Сапалы өндіруші мен сергек сатушы
Сапалы өндіруші мен сергек сатушы
Бүгінде ел экономикасын дамытуда отандық өнімдердің үлесін және экспорт әлеуетін арттыру аса маңызды. Ал еліміздің экспорттық әл-ауқатын арттырудағы басты мақсат – қазақстандық өнімдерді өткізу үшін жаңа нарыққа шығу, экспорттау аймағын кеңейту. Бұл ретте Қазақстанда маңызды шаралар қолға алынып, экспорттың жаңа бағыттарын дамытуға мән берілуде. Десек те, сыртқы нарыққа өнімдерімізді шығаруда еш кедергі жоқ деп айтуға әлі ерте.
Қазақстан 123 елге тауар экспорттайды
Қазіргі уақытта Қазақстан 123 елге 800-ге жуық тауар түрлерін экспорттап отыр. Соңғы бір жыл ішінде экспорт көлемі 27 пайызға өсті. Үстіміздегі жылдың мамыр айындағы көрсеткіштер бойынша, елдің сыртқы сауда айналымы бүгінде 21 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстан бір жылда сыртқы рыноктарға шығаратын тауар көлемін бірден 27 пайызға арттырып, 13,8 миллиард долларға жеткізген. Қазақстан экспортының басым бөлігі Еуропаға (59,1 пайыз) тиесілі. Қазақстан шет елдерге негізінен мұнай, газ, отын-энергетика өнімдерін сататыны белгілі. Бұл тауарлардың үлесі бір жылда 33,8 пайызға немесе 10 миллиард долларға өскен. Оның 92,4 пайызы ТМД-дан бөлек елдерге тиесілі. Негізгі экспорттық позициялардың қатарында металл өнімдері (бір жылдағы өсім – 13,3 пайыз), ауыл шаруашылық және тамақ өнеркәсібі өнімдері (өсім – 49,9 пайыз) бар. Қазақстан экспорттық бағыт пен шетелдік нарыққа шығарылатын тауарлардың санын көбейтуде. Техникалық реттеу комитетінің ұлттық аккредиттеу орталығы жыл сайын қазақстандық өнім түрлері 30 пайызға артатынына сенімді. Бұл тұста тауарларды сертификаттау мен олардың халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды. Еліміздің ILAC және IAF сынды әлемдік аккредиттеу ұйымдарына мүше атануының басты мақсаты да осы. Осының арқасында саудадағы техникалық кедергілер азайтылып, отандық экспорттаушылардың бәсекеге қабілеттілігі артады. Қазіргі таңда қазақстандық өнім Қытай, Жапония, Иран, Испания, Польша және ТМД елдеріне жөнелтіледі. Қазақстанның шет мемлекеттердегі басты нарығы – Орталық Азия елдері. Қазақ-стан экспорты дегенде ұзақ жылдан бері мұнай және мұнай өнімдері көшбасшылықты қолдан бермей келеді. Одан ары түсті металл мен қара металл, кен байлығы ауызға ілігеді. Содан кейінгі орынды дәнді дақылдар иеленеді. Биыл елімізде кейбір тауар түрлерін экспорттайтын жаңа өткізу нарықтары ашылды. Жыл басынан бері металлургиялық және химиялық өнімді өткізу нарығы кеңеюде. Енді Қазақстан машина жасау өнімдерін, құрылыс материалдарын Өзбекстанға, химия өнімдерін Украинаға жеткізуді бастады. Фармацевтикалық препараттар мен медициналық бұйымдар негізгі нарықтан бөлек биыл алғаш рет Моңғолия мен Вьетнамға экспортталды. Отандық өндірушілердің фармацевтикалық өнім жеткізу көрсеткіші 34 пайызға өсті. Ал еліміздің азық-түлік өнімдері шет елдерде үлкен сұранысқа ие. Атап айтқанда, ет және құс өнімдерін Ауғанстанға, Біріккен Араб әмірлігі мен Иранға, өсімдік майы мен балды Қытайға экспорттау басталды. Қазір Қытайға өсімдік майы, Өзбекстанға қант экспорты артса, Ресейге ет өнімдері, мал және өсімдік майлары, Иранға, Бахрейнге ет өнімдерін жеткізу мықтап қолға алынған.Алыстан әкелінген ет Алашқа мақтан ба?
