Мектеп – білімпаз ұлттың байлығы

Мектеп – білімпаз ұлттың байлығы

Мектеп – білімпаз ұлттың байлығы
ашық дереккөзі
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Түркістан облысында 28 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушыларды білім нәрімен сусындатуға кірісіп кетті.  Шәкірттері жаңа мектеп ғимаратына кірген білім ордаларының бірқатары Ордабасы ауданында орналасқан. 2018-2019 жылғы жаңа оқу жылында аталған ауданда 3 мектептің жаңа ғимараты ел игілігіне берілді. Солардың бірі 35 мыңнан астам тұрғыны бар Шұбарсу ауылынан ашылды. 600 орындық жаңа ғимаратқа қоныс аудару салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы барып, таяу жылдары ауданда үш ауысымда білім беру мәселесі толықтай шешілетінін жеткізді. – Бүгін біз Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекеніндегі үш ауысымда білім беріп келген «Достық» мектебінің жаңа оқу ғимаратына қоныстануының куәсі болып, ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп отырмыз. Үш ауысымда білім беретін аудандағы қалған екі мектептің мәселесін шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп, аудан орталығындағы «Темірлан» және Амангелді атындағы мектептерінің орнына 600 орындық жаңа мектеп салу жұмыстары жүргізілуде. Демек, Ордабасы ауданы бойынша үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешілетін болады, – деген облыс әкімі мектеп ұжымына компьютер бөлмесінің сертификатын тапсырды. Жалпы, еліміз Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде Ордабасы ауданы бойынша 28 жаңа мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілсе, оның 5-і осы Шұбарсу елді мекенінде екен. Келесі жылы осы Шұбарсу елді мекенінде тағы бір мектептің құрылысын салу үшін тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Бір ғана «Достық» мектебі құрылысының конкурстық құны 831 млн 745 мың теңгені құраған. Оған ұлттық қордан, республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Бір жылда салынып біткен ғимараттың жалпы алаңы – 6949,6 шаршы метр. Мұнда 1180 оқушы оқиды. Оларға 120 ұстаз білім береді. Үш қабатты мектепте 24 оқу кабинеті, химия, физика, биология зертханалары, мультимедиялы-лингофонды және компьютер сыныптары бар. Сонымен қатар, кітапхана және оқу залымен қамтылған. Сонымен бірге, жаңа оқу жылында Бәйдібек ауданының Сарқырама, Түйетас, Бәйдібек ата және Тұрақты елді мекендерінде 150 орындық білім ошақтары пайдалануға беріліп, бүлдіршіндер мен ұстаздар, ауыл тұрғындары қуанышқа бөленді. Жаңа ғимаратқа қарық болған аудандардың ішінде Сарыағаш (7 мектеп) пен Мақтарал (4 мектеп) аудандары да бар. Ал Төле би мен Сайрам аудандарында және Арыс пен Түркістан қалаларында 300 және 600 орындық 2 мектептен пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Қазығұрт пен Жетісай аудандарына бір-бір жаңа мектептен бұйырды. Атап айтуымыз керек, осы аталған білім ошақтарының бірқатарының ашылу салтанатына (Жетісай ауданының Құзылқұм ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекенінде орналасқан 300 орындық жаңа мектепке, Сарыағаш ауданы, Ақжар ауылдық округінде орналасқан 600 орындық жаңа орта мектепке) облыс әкімі арнайы келіп қатысып, ел игілігіне беріліп отырған білім ошақтарына, біліммен сусындайтын бүлдіршіндерге сәттілік тіледі.

Сейітхан Зеберханұлы