Жаңалықтар

Сайттар сөйлегенде: бәскүрестің бәсі мен бәсіресі

ашық дереккөзі

Сайттар сөйлегенде: бәскүрестің бәсі мен бәсіресі

Өмірде адам көбінесе бақтала­сын жеңіп қана қоймай, жер­мен-жексен ету, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізу мақ­са­тымен күресіп-тіреседі. Бар күш-қуаты қарсы жақты жоқ қылуға немесе өзінен бір саты төмен қоюға, өзінің артықшылығын, артықша жаралғанын мойындатуға, жұртқа жария етуге бағытталады. Екіншіден, адам өзінің де, өзгенің  де күшін, кімнің қаншалықты мықтылығын, қандай деңгейге жеткенін байқау, анықтау әрі жаттығу, әдіс-амалын жетілдіру үшін күреседі. Ендеше: біріншісі – алысу-жұлысу, қырқысу-жыртысу, өзара өшпенділікті қоздыру, жауласу, ақырында қатары сиреу, әлсіреу болса; екіншісі – бірін-бірі жетілдіру, серігін көбейту, күш біріктіру, бірігу, жалпы даму болады әрі спорт немесе салауатты бәсеке деп аталады. Ең бастысы жанындағылармен жауласпай, достасу, жұдырығын жақынына емес, жауына жұмсау, соған дайындау – бәскүрестің бірінші бәсі. Адамның белсенді сәтіндегі қалыпты күйі екі аяғында тік тұру болса, жер тізерлеу немесе қолымен жер таяну бұл реттегі қалыпсыз күйге, қалыптан шығарылған тұрысқа (поза) жатады. Күрес-таласқа түскен кез келген адам әуелі қарсыласын қалыпты күйден шығаруды, тұрғылықсыз әрі шарасыз күйге түсіруді діттейді. Мысалы, құқық қорғау саласы өкілдері талап ететін екі қолды жоғары көтеріп тұру немесе алдыға созып, артқа салып, айқастырып тұру, екі аяқ арасын алшайтып, талтайып тұру, екі қолды жайып, мәшиненің бетжапқысына (капот) етпеттеу, жерге жату, теріс қарап тұру жайларының бәрі қалыпты күйден шығу, белсенділікті жоғалтқан қалыпқа түсу болады. Осы ретте қалыпты адам тізерлеп тұрып, жерде жатып, аунап, үсті-басын былғап, өзі де қалыпсыз күйге түсіп күреспейді. Өзі қарсыласының астында жатқан адамның «жеңісі» жеңіске, жеңгенге жатпайды. Яғни қалыпты, өзін, өзгені сыйлайтын адам, адам атына лайық адам тік тұрып, қарсы жақты қалыпсыз күйге жеткізгенше ғана күреседі. Бұл, яғни тізерлемеу, тізден төмен ұстаспау – бәскүрестің екінші бәсі. Бәскүреске, яғни қазақ күресіне өте ұқсас дзю-до мен самбода қарсыласының – қолын әлде аяғын қайырып ауырту, – тамағынан алып немесе жағасын мойына орап жіберіп буындыру, – былқ-сылқ еткізіп есінен тандыру, – жеңілгенін жер тоқпақтатып әлде ойбайлата мойындату әдістері кеңінен қолданылады, тіпті басты амалдың бірі де. Алайда қалыпты адам бірлікке бастайтын спорттық күресте мұндай әрекетке, қарсыласының аузы-мұрнын басып тұншықтыру, көзін шұқу, бетін тырнау, кіндіктен төмен ұру сияқты адам өміріне, қалыпты адам болып қалуына қауіп төндіретін амалдарға бармаса керек. Ендеше, спорт, спорттық күрес – қан майдан, шын майдандағы айқас та, шайқас та емес, бар болғаны бақ пен күш сынасып, әдіс-амал жарыстыратын ойын ғана. Бұл, яғни пышақтаса емес, құшақтаса күресу – бәскүрестің үшінші бәсі.  

Ыспандияр Ақайұлы

http://turki.kz сайтынан