Шолпан-атаға келген саңлақтар
Шолпан-атаға келген саңлақтар
Жексенбі күні Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталды. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып жатқан дода – қырғыз жерінде қолға алынған ең ауқымды спорттық шаралардың бірі. Байрақты бәсеке 8 қыркүйекке дейін жалғасады.
37 ұлттық спорт түрінен өтетін дүбірлі додада әлемнің 80 елінен жиналған үш мыңға жуық спортшы бақ сынауда. Әлемдік додада 600-ге жуық медаль сарапқа салынады. Атап айтсақ, спортшылар 174 алтын, 173 күміс, 247 қола медаль үшін бақ сынамақ. Спорттық сайыстардың арасында қазақша күрес ерекше орын алып тұр. Халықаралық деңгейдегі доданың жалпы жүлде қоры 26 миллион сомды құрайды. Сондай-ақ, байрақты бәсеке шеңберінде спорттық тартыстармен қатар көшпенділердің тұрмыстық салтынан сыр шертетін мәдени шаралар көптеп ұйымдастырылған.
Қазақстаннан бұл додаға 134 спортшы қатысуда. Еліміз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 2014 жылдан бері қатысып келеді. Сол жолы қазақстандықтар 11 алтын, жалпы 28 медаль алып, 18 елдің арасында екінші орынды иеленген болатын. 2016 жылы ұйымдастырылған ІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 63 елден мыңнан астам спортшы қатысты, олардың ішінде дәстүрлі түрде көшпенді халық саналмайтын елдер де болды. Қазақстан спорттың 22 түрінен 13 алтын, жалпы 39 медаль алып, жалпы есепте үшінші орынды қанағат тұтқан.
Ал ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар Мұратхан Берікбол (68 кг) мен Мақсат Жанділдаев (81 кг) тәжіктің ұлттық спорты – «гуштини милли камарбанди» атты белбеу күресінен қола жүлдені жеңіп алды.