ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ТОЙЛАДЫ

ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ТОЙЛАДЫ

ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ ТӘУЕЛСІЗДІГІН ТОЙЛАДЫ
ашық дереккөзі
31 тамызда Қырғыз елінің тәуел­сіздік алғанына 27 жыл толды. Мемлекеттің басты мейрамына арналған негізгі шара ел астанасы Бішкек қаласының орталығындағы «Ала-Тоо» алаңында өтіп, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков халықты тәуелсіздік мейрамымен құттықтады. Өз сөзін: «Бүгін – біз үшін өте маңызды күн. Бұл күн – ұлтымыздың ұмтылысы арқылы тәуелсіздікке қол жеткізіп, халқымыздың үміті ақталып, арманы орындалған күн. Бүгін біз тәуелсіздік туын көтердік, елімізде еркін қоғам пайда болып, әлемдік қауымдастықтан өзіміздің лайықты орнымызды алуға қол жеткіздік», – деп бастаған қырғыз президенті тәуелсіздікпен қайта түлеген жас мемлекеттің қалыптасу, даму кезеңінде үлкен қиындықтарды жеңіп келе жатқанына тоқталды. «Біздің ендігі міндетіміз – даңқты бабалар салған жолды лайықты жалғастырып, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай отырып келесі ұрпаққа жеткізу. Қырғызстанның жарқын болашағы үшін біз еліміздегі тыныштық пен бейбітшілікті, ұлтаралық келісім мен қоғамдағы бірлікті сақтау арқылы мемлекетімізді қорғауымыз тиіс. Бұл әрбір қырғызстандықтың қасиетті парызына айналуы керек», – деді Сооронбай Жээнбеков Ел басшысының сөзінен соң алаңда салтанатты мерекелік шара басталып, Мирбек Атабеков, Айым Айылчиева, Қайрат Прім­бердиев секілді өнер жұлдыздары ән салды. Қырғызстан (Қырғыз Республи­касы) – Орта Азияда орналасқан мемлекет. Халқының жалпы саны – 6 140 200 адам (2017 жылғы 1 қаңтарға дейінгі есеп бойынша). Елдің этникалық құрамына келсек, негізгі тұрғындары қырғыздар (72,6%). Одан кейін өзбектер (14,5%), орыстар (6,4%). Сол секілді украиндар, татарлар, қазақтар, ұйғырлар, немістер, тәжіктер, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Астанасы – Бішкек қаласы (624 мың адам). Конституциясы бойынша – Президенттік басқару нысанындағы мемлекет. Заң шығарушы органы (Жогорку Кенеш) 2 палатадан тұрады. Ресми тілдері – қырғыз және орыс тілдері. Ұлттық мерекесі – 31 тамыз – Тәуелсіздік күні. Ақша бірлігі – сом. Ел аумағы 199 951 шаршы шақырымды құрайды, әлем бойынша 85-ші орынға ие, ТМД елдерінің арасында 7-орын. Жалпы ішкі өнімі жағынан 140-орында. Әкімшілік-аумақтық жағынан ол 7 облыс және республикалық маңызы бар 2 қалаға (Бішкек және Ош) бөлінсе, экономикалық-географиялық жағынан Орталық Қырғызстан, Солтүстік және Оңтүстік өңірлерге бөлінеді. Бүгінгі қырғыз елі орналасқан аумақта алғашқы мемлекеттер біздің заманымызға дейінгі II ғасырда пайда болған. Біздің заманымыздың VI-XII ғасырларында бұл аймаққа Енисей бойынан түркі тайпалары қоныс аударып, соңынан олар моңғол-татар шапқыншылығына ұшырады. XIX ғасырда алғашында қырғыз жеріндегі халыққа Қоқан хандығының әмірі жүріп, соңынан Түркістан губерниясы құрамында Ресей империясына өтті. Патшалық Ресей билеген тұстан Қырғызстанның таулы жерлеріне Ресейдің ішкі аудандарынан шаруалар жаппай қоныс аударған болатын. Қазан революциясынан кейін бұл аймақ алғашында Қара Қырғыз автономиялық облысы деп аталды, ал 1926 жылы Қырғыз КСР-і болып қайта құрылды. 1991 жылы Қырғызстан тәуелсіздігін жариялады. ҚЫРҒЫЗСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК МЕЙРАМЫ ЖӘНЕ БАСТЫ ОҚИҒАЛАР 1991 жылдың 31 тамызында Қыр­ғыз­стан тәуелсіздігін жариялап, халық Асқар Ақаевты елдің тұңғыш президенті етіп сайлады. Осылайша қырғыз елі алғаш рет ел астанасы Бішкек қаласында тәуелсіздігін тойлады. 1992 жылдың 3 наурызында Қырғызстанның мемлекеттік туы бекітілді. Бес айдан соң өз елінің туын көтеріп, тәуелсіздігінің бір жылдығын белгілеген Қырғызстан 30-31 тамызда бірінші дүниежүзілік қырғыз құрылтайын өткізді. 1993 жылы тәуелсіздік мейрамынан екі ай бұрын Қырғыз республикасының конституциясы қабылданды және Қырғызстанның ұлттық валютасы – сом айналымға шықты. 1994 жылдың 14 қаңтарында Қырғыз республикасының мемлекеттік елтаңбасы қабылданды. 1998 жылғы мейрам – жұлдызды мейрам болды. Ала-Тоо алаңында танымал шетелдік жұлдыздар ән салып, халықтың көңілін көтерді. Сол жылы Endeavour STS-89 шаттлымен қырғыз астронавты Салижан Шарипов ғарышқа аттанды. 1999 жылы ескі алаңда Эркиндик ескерткіші қойылды. 2000 жылы Сиднейдегі олимпиада ойындарында қырғызстандық дзюдошы Айдын Смағұлов ел тарихындағы тұңғыш қола медальге ие болды. 2002 жылдың 27 тамызында Қырғызстанның бес миллионыншы тұрғыны дүниеге келіп, оған Тынычтыкбек деген есім берілді. 2003 жылғы тәуелсіздікті тойлаумен бірге – қырғыз мемлекеттілігінің 2200 жылдығы атап өтілді. 2006 жылы Қырғызстан конституциясына өзгерістер енгізіліп, соның нәтижесінде президенттің өкілеттілігі күшейіп, парламенттің құзыры әлсіреді. 2008 жылы қырғыз монетасы айналымға шықты. 2009 жылы қырғыз билігі алаңда әскери шеру өткізбеуге шешім қабылдап, мерекелік бағдарлама концерт берумен, халықтың серуендеуімен аяқталды. 2011 жылы Қырғызстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы Ала-Тоо алаңында Айкөл Манас ескерткішінің ашылуымен атап өтілді. 2012 жылы тәуелсіздік күні құрметіне Бішкекке жақын жердегі Чон-Арык ауылында Қырғызстан флагштогы (жалау көтеріліп тұратын металл немесе ағаштан жасалған тік тірек) ашылуы өтті. Ал 2017 жылы қырғыз елінде президент сайлауы өтіп, Қырғызстанның төртінші президенті болып Сооронбай Жээнбеков сайланды.