Тараз туристік орталыққа айналмақ
Тараз туристік орталыққа айналмақ
Туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Өйткені туризмді дамыту арқылы ел экономикасын оңтайландыруға үлкен мүмкіндік бар. Осы ретте еліміздегі бірқатар өңірлер туристік әлеуеттерін арттыруға ниетті. Солардың бірі – Жамбыл облысы. Өңірдің қазіргі бір мақсаты – Таразды туристік орталыққа айналдыру.
Апта басында Жамбыл облысында өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қатысуымен ішкі және сыртқы туризмді дамытуға арналған жиын өтті. Жиында облыс әкімі өңірдегі туризм кластерін дамытуға бағытталған жол картасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Жамбыл облыстық туризм басқармасының деректеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың қазан айында Тараз қаласында «Taraz-Aspara fashion week» атты сән апталығы өтеді. Аталған шараға әлемнің 16 елінен 3 мыңнан астам адам келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде Жамбыл өңірін күллі жаһанға таныстыруға мүмкіндік бермек.
Тараздағы туризмді дамытудың басты жолы – сән апталығы емес, әрине. Өңірде туристік әлеуетті арттыру мақсатында қолға алынған нақты жоспарлар мен шаралар жетерлік. Облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында сала мамандары Таразда туристерді алып жүретін төбесі ашық автобус жалдау жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Бірақ өңір басшысы мұның қажет еместігін бірден ескертті. Асқар Мырзахметов өз сөзінде сол автобусқа бөлінетін 8 миллион теңгені туризмді дамытудың басқа бөлігіне жұмсауға болатындығын баса айтты.
Облыс әкімі қарамағындағылардың назарын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай орнатылған монументке аударуын сұрады. «Монументтің жанында ақпарат алатын орын жоқ. Ескерткішті тамашалаған туристер ол жерден ешқандай мәлімет ала алмайды. Туризм басқармасы осы жерді ары қарай қалай дамытамыз деген мәселені шешу керек», – деді Асқар Мырзахметов.
Жиын соңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жауапты басшыларға туризм саласы бойынша нақты жұмыс жоспарын бекітуді, өңірде медициналық туризмді, фитотуризмді дамыту жөнінде тапсырма жүктеді. Аймақ басшысы «құр шөппен ауыз сүртпей», нәтижесі көрінетіндей жұмыс жасау қажеттігін қатаң ескертті.