жүйесін басқару процестерін автоматтандыру. Осыған сәйкес, балабақшаларға кезекке тұру және жолдама беру кезегін автоматтандырудың жаңа стандарты бекітілді. Мектептерге қабылдау, өзара ауысу электронды режімде іске асырыла бастады. Ал ақпараттық технология саласындағы білім сапасын арттыру мақсатында университеттер рейтингі әзірленген. Мұндай қадам жоғары оқу орындарында бәсекелестіктің артып, оқу сапасының жақсаруына жәрдемдеседі. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында еліміздегі оқу орындарына жаңа технологиялар қарқынды түрде енгізілуде. Мәселен, қазірдің өзінде «Күнделік» ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні электрондық «Күнделік» жүйесі 4 мыңнан астам мектепте енгізілген. Сонымен қатар, «Bilimal» және «Mektep» компанияларының электрондық күнделіктері 400 мектепте бар. Бұның бәрін шамамен 3,5 млн адам қолданады.Электрондық үкімет – цифрландырудың көрінісі
Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу шаралары осыдан 10 жыл бұрын сәтті басталғанын айта кету қажет. Дәл осы жердегі бұлтартпас мысал, ол – eGov немесе Қазақстанның электронды Үкіметі. Оңтүстік Корея үлгісінде жасалған осы жүйе көмегімен жүздеген операцияларды ешқайда бармай-ақ компьютер алдында отырып жүргізе аласыз. Мұндай жобаның ТМД елдерінде бірен-саран екенін еске салу еш артық болмас. Құжат рәсімдеу, түрлі анықтамалар алу, коммуналдық қызмет түрлерінің ақысын, салықты, айыппұлды, сақтандыруды және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйенің жұмысы одан әрі жетілдірілмек. Қазіргі кезде азаматтар анықтаманың бәрін электронды жүйе арқылы алады. Ал «ашық диалог» арқылы министрлерге сұрақ қойып, сан алуан мәселелерді талқылайды. Мұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді. Осындай игі шаралар ары қарай да жалғаса береді. Ендігі кезекте аймақтарда ақпараттық теxнологияларды кеңінен дамыту қажет. Соның арқасында жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерінің жұмысын басқаруға ғана емес, ауыл-аймақта атқарылып жатқан шаруаларды да бақылауға болады. Бүгінде «электронды үкімет» қызметтері қазақстандықтардың барлық өмір сүру қадамында – дүниеге келгеннен бастап зейнеткерлікке шығуына дейін бірге жүреді. «egov.kz»-те баланың туылғанын тіркеуге және куәлік алуға, балабақшаға кезекке тұруға, ЖОО-на құжаттар тапсыруға, некеге тұруға, медициналық ұйымын таңдауға болады, мұнда тегін көмек көрсету көлемін алу мүмкін. Қазіргі кезде «egov.kz» арқылы салықты, мемлекеттік баж-ды, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айппұлды, телефон байланысын төлеуге болады. Осылайша, мемлекеттік басқару жүйесін цифрландырудың көзі – «электронды үкімет» арқылы жүзеге аса бастады. Мәселен, 2017 жылы 740-тан астам қызмет түрі электрондық үкіметке шоғырланып, оның 83-і мобильді қосымша арқылы іске асырылған. Ал электрондық үкіметтің веб-порталында «ашық үкімет» алаңы құрылып, 2376 дерек жиынтығы «ашық деректер» порталына орналастырылған. Бір сөзбен айтқанда, электронды үкімет – цифрландырудың құрамдас бөлшегі ретінде қалыптасты. Тек электронды құндылықты қолдануда халықтың сауаттылығын арттыруды қолға алу қажет. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының арқасында бүгінде еліміздің барлық салалары жаңа технологиялармен жарақтандырылып, цифрлық жүйеге көше бастады. Бағдарлама шеңберіндегі шаралар әлі де жалғаса бермек. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан