Цифрлы хабар тарату — аса ірі әлеуметтік жоба

Цифрлы хабар тарату — аса ірі әлеуметтік жоба

Цифрлы хабар тарату — аса ірі әлеуметтік жоба
ашық дереккөзі
Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа моделі, бастапқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар және еліміздің цифрлы эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа моделін әзірлеу туралы тапсырма бергені белгілі. Елбасы тапсырмасын орындауды қолға алған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет мүшелері алдында баяндама жасап, биылғы 6 айда 9 миллионнан астам адам медициналық-санитарлық алғашқы көмекке жүгінгенін атап өтті. Медициналық көмекке жүгінгендердің консультациялық-диагностикалық қызметтеріне талдау жүргізе отырып министрлік қазақстандықтар хирург, офтальмолог, невролог-невропатолог, отоларинголог, акушер-гинеколог секілді бейінді мамандардың қызметтерін аса қажет ететінін анықтаған. Министрдің дерегінше, аталған мамандардың қызметіне 5 миллионнан астам тұрғын жүгінген. Денсаулық сақтау министрі өз сөзінде емханаларды ірі тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатынан ашу тәжірибесін қолдануды ұсынды. Бұл ретте Елжан Біртанов Астана қаласының «Үй жанындағы дәрігер» жобасын жүзеге асырудың тиімділігіне тоқталды. Аталмыш жоба бойынша қазір Астанада төменгі қабатта 3 медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгінде елімізде медициналық-санитарлық алғашқы көмек қызметтерін 524 медициналық ұйым көрсетеді. Олардың 29 пайызы – жекеменшік клиникалар. Сонымен қатар, осы жиында Денсаулық сақтау министрі ақ халаттыларға шектен тыс көп жүктеме түсетінін айтты. Елжан Амантайұлының айтуынша, елімізде сырқаттарға алғашқы көмек көрсететін әр дәрігерге 1950 адамнан бекітілген. Бұл ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдердің көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары. Сондықтан ведомство басшысы медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында қосымша 1531 учаске ашу керектігін алға тартып отыр. «Бекітілген халық санының азаюы дәрігерге түсетін жүктеменің кемуіне әкеледі әрі халықты профилактикалық тексерумен қамту деңгейі жақсарады. Мәселен, 2017 жылы медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 1 дәрігеріне күні қараған халықтың саны 90 адамға дейін төмендеген болатын. Нәтижесінде, бұл азаматтардың профилактикалық мақсатта қаралуының 18 пайызға немесе 2 миллион адамға дейін көбеюіне алып келді», – деді Елжан Біртанов. Министр өз баяндамасында денсаулық сақтау жүйесінде бейінді мамандардың жеткілікті екенін, дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз етілу 10 мың адамға шаққанда 31,2-ден келетінін айтты. Бұл ЭЫДҰ-дағы дамыған елдердің көрсеткіштеріне сай келеді екен. Одан әрі еліміздің бас дәрігері тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа үлгісі енгізілгеннен кейін бірқатар медициналық қызметтер тегін болып қалатынына тоқталды. «Биылғы мамыр айында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі әзірленіп, енгізіле бастады. Онда мемлекеттің міндеттері мен медициналық сақтандыру арасындағы нақты шекаралар анықталған. Кепілдендірілген тегін медкөмек пакеті барша халқымызға арналған ең төменгі әлеуметтік стандартқа айналады. Оған медициналық-санитарлық алғашқы көмек, шұғыл медициналық көмек, консультациялық-диагностикалық қызметтер, сондай-ақ, тегін дәрілік қамтамасыз ету мен негізгі, соның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша алғашқы медициналық көмек және жоспарлы стационарлық көмек кіреді», – деп түсіндірді ведомство басшысы. Сондай-ақ, биыл медициналық-санитарлық алғашқы көмекті цифрландыру аясында барлық медициналық ақпараттық жүйелерді кезең- кезеңмен біріктіруге және ел халқының электронды денсаулық паспорттарының бірыңғай банкін іске қосуға мүмкіндік беретін интероперабильдік платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін ел халқы электрондық денсаулық паспорттарымен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев дәрігердің алдындағы кезекті түпкілікті жою туралы тапсырма берді. Үкімет басшысы өз сөзінде медицина саласында кемшіліктердің әлі де бар екенін тілге тиек етті. Әсіресе, алыс ауылдардағы тұрғындар сапалы медициналық қызметке жеткілікті деңгейде қол жеткізе алмай келеді. Бұл мәселені шешу үшін Премьер-министр ведомство басшысының өңірлермен тікелей жұмыс жүргізуін міндеттеді. Үкімет отырысында талқыланған келесі мәселе – цифрлы эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу мәселелері. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, цифрлы телерадио хабарларын таратуға көшу «ірі әлеуметтік жоба» саналады. Сондықтан бұл салада жан-жақты әрі тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Аталмыш тақырып бойынша сөз алған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев цифрлы телевизияға алғашқы болып көшетін өңірлерді атады. «Цифрлы хабар таратуға көшетін барлық өңірде, атап айтқанда, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарындағы және Шымкент қаласындағы барлық стансада жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, осы аталған өңірлердің халқы 99 пайызға қамтылады. Жалпы, біз бұл жұмысты 2021 жылы толық тәмамдауды жоспарлап отырмыз. 2019 жылы Алматы, Павлодар және Қостанай облыстары, 2020 жылға дейін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Қызылорда облыстары көшеді. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалалары жаңа форматқа 2021 жылы ауысады», – деді Дәурен Абаев. Еліміз жаңа стандартқа көшкеннен кейін облыс орталықтарындағы тұрғындар 30-ға жуық, ауыл және аудан орталықтарында тұратындар 15-ке тарта телеарнаны цифрлы сапада тамашалауға мүмкіндік алады. Министрдің айтуынша, цифрлық хабар таратуға көшудегі бір артықшылық – радиожиіліктердің босайтындығында. Ал босаған жиіліктерді Ақпарат және коммуникациялар министрлігі байланыс саласындағы жаңа технологияларды дамытуға пайдаланбақ ниетте. Қазір министрлік байланыс операторларымен жан-жақты жұмысты да бастап кетіпті. Бүгінде еліміз бойынша радио-телевизиялық стансалардың жалпы саны – 827. Жыл аяғына дейін тағы 200-ге жуығын салу жоспарда бар. Қалған стансалардың құрылысы 2019-2020 жылдары аяқталуы тиіс.