Жаңалықтар

«Астана» биік асуды бағындырды

ашық дереккөзі

«Астана» биік асуды бағындырды

«Астана» футбол клубы қазақстандық жанкүйерлерге кезекті рет қуаныш сыйлады. Өткен аптада «Астана-Арена» стадионында Кипрдің АПОЭЛ командасын қабылдаған елордалық клуб Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықты. Еуропа лигасының топтық кезеңінде елордалық клуб киевтік «Динамо» мен француздардың «Ренн» және чехиялық «Яблонец» командаларына қарсы ойнайды. Ал кипрлік команданы 2:1 есебімен жеңгеннен кейін «Астананың» УЕФА рейтингіндегі позициясы бір саты (24,5 ұпаймен 55-тен 54-орынға) жоғарылады. «Астана» ойыншылары үшін АПОЭЛ-ді тізе бүктіру оңай болған жоқ. «Бұл нағыз финал болды. Мұндай ойындарды тек осылай ойнайды. Иә, қателіктер болды, бірақ команда жұмыс істеді, күресті. Ойыннан бұрын қосымша таймдарға да дайын болу қажеттігі айтылған. Ойында бізде де, оларда да гол соғатын сәттер болды, гол жіберіп алмағанымыз өте маңызды. Жігіттер нағыз ерлік танытты. Тағы да Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алдық, бұл орасан зор жетістік», – деді ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында елордалық ұжымның бас бапкерінің міндетін уақытша атқарушы Григорий Бабаян. «Астана» кипрлік командамен бі­рінші рет кездескен жоқ. Елор­да­лық клуб АПОЭЛ-дің осымен үшінші рет еурокубоктік додаларда жолын байлады. Осы жетістігімен «Астана» футбол клубы Еуропаның белді деген командаларын артқа тастағанын атап өткен абзал. Алайда кипрлік команда өздерінің жеңілісін мойындап отырған жоқ. Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында АПОЭЛ-дің бас бапкері Бруно Баль­тазардың сөзінен осыны ұқ­тық. «Мен кездесу алдында «Астана» ойынды үлкен күшпен бастай­тынын күтіп отырғанымызды айт­қан едім. Жіберілген голдан соң, қарымта шабуылдар арқылы ойнау­ға әрекет жасадық. Гол соғатын мүм­кіндіктеріміз болды, бірақ соға алмадық. Екінші таймда жақсырақ ойнадық, допқа иелік еттік, «Астана» қор­ғаныста көп күш жұмсады. Ойын аяқталған соң, төреші маған келіп, пенальти белгілеп қателескені үшін кешірім сұрады. Мен команданың атынан жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Пенальти үнемі лотерея. Біз төрешінің қателігі және сәтсіздік салдарынан жеңілдік», – деді Бруно Бальтазар. Айта кетейік, Еуропа лигасының жеребе тарту рәсімінде Германияның «Лейпциг», «Айнтрахт», Франция­ның «Бордо» коман­да­лары мен Ресейдің «Спартагы» елордалық клуб­тан дәрежесі төмен командалар се­бетіне түскен. Ал «Астана» енді топ­тық кезеңдегі алғаш­қы ойынын қыр­күйек айының соңына қарай өткізеді. «Астана» биылғы жылы отандық клуб­тар арасында еурокубок жарыс­та­рын жалғастырып келе жатқан жал­ғыз команда. Бұған дейін «Тобыл», «Ертіс», ел үміт күткен «Қайрат» та жарыс жолынан шығып қалған еді. «Астана» енді жыл соңына дейін топтық кезеңде жақсы өнер көр­се­тетін болса, Еуропаның үздік 50 командасының құрамына кіретін толық мүмкіндігі бар.