Бүгінде еліміздің ет экспортына айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Бұл ретте алға қойып отырған ауқымды міндеттер тек ірі өндірушілер есебінен жүзеге асырылуда. Сондықтан, ірі ет өндірушілерді қолдауға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі қажет. Дегенмен, ет экспортын арттыруда қолбайлау болып отырған мәселелер де жоқ емес. Мысалы, мал басының көбеймеуі, соңғы үлгідегі технологиямен жарақтандырылған мал бордақылайтын фермалардың толық қуатында жұмыс істей алмай шығынға батуы маңызды саланы дамытуда әлі талай түйткілдің барын аңғартады. Жайылымдардың жетіспеушілігі де мал шаруашылығына кесе көлденең кедергісін тигізіп жатқанын салаға жауаптылар жасырмайды. Бүгінде әлемдік нарықта елімізден ет алуға ниетті мемлекеттер қатары көбейіп келеді. Өйткені Қазақстан жайылымды жер болғандықтан, әлемдік нарықта еттің табиғи тазалығы бойынша көш басында тұрған мемлекеттердің қатарында. Ал біздегі қордаланған мәселелер сұранысты толық қанағаттандыруға кедергі келтіретіні сөзсіз. Оның үстіне, еліміз әлі де болса ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен толықтай қамти алмай отыр. Әйтпесе, Қазақстанның шетелден ет импорттап несі бар? Сөзіміз дәлелді болуы үшін өткен жылы еліміздің шетелден 210 мың тоннаға жуық ет сатып алғанын айта кетейік. Деректерге иек артсақ, оның 170 мың тоннасына тең құс етінің 70 пайызы АҚШ-тың үлесінде, 23 мың тонна сиыр еті Беларусь, Ресей, Австралия, Парагвай, Бразилия, Польша елдерінен сатып алынған. 2017 жылы 1 мың тоннаға жуық қой етінің 90 пайызы Австралиядан тасылған екен. Биыл елімізде ет бағасы өзге азық-түлікпен салыстырғанда 8-10 пайызға қымбаттады. Сиыр еті – 9,9 пайызға, қой еті – 9 пайызға көтерілді. Қазақстанның мал етіне шетелдіктердің сұранысы артқан сайын ішкі нарықтағы ет бағасы қымбаттай беретіні анық. Бірақ қымбатшылыққа ет экспорты немесе тапшылық себеп емес екенін біреу білсе, біреу білмес. Жалпы, ет нарығындағы орташа бағаны көтеріп отырған жергілікті шаруа қожалықтары емес, нақ осы сырттан келетін еттің бағасы дейді мамандар. Мұны ресми статистикалық деректер де дәлелдейді. Ет импортының 83,7 пайызы алыс шетелдердің үлесіне, қалған 16,3 пайызы ТМД елдеріне тиесілі. Елімізде экспортқа бағытталған мал басының бәрі тек ірі шаруа қожалықтарынан алынады. Сондықтан, малдың аздығы ғана емес, өнімнің сапасы да өз алдына бөлек тақырып. Себебі Астана мен Алматыдағы ірі тамақтандыру нүктелері мал етін тек шетелден алдырады. Себеп – ет экспортымен кез келген кәсіпкер айналыса алмайды. Тіпті, қытайлық стандарт бойынша ет өңдейтін комбинаттардың, мал бордақылайтын алаңдардың осы тәртіпке қаншалықты сай екені тексеріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары талап өте күрделі болғандықтан, кез келген кәсіпкер ол тексеруден өте алмайтынын айтып отыр. Мамандар ет экспортының кәсіпкерлер үшін тиімді жоба екенін де тізіп үлгеруде. Қытай еліне 2017 жылы 153 бас асыл тұқымды жылқы экспортталған еді. Енді көрші ел қазақстандық ет өнімдерін тұтынатын болады. Одан кейін Қытайға қойды тірідей жеткізу де жоспарланып отыр. Қытай қазақстандық ет өнімдерін өз талаптары бойынша қабылдап алатыны сөзсіз. Яғни, экспортталатын тауарлар олардың стандарттарына сай болуы қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің мәліметінше, Қытай отандық ет өнімдерін екі шешім бойынша қабылдап алады. Яғни, кәсіпорындар талапқа сай келсе, мемлекеттік ветеринарлық қызметтің кепілі бойынша тауарды қабылдап ала береді. Болмаса қытайлық тарап өздері елге келіп, реестріне енгізеді. Осының бәрін есепке алсақ, қазақстандық ет экспортын арттыру үшiн ветеринария саласын жетiлдiру қажет.Астық экспортында кедергі көп
