«Балбұлақтағы» мерекелік концерт
«Балбұлақтағы» мерекелік концерт
«Балбұлақ» оңалту орталығында Конституция күніне арналған мерекелік іс-шара көңілді әрі қызықты өтті. Балалар ән шырқап, елінің көркейе беруін тілеп, жүректерінен шыққан құттықтау лебіздерін жеткізді. Сондай-ақ, Медеу ауданының «Нұр Отан» партиясы филиалының Жемқорлыққа қарсы қоғамдық ұйымы басшысының орынбасары Сләмхан Сағымбеков орталық қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, мереке қарсаңында сіңірген еңбектері үшін мақтау грамотасымен марапаттады.
Жүйке жүйесі және психикасы бұзылған балаларға арналған «Балбұлақ» Республикалық балаларды оңалту орталығы 1995 жылы сәуір айында «Бөбек» балалар қорының президенті С.Назарбаеваның бастамасымен ашылған болатын. Іле Алатауының бөктерінде орналасқан мекеме балалар мен балаға қараушы жауапты тұлғаларды тегін емдейді.
«Балбұлақ» орталығын ашу барысында ең бірінші баланы қалыпты өмірге қайта бейімдеу алға мақсат етіп қойылған.
1996 және 2018 жылдар аралығында 15303 бала ем қабылдап, БЦС-мен ауыратын 7214 баланың ішінде жүре алмайтын 3540 бала емделген. Ем-шарадан кейін 251 бала өз бетінше, ал 394 бала көмекпен жүре бастады; 335 балада отыру және тұру дағдылары қалыптасып, 2457 балада сөйлеу қабілеттері жақсарған.