Спортқа қайта оралған саңлақтар

Спортқа қайта оралған саңлақтар

Спортқа қайта оралған саңлақтар
ашық дереккөзі
Ауыр атлет Илья Ильин үш жылдық үзілістен кейін спортқа қайта оралды. Ұзақ уақыт спорттық жарыстардан шет қалған зілтемірші Талдықорған қаласында өткен ел біріншілігінде чемпион атанды. Қазақстан чемпионатында 102 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен белгілі спортшы қос жаттығудың нәтижесінде 380 келіні (172+208) бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл – Илья Ильиннің 2015 жылдан бергі қатысқан алғашқы бәсекесі. Ол 2015 жылы Грозныйда өткен әлем біріншілігінде топ жарып, екі рет әлем рекордын жаңартқан. Содан кейін Илья допинг дауына ілігіп, спорттан шеттетілген еді. Соған қарамастан спортшы өзінің әлі де бабында екендігін көрсетті. Айып мерзімі аяқталған Илья Ильин қазір байрақты бәсекелерде бақ сынап, ел абыройын көтеруге сақадай сай. Қазақ халқының сүйікті спортшысына айналған зілтеміршіге қолдау білдіретін жанкүйерлер қатары да өте көп. Бұған Талдықорғанда өткен біріншіліктен кейінгі жұрттың қолдауы дәлел. Әлеуметтік желідегі парақшасында жеңіске жеткенін жариялаған спортшыға жанкүйерлер сәттілік тілеп, сағын сындырмауға кеңес берді. Тіпті, жанкүйерлер Илья Ильиннің 2020 жылы Токиода өтетін жазғы олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінетініне сенім білдіруде. Айта кетейік, допинг дауынан кейін Илья Ильиннің 2008 және 2012 жылдары Олимпиада ойындарында жеңіп алған алтын медальдары кері қайтарылды. Ал оның 4 дүркін әлем чемпионы және 2 дүркін Азия ойындарының чемпионы атағы өзінде қалды. Допинг дауына байланысты жаза уақыты аяқталып, спортқа қайта оралғандар қатарында ауыр атлет Зульфия Чиншанло да бар. Ол да Талдықорғанда өткен ел чемпионатында топ жарды. Қазақстандық спортшы жаңа салмақ дәрежесінде бақ сынады. Осыған дейін 53 келіге дейінгі салмақта жарыстарға қатысып келсе, жаңа ережеге сәйкес 55 келіге дейінгі салмақта жарысқа қатысатын болады. Ашхабадта өтетін әлем чемпионатына іріктеу болып саналатын ел біріншілігінде Зульфия Чиншанлоға тең келер қарсылас табылмады. Зульфия Чиншанлоның спорттық жарыстарға қатыспауы туралы жаза мерзімі мамыр айының соңында аяқталған болатын. Ел чемпионаты – Чиншанлоның допинг дауынан кейінгі алғашқы жарысы.