Аграрлы аймақ саналатын Қазақстан ең алдымен астықты экспорттауға мүдделі. Отандық астық – ел бюджетін қампайтатын, ел дамуына үлкен үлес қосып отырған өте маңызды саланың бірі. Дегенмен, кейбір себептерге байланысты еліміз астықтың өндірістік және экспорттық әлеуетін арттыра алмай отыр. Әлемдік экономиканың өсу көрсеткіші осыдан екі жыл бұрын айтарлықтай төмендеген тұста астық нарығы да біршама тұралап қалған еді. Артынша жаһандық сауда-саттық қайта жанданды. Ал астық экспорттаушы елдер үшін жағдайдың тұрақты болуы аса маңызды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, өткен жылы қазақ астығы мен ұнына 35 елден сұраныс болған. Негізгі бағыт – Орталық Азия мен Каспий аймағы елдері. Қытай, Түркіменстан және Иран мемлекеттеріне 7,8 миллион тонна астық пен ұн жеткізілген. Бұл – сыртқа шығарылған барлық астықтың 87 пайызы. Биыл елімізде астықтың жалпы түсімі 20 миллион тоннаға жетуі тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала жасаған болжамы. Өндірушілер мен сарапшылардың болжамына сүйенсек, биыл астық экспортының көлемі бұрынғы межеден алыстамайды, яғни, 7-8 млн тонна шамасында болады. Бүгінде Қазақстан алдыңғы қатарлы 10 астық экспорттаушы мемлекеттердің қатарына енеді. Өткен жылы 20,6 миллион тонна астық жинап, елімізді тұтас астықпен қамтып, 9 миллион тонна астықты сыртқа экспорттауға мүмкіндік туған болатын. Астық экспорты көлемі артқан сайын оны өзге мемлекетке жеткізу жайын жан-жақты қарастыруға тура келеді. Мысалы, өткен жылы астық тасымалдағыш вагондардың жетіспеушілігі байқалғанын Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев те мойындайды. Астық экспортын арттыру үшін транспорттық логистика инфрақұрылымын жақсарту керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеге де соңғы жылдары мықтап көңіл бөліне бастады. Ақтау және Баку порттарында астық терминалы тұрғызылып, қазіргі таңда жақсы жұмыс атқаруда. Түркіменстан территориясы арқылы Иранға баратын теміржол құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Қорғас шекарасы арқылы Қытай бағытында қатынайтын теміржол да салынған. Бұл әрекеттің бәрі Иран, Түркіменстан, Таяу Шығыс елдері мен Қытай, осы территория арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізілетін астық көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік тудырып тұр. Алайда астықты өткізу мәселесі логистиканың кесірінен жылдан жылға қиындап барады. Теңізге шығар тікелей жолдың болмауы салдарынан еліміздің астығын сыртқа шығару тым қымбатқа түседі. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың меселін қайтарады. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау нарығында күресу күннен-күнге күрделі болып бара жатқанын айтады. Өйткені соңғы уақытта нарықтағы жағдай айтарлықтай өзгерген. Яғни, бәсеке қыза түсті. «Шаруашылықтар бұрын өндірген өнімін өткізе алар емес. Осы тұрғыдан біз «өнімді көбейтіңдер» деп қыса түсеміз де, ал өткізу, сұраныс, сапа, экспорттық нарыққа шығу тетігі ескерусіз қалып қалды», – дейді министр. Отандық өнімдерді экспорттаудағы тағы бір мәселе – кәсіпкерлердің тек өндіріске мән беруінде. Яғни, қазақстандық кәсіпкерлер тек өнім шығарумен ғана шектеледі. Өз кезегінде бұл бизнестің дамуына кедергі келтіреді. Осыны ескерген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық ірі өндіріс орындары тауар шығарып қана қоймай, оны экспорттауды да өз мойнына алу қажеттігін алға тартады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ең алдымен тауарды алатын жер іздестіріліп, жеткізіп беру жағы қолға алынады. Тек содан кейін ғана зат өндіріледі. Сондықтан, қазақстандық кәсіпкерлер де осы мәселеге баса мән беруі тиіс. Дайынға үйренген кәсіпкерлер өндірген өнімді экспортқа шығару мәселесін де өздері шешуі қажет дегенді алға тартады мамандар. Жалпы, қазақ халқы жақсы өндіруші болуы мүмкін, бірақ жақсы сатушы екеніне күмәнмен қарайтындар көп. Сондықтан, отандық өнімдерді сыртқа саудалауда кедергіге тап болып жатамыз. Экспорттық әлеуетімізді арттырып, сауда-саттық саласындағы түйткілдерді болдырмас үшін былтыр ұлттық стратегиялық бағдарлама да бекітілген. Ал бұл бағдарламаның экспорттық әл-ауқатымызды арттыруға қаншалықты үлес қосатыны уақыттың еншісінде.